Жұмысшылар құқы қорғалады

58

0

Мемлекеттік органдар мен мұнай өндіруші компаниялар арасындағы келіссөздер жалғасын табуда. Кезекті меморандум «Қор» мұнай компаниясы» АҚ, «KAZPETROL GROUP» ЖШС, «Қуатамлонмұнай» БК» ЖШС-мен жасалды. Аталған мекемелерге облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов барып, ұжым қызметкерлерімен кездесті.

Алдымен облыс әкімімінің орынбасары «Қор» мұнай компаниясы» АҚ мекемесінде болды. Кездесуде компанияның бас директоры Дәулет Ұзақов кәсіпорынның облыстың ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқанын айтып, жұмыскерлердің жағдайына тоқталды. Осы уақытқа дейін 5 млн тоннадан астам мұнай өндіріп, әлеуметтік сала дамуына қомақты қаржы салған. 

– Кәсіпорын облыстағы ірі бизнес субъектілерінің қатарына кіреді. Бүгінгі таңда мұнда 258 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің еңбекақы деңгейін бәсекеге қабілетті дәрежеде ұстап тұруға ұмтылып келеміз. 2015-2022 жылдары облыстың әлеуметтік саласының дамуынан бөлек, түрлі қайырымдылық шараларына 471,8 млн теңге қаражат аударылды. Былтыр облыс әкімдігі және облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасымен өзара ынтымақтастық жөнінде үшжақты меморандум жасалып, 34 млн теңгеге 5 медициналық автокөлік сатып алуға қаржы бөлдік. Облыстық бокс федерациясы жұмысының жандануына 13 жылдан бері үлес қосып келеміз. Айта кету керек, 1995 жылдан бері компания тек спортқа ғана емес, білім мен мәдениетке де серпін беруде. Қала шетіндегі әл Фараби ауданы мен Қарауылтөбе ауылын жалғастыратын жолдың салынуына қолдау көрсетіп, балаларға арналған ойын алаңын да назардан тыс қалдырған емес. Біздің «Тұрақтылық және даму» ұранымыз алдағы уақытта да басты ұстанымымыз болып қала бермек, – деді  бас директор.

Мекемедегі еңбек ұжымының атынан Мақсат Балапанов сөз алып, жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде еңбек даулары болмағанын жеткізді.

Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары «KAZPETROL GROUP» ЖШС мекемесінде болды. Аталған кәсіпорын мұнай және газ орындарын барлаумен, игерумен және оны өндірумен айналысады. Мекеме «Kusto Group» халықаралық компаниялар тобына кіреді.

– Қазіргі таңда жылдық өнім көлемі 330 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта мұнай өндіруді 450 мың тоннаға дейін жеткіземіз деп үміттенеміз. Мұнайды екі бағытта – ішкі нарық және экспортқа сатамыз. Бұл ретте эскпорт орта есеппен 20-25%-тен аз. Серіктестікте 256 адам жұмыс істейді, оның ішінде 220-сы – дала еңбеккері. Компания жыл сайын өз қызметкерлерінің жалақысын индексациялап отырады. Жұмысшылардың орташа табысы 520 мың теңгені құрайды. Кәсіпорында 250 орындық заманауи ауысым қалашығы пайдалануға берілді. Бұл жерде спорт кешені, монша, кітапхана, жаттығу тренажерлері бар. Әріптестердің бос уақыттарын пайдалы өткізуіне барлық жағдай қарастырылған, – деді серіктестіктің бас директоры Ержан Тазабеков.

Келесі кездесу «Достық үйінде» «Қуатамлонмұнай» БК» ЖШС еңбеккерлерімен болды. Компанияның бас директоры Сяо Вэй бүгінде ұжымда қалыптасқан ахуал жайында, кәсіпорын алдында тұрған күрделі мәселелерге тоқталды.

– Мұнай бағасының жоғары болғанына қарамастан, бізге кедергі келтіретін бірнеше факторлар бар. 2013 жылдан бері мұнай өндіру көлемі 85 процентке дейін төмендеді. Компанияда 450 адам жұмыс істейді. Табылған мұнай өнімінің 2013 жылдан бері ішкі нарыққа жұмсалуы 13-тен 70%-ке көтерілді. Ал осы жылдың маусым айында 85%-ке жоғарылады. Дәл қазіргі жағдайда бұл процент жыл аяғына дейін өседі. Бірақ қаншалықты рас екенін біз де білмейміз. Ал егер  осы көрсеткішке жететін болса, біздің компанияға қиын болады. Дәл қазіргі мекеменің қаржылық жағдайы өте төмен, – деді бас директор.

Кездесу барысында Еңбек кодексінің сақталуы, басшылық тарап пен ұжым арасындағы ашық диалог, аутсорсинг мәселесі қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары билік жергілікті жұмысшылардың құқын қорғап, оларға әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.

– Жаңа айтып өткенімдей, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру – басты назардағы мәселе. Осы орайда, өткен жылдан бері облыстағы 38 кәсіпорында 8 мыңнан аса жұмыскердің жалақысы 50 процентке дейін артты. Қоғамдағы кез келген іс-әрекетке дер уақытында жауап беріп, шиеленіске жол бермей, оңтайлы шешім қабылдау – біздің басты міндетіміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын соңында облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақ аталған компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»