«Жас лидер академиясы» жұмысын бастады

1428

0

Болат Өтемұратов қоры облыс әкімдігімен бірлесіп, «Жас лидер академиясы» бағдарламасын іске қосуда. Бағдарламаның мақсаты – 5-11 сынып оқушылары арасында көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, оны дамыту жолдарын қарастыру. Алдағы 5 күн ішінде қалалық және аудандық мектептерден келген мұғалімдер аудитория алдында сөйлеу, уақытты жоспарлау және басқару, өзін-өзі таныстыру, өзіне деген сенімділікті дамыту сынды дағдыларды үйренеді.

Екі апта ішінде облыс бойынша 25 мектептен 75 мұғалім тренингке қатысады. Олар факультатив сабақтардың бағдарламасымен танысып, курсты жүргізу әдістерімен айналысады. Әдістемелік құралдар қазақ мектептері үшін мемлекеттік тілде әзірленген. Тренингтік оқыту барлығына үйреншікті лекция түрінде емес, интерактивті нысанда өтеді.

– Бұл тренингте мұғалімдер факультатив сабақтарын өту, тақырыптар мен әдіс-тәсілдерді қалай қолдану керегін үйренеді. Мұнда өткен факультатив сабақтардың жиынтығын тек курс қатысушылары ғана пайдалануға құқылы. Тренинг аяқталып, қатысушылар курстан толық өткеннен кейін арнайы сертификаттар беріледі, – деді тренер Ербол Өмірзақов.

Тренинг аяқталғаннан кейін мұғалімдер өз мектептерінде «Жас лидер академиясы» бағдарламасы бойынша факультативтік сабақтар өткізе алады және одан әрі жұмыс істеу үшін келесі оқу жылында мектеп оқушыларына арналған толық материалдар пакетін алады.

Жалпы бұл жоба 5 жылға дейін жалғасады. Дәріс алатын 75 мұғалім бір жылдың көлемінде үйренген әдіс-тәсілдерін факультатив сабақтарында пайдаланып, есеп береді.

Айта кетейік ең алғаш Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 12 500-ден астам оқушысы «Жас лидер академиясы» бағдарламасының бірінші кезеңінде білім алды. Келесі кезеңде Жамбыл, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарында өтеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<