Ерлік дәріптеле береді

5

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды, жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі.

– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Бір­тұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді. Наурыз айындағы консти­туциялық реформа – соның айқын дәлелі. Саяси науқан кезінде біз ең алдымен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, тарихи таң­дауы­мызды жасадық. Бә­ріміз бір ел болып, жаңа Консти­ту­цияны қабыл­дадық. Мұны ұлт бола­шағына тікелей ықпал ететін аса маңызды шешім десек, қате болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Консти­туция мемлекеттігіміз бен егемен­дігіміздің мызғымас кепілі екенін атап өтті.

– Бас құжатта халқымыздың мүд­десі, мақсат-мұраты мен бірегей құндылықтары көрініс тапты. Жаңа Ата Заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, бірлігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқын­далды. Адам капиталын, білім-ғылым­ды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ре­тінде бекітілді. Осылайша, біз Заң мен тәртіп үстемдік құратын, баршаға бірдей мүмкіндік берілетін, Әділетті, Қуатты, Өркениетті мемлекет құру жолына бет алдық. Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын. Ырыс­ты ынтымағымызды және бере­келі бірлігімізді сақтай білсек, осы мұратымызға жетеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент егемен еліміз Қарулы күштерге зор сенім артып отырғанына тоқталды.

– Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтас­тығын қас қақпай күзетіп тұр. Күш­тік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуде. Құтқару­шылар қатерден қаймықпай азамат­тар­дың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауынгерлеріміз күр­делі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітім­гер­лік миссиясын дербес орындау мәрте­бесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаз­дарымыз арнайы жасақтар мен күштік құрылымдар арасындағы жаһандық додаларда тамаша жетістікке қол жеткізіп жүргенін айтты.

– Биыл Дубайда өткен ауқымды халықаралық жарысқа еліміздің бес командасы қатысып, жүлдемен орал­ды. Байрақты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы еншіледі. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды. Мұның бәрі де – рухы мықты, қажыр-қайраты мол, Отан алдындағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі екені айқын. Мем­лекет осындай айбынды жауынгер­лерімізді қашанда қолдайды. Бұл – ең алдымен, ел мүддесі үшін, яғни, ұлтымыздың келешегі үшін аса маңызды міндет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығай­тып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қыз­меттердің беделін көтеру – негізгі мем­лекеттік басымдықтар мен мін­деттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңіл­діктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадр­лық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бө­лінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Заң және тәртіп» идеологиясын орнықтыру –  жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.

– Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, аңыздағы немесе қолдан жасалған «батырларды» емес, бұрынғы және бүгінгі нағыз қаһармандарды құр­мет тұтатын үйлесімді қоғам құруы­мыз қажет. Туған елі мен хал­қының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс. Олардың қатарында қаза тап­қаннан кейін ерліктері мен батыр­лықтары еленіп, орден-медальмен мара­патталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар, арнаулы орган қызмет­керлері де аз емес. Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық наградаға қатыс­ты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Біздің мақсатымыз – батыр­ларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ерлік ешқашан ескірмейді.

– Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлелдеп келді. Даңқты ерлеріміз Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алай­да көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауын­герлердің есімін ұрпақ жадында сақ­тауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

– Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көр­сеткен, майдангерлердің рухын көтер­ген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да мықты қолбасшылар, сондай-ақ жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журна­листер де жазды. Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» ата­ғын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына кел­тіріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел екенін жеткізді.

– Біз кез келген қақтығыс дипло­матиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс деп есептейміз, әрқа­шанда «ас пен тас» стратегиясын жүргізуге дайын болуымыз қажет. Біз халықаралық құқық қағидаттары мен нормалары қатаң сақталуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын ны­ғайта береді. Осы мызғымас ұстаным­дар жаңа Ата Заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорға­ныс қабілетін күшейтіп, әскері­мізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымызда «Батыр елі үшін туады» деген сөз барын, елге қорған болу ең абыройлы қызмет екенін айтты.

– Нағыз патриот азамат үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Күштік құрылым қызметкерлерінің күнделікті табанды еңбегі ел үшін жасалған ерлік екені сөзсіз. Сіздер әрқайсысыңыз сертке берік болып, Отан алдындағы міндет­теріңізді мінсіз орындап жүрсіздер. Мен Мем­лекет басшысы және Жо­ғарғы Бас Қолбасшы ретінде бар­шаңыз­ға шы­найы ризашылығымды біл­діремін. Бүгін сіздерге әскери атақ пен сыныптық шен беру туралы тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұған қоса бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Баршаңызға құтты бол­сын! Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді, туған елге адал болуды үйренеді. Сіздер жастарға үлгі болып, жол көрсетіп, әрдайым ұлт мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Айбынды армиямыздың абыройы арта берсін! – деді Президент.