«Красная ромашка» фильміне түскен жерлесіміз туралы не білеміз?
Қызылорда қалалық қосымша білім беру мекемесінің педагогі Айнұр Аманкелдіқызының мына әңгімесі өткен шақтың жарқын естеліктеріне құрметпен қарайтын көпшілікті бейжай қалдырмасы анық.
Арал қаласында тұратын 82 жастағы Аманкелді Махамбетов ақсақалдың осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп жүріп ерекше маңызды тарихи деректің куәсі болғанын, нақтырақ айтсақ, сол кездегі ГДР кинематографистерінің атақты татар ақыны Мұса Жәлел туралы түсірген деректі фильмінің кейіпкері болғанын өзгелер түгілі өз балалары да осы кезге дейін білмей келіпті. Бірде шай үстінде ол кісінің өзі бұл туралы қысқаша баяндап бергенде балалары таңғалады.
Аманкелді Махамбетов әскери борышын 1963 жылы атақты Потсдам қаласында өтеген. Потсдам – мың жылдан аса тарихы бар, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін үшінші рейхтің сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойған жеңімпаз мемлекеттердің Германияны оккупациялық аймаққа бөлу туралы атақты «Потсдам конференциясы» шешімі бекітілген тарихи қала. Дәл осы конференцияның шешімі бойынша Германия демократиялық және федеративтік екі мемлекетке бөлініп, астаналары да Шығыс және Батыс Берлин болып, арада алынбастай көрінген берік қамал – «Берлин қабырғасы» тұрғызылып, Потсдам ГДР еншісінде қалғаны да осы тұс болатын. Осы Потсдам қаласында әскери қызметін өтеп жатқан Кеңес жауынгерлерінің арасына ГДР-дің «DEFA» киностудиясы өкілдері келіп, атақты Мұса Жәлел туралы деректі фильм түсіріп жатқандарын, фильмдегі Жәлелдің досының ролін сомдайтын кейіпкерді іздестіре келгендерін айтқанда, жауынгерлер арасында мұндай тарихи таңдауға деген үлкен қызығушылық пайда болады. Бармақтай болса да бағы шығар, кино мамандарының барлық сұранысына сай келіп, қаншама жауынгердің арасынан таңдау қазақстандық Аманкелді Махамбетовке түседі.
Мұса Жәлел екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, бірнеше концентрациялық лагерьлердің азабын аяусыз тартып өлім жазасына кесілген. Кейінірек марқұм болып кетсе де, ерлікке толы өмірі, өлмес мұрасы, қапаста отырып жазған аса құнды жыр жинақтары үшін 1948 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1956 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы, ал атақты «Маобит түрмесінде» өлеңдер жинағына Мұхтар Әуезовтің арнайы дәнекер болуымен халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты атағы берілген. Татардың ұлы ақыны Мұса Мұстафаұлы Жәлел өткен ғасырдың бас жағында қазақтың астанасы болған Орынбор облысының Мұстафа ауылында 1906 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан ауылдағы қазақ балаларымен ойнап өскен ол, қазақ тіліне өте жетік болған. Мұса Жәлелдің досы ретінде қазақ жігітінің, Аманкелді ағаның таңдалуының негізгі себебі осы болса керек.
Осындай тарихи тұлғаның досының ролін әкелері Аманкелді Махамбетов сомдағанын, фильмнің атауы «Красная ромашка» екенін естіген балалары айран-асыр болып, дереу ғаламтордан іздестіруге кіріскен. Әдепкіде ағылшын тілі арқылы табылмаған фильмді Аманкелді ағаның Қызылорда қаласында тұратын баласы Нұрланның келіншегі Сәуле неміс тілі нұсқасынан тауып көрсете бастағанда, отбасы мүшелерінің толқынысында шек болмады.
Дүние жүзіне белгілі тарихи тұлға Мұса Жалелдің жанында жүрген жанары жарқыраған уыздай жас сарбаз, жиырма жастағы әке бейнесін көрген ұл-қыздары, немерелері уақыттың шексіз де қас-қағым екені, оны ұрпақ есінде мағыналы қалдырудың маңызды екенін де ұғынды. Жастық шақтың, өткеннің жанға жақын жарқын бір бөлшегін көрген Аманкелді ағаның да толқынысы балаларынан кем болған жоқ. Осы естелік өмір тарихы, отбасы тарихы ретінде де ұрпағының жадында ұзақ сақталатыны анық.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<