Жас ұрпақтың жұлдызын жаққан

703

0

Жас жеткіншектердің интеллектуалды тұрғыдан дамып, кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше. Оқушыларға қосымша білім беріп, уақытын тиімді ұйымдастыру олардың бойындағы қабілетін шыңдай түседі. Бұл жұмыстар қалада орналасқан Оқушылар үйінде жолға қойылған. 1500-ге жуық оқушыға қосымша білім беретін орталық балалардың дағдысын дамытып, талантын танытып келеді.

Қосымша  білім  беру  оқу-әдістемелік  орталығы балаларға тиісті деңгейде қолдау көрсету арқылы айрықша жетістіктерге жетіп отыр. Орталық алға қойған мақсаттарын айқындап, нақты жоспар мен бағдарламаларды, қажетті жобаларды жүзеге асыруда.

Қазір мұнда 4 бағыт бойынша 57 үйірме жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, «Көркем-шығармашылық», «Туристік-қолданбалы», «Бейіндік оқыту бөлімдері» және «ІТ IMAQORDA» балалар технопаркі. Сондай-ақ, әдістемелік ұжым мектепалды даярлық тобын құрып, 200 балаға білім береді.

Мұнда облыстық білім басқармасының және қалалық білім бөлімінің қолдауымен педагогтарға үнемі әдістемелік көмек көрсетіледі. Облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының филиалы көшпелі тәжірибе алаңын ұйымдастырады. Сонымен қатар, мектеп, облыстық кітапхана, музей, театр, жоғары және арнаулы оқу орындарымен тәрбиелік мәні зор іс-шараларды өткізуде бірлесе жұмыс істейді. Дәстүрлі түрде өтетін «Stop кадр» сурет байқауы, «РобоFest» робототехникалық сайысы, тақырыптық ән байқаулары, хореография және спорттық іс-шаралармен қатар оқушылардың білімін шыңдау үшін оқу пәндеріне байланысты интеллектуалды сайыстар да ұйымдастырылып тұрады.

– Біздің мақсатымыз – жасөспірімдерді мейірімділікке тәрбиелеп, рухани құндылықтарды дамыту, азаматтық және көшбасшылық қабілеттерін арттыру. Оқушылар жан-жақты болуға дағдыланып, тәжірибе жинақтайды. Үйірмелерде өз ісін жақсы білетін білікті педагогтар сабақ береді. Қазір оқушыларымыз түрлі деңгейдегі байқаулар мен сайыстарда топ жарып келеді, – деді орталық директоры Меруерт Әбдіқалықова.

Орталықтың педагогикалық құрамы педагог-зерттеуші, сарапшы, модератор, магистр, республикалық дәрежедегі жаттықтырушылардан тұрады. Олар түрлі семинарларда шеберлік сағаттарын, біліктілікті арттыру курстарында теориялық және тәжірибелік дәрістер өткізеді. Жас ұрпаққа жан-жақты білім беріп, тұлғалық дамуын қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті болу үшін аянбай еңбек етеді.

– Орталықта оқушылардың шығармашылық жұмысына, ізденуіне  мол мүмкіндік жасалған. Бізде шахмат пен тоғызқұмалақтан турнир өткізу, «RoboFest», «3D QYZYLORDA», «Stop Kadr», «Балауса-балдәурен» өнер фестивалі, «Жыр-аманат», «Абайдың сөзі – ақылдың көзі» байқаулары және бейіндік оқыту бағыты бойынша интеллектуалды сайыстар дәстүрлі түрде өтеді. Мұның барлығы оқушылардың креативті ойлауына, түрлі идеяларды қалыптастыруына, өз қабілеттерін шыңдауына көмектеседі, – деді орталық қызметкері Сәуле Қалыбай.

Былтыр облыстық телеарнамен жасалған меморандум нәтижесінде «Бала Орда» балалар телебағдарламасы жарыққа шықты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша бұл телебағдарлама арқылы оқушылар камера алдында еркін сөйлеуді, ойын нақты жеткізуді және оперативтілікті үйренеді. Сонымен қатар жыл сайын аталған іс-шаралардан бөлек балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру үшін «Жазғы тайм» танымдық-мектебі жұмыс істейді. Үздіксіз атқарылып келе жатқан жүйелі еңбектің нәтижесінде орталық ұжымы әр жыл сайын «Өнерлі шәкірттер самғатқан ұжым», «Жаңа идеялар жаршысы», «Үздік қосымша білім беру мекемесі», «Үздік мектептен тыс мекеме» номинацияларымен марапатталып келеді.

Ал педагог-мамандар – республикалық «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Әдістемелік вернисаж» конкурстарының, облыстық «Үздік қосымша білім беру педагогі», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік мұғалім», «Үздік әдіскер», «Талантты жас» сынды байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және облыс әкімінің «Сыр үміті», қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегерлері.

Сол сияқты оқушылар да спорт, көркем-шығармашылық бағыт, қолөнер, ІТ салалары бойынша халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Осындай еңбектің арқасында бірнеше оқушының аты-жөні «Қазақстанның үміт артарлары» жинағына енді.

Оқушылар үйінің жылдық жоспары, алдына қойған мақсаты бар. Алдағы уақытта да орталық жұмысының жанданып, талай талантты өрендердің жұлдызын жағатынына, жас ұрпаққа қосымша білім мен тәрбие беруде игі істер атқаратынына сенім білдіреміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<