Облыста жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауқымды жобалар қолға алынған. Жұртшылықтың табысын арттыру және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін мемлекеттік бағдарламалар нәтижесін көрсетіп келеді. Осал топтарды қолдауға, еңбек қатынастарын реттеуге және инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар да бар. Ең бастысы, әлеуметтік көмектің шын мұқтаждарға жетуіне басымдық берілуде.
«2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында биыл 34685 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 6703 адам жұмысқа орналасып, жоспар 19,3% орындалды. Оның ішінде тұрақты және уақытша жұмыс орындары қатар қамтылып, еңбек нарығында белсенділік артып келеді.
Тағы да деректерге жүгінсек, 25755 тұрақты жұмыс орны жоспарланып, қазіргі таңда 2590 адам қамтылды, 4113 адам уақытша жұмысқа орналасты. Бос орындарға 1752 адам тікелей орналасса, субсидия арқылы 4 025 адам еңбекке тартылды. Оның ішінде жастар тәжірибесіне 157, ақылы қоғамдық жұмыстарға 3693 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 15 адам, «Күміс жас» жобасы арқылы 160 азамат бар.
Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы да уақытылы жүзеге асуда. Бұл бағытта 838 жұмыс орны құрылып, жоспар 7,9% орындалды. Сонымен қатар ұлттық жобалар аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 12 826 адам жоспарланса, қазіргі уақытта 8306 адам қамтылды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 488 адам оқуға жолданып, оның 206-сы курсты аяқтады. Ал цифрлық оқыту бойынша көрсеткіш жоғары: skills.enbek.kz платформасы арқылы 1351 адам оқудан өтіп, 1290 адам толық аяқтап, сертификат алды. Бұл онлайн білім беру жүйесінің тиімділігін дәлелдейді.
Сәуір-мамыр айларында солтүстік өңірлер өкілдерінің қатысуымен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері өңірде 25 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1235 вакансия ұсынылды. Жәрмеңкеден соң 222 адам тұрақты жұмысқа, 446 адам уақытша жұмысқа орналасса, мыңнан астам адам кәсіби кеңес алды.
Биыл Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстары айқындалып, 29 сәуірде «Құзыреттілік орталығында» солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл бағыттағы шаралар жалғасады.
Еңбек ресурстарын тиімді бөлу мақсатында көші-қон бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Биыл солтүстік өңірлерге 22 отбасы қоныс аударды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысына 5, Абай облысына 1, Қостанай облысына 8, Павлодар облысына 8 отбасы.
Қазір атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға ғана беріледі. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға жетуін тапсырған еді. Соның нәтижесінде көмек алушылардың саны жыл сайын азайып келеді. Айталық, жыл басынан 2823 отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, осы отбасылардағы 4467 балаға қосымша төлем төленді. Жергілікті бюджет есебінен 562 адамға әлеуметтік төлем берілсе, бұдан бөлек, 2170 адамға қайырымдылық көмек көрсетілген.
Еңбекке қабілетті азаматтарды қолдау мақсатында әлеуметтік келісімшарт аясында 91 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында 815 мемлекет қамқорындағы адамға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Күндізгі бөлімшелерде 311 адамға, жартылай стационар жағдайында 475 мүгедектігі бар адамға және өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылды. 127 зейнеткер мен өмірлік қиын жағдайда қалған 119 адам қызмет алды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






