Жеке құраммен кездесу

2773

0

ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аймақтық орган қызметкерлері КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімовпен кездесті.

Отандық кинематография мен театр өнерінің мэтрі өзінің шығармашылығы, ойлары, алдағы жоспарлары туралы сыр шертті.

Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген, көрерменнің жүрегінен орын алған «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақырындағы» Шадияров, барлау, қарсы барлау қызметі туралы түсірілген, бүкілодақтық 11-кинофестивалінің жүлдегері «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов рөлі туралы қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

«Атаманның ақыры» және «Транссібір экспресі» фильмдері түсірілгеннен кейін артистке КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшылығы «Құрметті чекист» атағын табыстаған. Асанәлі Әшімов «Менің жанрым – күнделік» кітабы мен фильмдер жинағын департаменттің жеке құрамына табыстады.

Кездесу барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник С.Досмағамбетов қадірменді қонақтың Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері арасында патриоттық тәрбиені нығайту мақсатындағы кездесуге келгеніне алғысын білдіріп, актерге арналып шығарылған «Аңыз адам» атты өлеңді тарту етті.

Кездесуді  қорытындылаған ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, Ұлттық қауіпсіздік полковнигі Е.Замишев бұл аймақтық орган қызметкерлері үшін пайдалы кездесу болғанын атап өтіп, ұйымдастырған ардагерлер кеңесіне алғысын білдіріп, Асанәлі Әшімовке сый-сияпат көрсетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<