Трактордың тілін жетік білген

144

0

Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Кеңес одағы кезінде қазақ қыздары ер адамдардан қалыспай, ауыл шаруашылығы техникасын игерді. Уақытпен санаспай үйдің де, даланың да жұмысына үлгеріп, тер төкті. Солардың бірі – Жалағаш ауданы «Ақсу» ауылының тұрғыны Мариямкүл Құдабаева.

1973 жылы мектеп бітірген ол жоғары оқу орнына түсуде жолы болмай, ауылға қайтып оралған. Оқуға түсе алмадым деп уақыт өткізу ол кезде ерсі еді. Ешкім үйде құр қарап жатпайтын. Мариямкүл апа да уақытты зая кетірмей, 19 жасында бұрынғы СПТУ, қазіргі агроколледжде тракторшы мамандығының қыр-сырын меңгерді. 1974 жылдың көктемінде егістік басындағы қара жұмысқа кірісіп, мамандығы бойынша еңбек етті.

– Біздің ауыл егін және мал шаруа­шылығымен қатар айналысты. Біз екі бағытқа да бірдей атсалыстық. Ауыл ішінде бәрі мені жақсы көріп, сыйлады. Марқұм ағаларым, совхоз директоры Темірхан Бекжанов, партия ұйымының хатшысы Біржан Көштаев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Қайып Қалжановтың көмегі зор болды. Шаруашылықты сапалы техникамен қам­тамасыз етуге үлес қосты. 1978 жылдың күзіне дейін трактор айдадым. Сол жылы күзде совхоздың комсомол комитетінің хатшысы болып сайландым. Екі жылдай осы қызметте жүріп, тұрмысқа шықтым. Кейін аудан орталығына ауысып, 1979 жылдың соңына таман аудандық кітапханаға қызметке орналастым. Сол жерде зейнетке дейін енбек еттім, – дейді Мариямкүл Құдабаева.

Апамыз тракторшы болып жүріп аудандық кеңестің екі мәрте депутаты болып сайланды. Партия қатарына өтті, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болды. Еңбек адамдары төрге озған заманда бұл қызметті де абыроймен атқарды.

Трактордың тілін жетік білген

– Ер адамдармен жұмыс істеу қиын деп айтпас едім. Қайта олар қиналғанда көмектеседі, далаға тастап кетпейді. Ауыл азаматтарының ауызбірлігі жоғары. Ортамыздағы жалғыз қыз деп сыйлайтын. Жазда мал азығын дайындаймыз, қыста егістік жерге көң, малдың шөбін тасимыз. Шаруашылық болғасын жұмысы толастамайды. Соның бәріне үлгердік, – дейді тракторшы.

Апамыз жолдасы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қон­дырды. Бүгінде балалары мен неме­релерінің ортасында.

Келесі кейіпкеріміз де Жалағаш ауданынан. М.Шәменов ауылында тұратын Қалимаш Мақұлбаева трактор рөлін 18 жасында тізгіндеген. Бүгінде балалары мен немерелерінің қызығы мен қуанышына бөленіп отыр. Жас кезінде тракторшы болғанын естіген немерелері таңдана әрі сенбестікпен қарайды екен.

– Сегізіншіні бітіргесін ауылдан 10 қыз кәсіптік-техникалық училищеге механизатор мамандығы бойынша оқуға түстік. Еңбек жолымды туып-өскен ауылымда трактор айдаудан бастадым. 50 сом жалақы, 600 сом сыйақы беретін. Жастықтың буымен сонда еш қорқуды білмейтін едік. Қатар оқыған Күміскүл құрбыммен бірге қандай жұмыс тапсырса да жүгіріп кете беретінбіз. Арасында аспаз да болдым, рацияда да отырдым. Бірақ тапсырма болса, кез келген уақытта тракторымды оталдыруға дайын тұратынмын. Тұрмысқа шыққаннан кейін де жолдасымның, енемнің рұқсатымен жұмысымды жалғастырдым, – дейді еңбек ардагері.

Кейіпкеріміз он жылдан көп уақытын ауыр техника тізгіндеуге арнады. Тек тосыннан келген апат кесірінен сүйікті жұмысынан қол үзді.

– Бір күні қайнағамның тракторына екі-үш әйел мініп, бақшаға барғанбыз. Қайтар жолда апатқа ұшырап, жолаушылардың ішінде маған ғана зардабы тиді. Аяқ-қолым істемей қалып, екі айдай ауруханада жатып шыққан соң мені мүгедек деп есепке алды, – дейді Қалимаш Мақұлбаева.

Тракторшы сөз арасында жастық шағындағы естелігін бөлісті.

– Туған ауылымда, Т-28, Т-40 маркалы трактор жүргіздім. Өзім келін боп түскен Шәменов ауылында әуелі ескі «Беларусь» тракторын, кейін Т-80 тракторының тізгінін ұстадым. Соңғысы жап-жаңа Т-82 тракторы болды. Оның арасында бала күтімімен демалыста болдым, бақша екке­нім бар. Бас-аяғы 10 жылда 5 трактор ауыс­тырыппын. Трактор бұзылып қалса, тоқтап қалған орнымда жеңіл-желпісін өзім жөн­деп алатынмын. Білмеген жерімді ғана механиктерден сұраймын, – дейді ол.

Трактордың тілін жетік білетін кейіп­керіміз жеңіл көлікті де бірден үйренген. «Үйде балалардың көлігін оталдырып жүре беремін» дейді тракторшы апамыз.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»