Желтоқсандықтардың мәселесі талқыланады

709

0

Арнаулы заң жобасы аясында желтоқсандықтардың мәселелері талқыланады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс жоспары аясында арнаулы заң жобасын әзірлеу көзделгені белгілі. Осы заң жобасын әзірлеу барысында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мәселелері де талқыланатын болады», – делінген Ералы Тоғжановтың жауабында. Оның атап өтуінше, саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде танылған азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңында айқындалған. Осы Заңда ақталған азаматтардың қамауда болған әр айы үшiн біржолғы ақшалай өтемақы төлеу белгіленген. Жергілікті әкімдіктер бюджет мүмкіндіктеріне қарай Желтоқсан қатысушыларына Тәуелсіздік күніне орай жыл сайын біржолғы материалдық көмек көрсетеді. «Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын табады. Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасына қатысушыларды әлеуметтік қолдау, қоғамдық-саяси іс-шараларға кеңінен тарту, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапаттау жұмыстары ұйымдастырылуда. Жалпы Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін жоспарлы түрде насихаттау, оларды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде және Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деді вице-премьер.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<