«Жазира Жайық» Сыр бойында

3031

0

Бейнелеу өнерінің баға жетпес көркемөнер туындыларын халықтың назарына ұсынып, сол арқылы Батыс Қазақстан облысының мәдени-тарихи мұрасын әр өңірде насихаттап, өскелең ұрпақтың ел мен жерге деген патриоттық сезімін ояту бағытында Сыр елінде «Жазира Жайық» тақырыбында көркемсурет туындыларының көшпелі көрмесі өтуде.

Көрмеде музей қорындағы әр жылдарда жазылған, тарихи-құнды көркемөнер туындылары, кәсіби қылқалам шеберлерінің 80-ге тарта туындысы назарға ұсынылған. Қазақстан бейнелеу өнерінің бастау бұлағында тұрған, оның қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірген майталман қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан мазмұнды көркем туындылар Сыр көрермендерінің де көңілінен шықты.

Бейнелеу өнерінің европалық түрі Батыс Қазақстан облысында ХХ ғасырдың орта шенінен өріс алып,1956 жылдан бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер көрмелері өткізіле бастады.

1977 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қоғамдық пәндер бөлімі базасында «Көркемсурет-графика» факультеті, Пионерлер үйі жанынан ашылған бейнелеу өнері студиясы негізінде 1979 жылы қалалық Балалар көркемсурет мектебі ашылды. Өз кезегінде бұл оқу орындары бейнелеу өнері саласында жаңа есімдердің шығуына ықпал етті.

1980 жылы желтоқсан айында Орал қаласында Мәдениет министрлігі көркемөнер көрмесі дирекциясының филиалы ретінде шағын қалалық көрме залы ашылды. Кейіннен көркемөнер туындыларын насихаттау залы болып, Мәскеу, Алматы, Санкт-Петербург және т.б. қалаларда түрлі тақырыптық көрмелер ұйымдастырып өткізді. Сондай-ақ, өңір суретшілерінің көптеген туындылары Астана, Алматы, Семей, Қызылорда, Қостанай, Шымкент қалалары мен облыс музейлерінде және Канада, Италия, Голландия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ және т.б. мемлекеттердің арт-галереялары мен жеке коллекцияларында сақтаулы.

Айта кетейік, көрме үстіміздегі жылдың 11 қарашасына дейін жалғасады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<