Байқоңырдағы қазақ балалары Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәнін қашан оқиды?

750

0

Байқоңырдағы Қазақстан балабақшаларында 460 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқоңыр қаласының 7 мектебінде оқыту Ресей Федерациясының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Бұл мектептерде қазақстандық балалар да оқиды. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратындықтан, олар үшін Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін білу маңызды болып табылады. Мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін Ресей Федерациясының Оқу-ағарту министрлігінің рұқсаты қажет», – деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, Байқоңыр қаласындағы ресейлік мектептерде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту туралы мәселе Білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 22-ші отырысының күн тәртібіне енгізілді. Отырыс 2020 жылғы 10 қарашада өтті.

«Алайда Байқоңыр қаласы бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бөлек отырысында қараудың орындылығы туралы шешім қабылданып, аталған мәселе күн тәртібінен алынып тасталды. Байқоңыр қаласындағы 7 мектептің біреуін Ресей Федерациясының балансынан алып Қазақстанның коммуналдық меншігіне беру мәселесі де білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кезекті комиссияның отырысында қарастырылатын болады», – деді Асқар Мамин.

Бұл ретте, Үкімет басшысы Қазақстан Республикасының азаматтарын қазақстандық Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары бойынша оқыту мәселесін шешу үшін 2019-2020 оқу жылынан бастап № 275 орта мектептің базасында орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптар (1-4 сыныптарда – 80 оқушы, сондай-ақ мектепалды даярлық сыныбында – 22 тәрбиеленуші) ашылғанын айтады.

«Сонымен қатар 2020 жылы Қызылорда облысының әкімдігі Ресей Федерациясы мектептеріндегі қазақстандық 5-11 сынып оқушылары үшін 2020-2021 оқу жылында Қазақстан Республикасы стандарты бойынша орыс тілінде оқытылатын сыныптарды (№ 275 мектеп базасында) ашу бойынша ұйымдастыру жұмысын жүргізді. Келешекте орыс тілінде оқытатын қосымша сыныптар ашуды жалғастыру жоспарлануда. Көтерілген мәселелер Үкіметтің бақылауында», – деді Премьер-Министр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз