Жайықтан ұшқан аққу–жыр

2754

0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгереева биыл 80 жастың төріне шықты. Ақын мерейтойына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Өлең деп соққан жүрегі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

– Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым,

Тыңдадым сандуғаштың сүйкімді әнін.

Мен сенде сұлулыққа ғашық болып,

Гүліңе саусақ жайып ұмтылғанмын.

Мен де бір гүлің едім қырқада өскен,

Өзің деп арманым жоқ шырқап өтсем.

Көркіңе көктемдерде сән қосатын,

Қырыңа өз қолымнан бір тал ексем.

О, менің ардақты әкем, асыл анам,

Қызыңмын пәк үмітпен асыраған.

Өзің деп қобалжыған жүрегімнің,

Дүрсілін сенен қалай жасыра алам?!

Туған жері – Жайық өңірі туралы осылай ақтарыла жырлаған ақынның жан толқынысын сезінбеу мүмкін емес. Жалпы ақын шығармашылығында адами құндылық, ана махаббаты, ұлттық мүдде, отаншыл рух айрықша орын алады.

Кеш қонағы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, мемлекеттік стипендияның, «Құрмет» орденінің иегері Қатира Жәленова мерейтой иесі, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығы, қоғамдағы орны, ұлттық қадір-қасиет, отбасы құндылығын көтерудегі аналық ақыл-парасаты туралы ойын айтты. Сондай-ақ шығармашылық сапарлардағы есте қалған ерекше сәттерін әсерлі әңгімеледі.

– Қазақ әдебиетіне Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгереева қатар келді. Баспасөз беттерінде есімдері де қатар аталатын. Өздерінен бұрын өлеңдерін оқып, табиғатын, танымын, мінезін көңілге түйдік. Ең алғашқы «Қызғалдақты көктем» атты топтама жинаққа енген өлеңдеріме жақсы баға беріп, шығармашылығымды жоғары бағалағаны әлі есімде. Кейіннен шығармашылық байланысымыз ұлғайып, арамызда сыйластық орнады, – деді Қ.Жәленова.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова қазақ әдебиетінде көрнекті қолтаңбасы бар ақын шығармашылығы туралы айта келіп, сол сәтте туған жыр шумағын оқып берді.

– Сусыған мына тірліктің ұшы жібермей,

Ақ жібек арман ар туын биік тігердей.

Жайықтан ерке еседі самал жып-жылы,

Өлеңге сіңген өжеттік пенен жігердей!

Оқырман қауым осынау жыр шумағын ақ Жайықтағы ақын апайымызға ұсынылған бір шоқ гүл деп қабылдады. Сондай-ақ кеш аясында жас толқын ақын өлеңдерін жатқа оқыса, оқырмандар да шығармашылық иесіне арнаған өлеңдерін оқып, тыңдармандарды тәнті етті.

Жас ақындар, Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Әбдіхалықова және Қармақшы ауданынан келген Гүлжанат Кірекесова өлең арнады.

Кеште кітапхана оқырмандары, «Ұлағат» мектебінің оқушылары және «Өркениет» колледжінің бір топ студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыса, әнші Тоқжан Алтынбекқызы әсем әнмен әрледі. Сондай-ақ оқырман қауым ақын шығармашылығына арналған «Жайықтан ұшқан аққу-жыр» атты кітап көрмесін тамашалады.

Кешті облыстық кітапхана директорының орынбасары Айгүл Жанғабылова қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<