Жол инфрақұрылымы: Ендігі меже – 95 пайыз

337

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланып, жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берілді.

– Биылғы меже – жақсы жағдайдағы жолдың үлесін 95 пайызға жеткізу. Былтыр жөндеуден өткен жолдардан анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіріп, қаржының толық игерілуін қамтамасыз етіңіздер. Автомобиль жолдары мен көшелерді салу, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Жобалардың мерзімінде аяқталуын басты назарда ұстаңыздар, – деді облыс әкімі.

Облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3545 шақырым болса, оның 1024,5 шақы­рымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965,5 шақырымы аудандық маңызға ие.

Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 44 млрд 703 млн теңге қаржы бөлініп, 300 шақырымнан астам автомобиль жолы, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілді.

Биыл 33 млрд 602 млн теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеу жоспарланған.

Өткен жылдың соңында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жол­дары­ның жақсы және қанағаттанарлық инди­каторлық көрсеткіштерінің үлесі 92,5% болса, биыл бұл көрсеткіш 95%-ға жеткізілмек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі