Жарқын бейнесі ел жадында сақталады

351

0

98 жасқа қараған шағында Социалистік Еңбек Ері, облыстың Құрметті азаматы Шырынкүл Қазанбаева өмірден озды.
Шырынкүл Қазанбаева 1920 жылы 12 қыркүйекте Шиелі ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Батыр анамыздың барлық өмірі осы колхозда диқаншылықпен өтіп, үнемі абырой биігінен көрінді.
1940 жылы Шиелі МТС-та 3 айлық трактор курсын бітіріп, соғыс жылдары осы Нартай ауылында әйелдерден бірінші болып тракторға отырды. Сөйтіп, соғысқа кеткен азаматтардың орнын жоқтатқан жоқ.
1946 жылдан Одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанға дейін осы шаруашылықта күрішші болып еңбек етті. Барлық уақытта жоғары өнімге қол жеткізіп отырды. Жыл сайын 20-30 гектардан күріш егіп, оның әр гектарынан  55-70 центнерге дейін өнім алды.
Еңбекшіл жанның адал, жанқиярлық еңбегі барлық уақытта мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.
1966 жылы Шырынкүл Қазанбаеваның есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылса, бірнеше рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал, 1972 жылы еңбектегі ерлігі үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Шырынкүл Қазанбаева республикалық, одақтық социалистік жарыстың озаты атанып, түрлі дипломдармен, алтын, күміс белгілермен марапатталған. Сондай-ақ, ондаған медальдің иегері.
Шырынкүл апамыз бүкіл Сыр жұртшылығының құрметті адамы. Еңбек зейнетіне шыққаннан кейін де жерлестерінің парасатты ақылшысы ретінде ынтымақ пен бірліктің жанашыры болды.
Ғасыр жасаған Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның жарқын бейнесі ел жадында сақталатын болады.

Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық мәслихаты,
 «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы,
Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесі.