Баланың таңдауы болашағын айқындамай ма?

1225

0

Мамандық таңдау, үлкен өмірге сеніммен аттану әр мектеп түлегінен талап етіледі. Оқушы білімі, икемі, тынымсыз ізденуі мен қажымас еңбегі зор маңызға ие.  Демек, жастар өздері қалаған кәсіптің шебері болуы үшін таңдаудың дұрыс болғаны жөн.

Әсемпаз болма әрнеге,                      

Өнерпаз болсаң, арқалан.                   

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан! – деген Абайдың ұлағатты ойы – әр адамның болашағына сіл­тенген жол. Бос селтеңдемей, орныңды тап деген үлгі сөз.  Ал біз ойшылдың осындай ойы­нан тағылым алып, өнегесін өмі­рімізге бағ­дар­шам ете алдық па? Жас ұр­пақ айтылған сөзді бойына сіңіріп, еңбекке, болашаққа деген ұмтылысын жани алды ма? Қайраты мен ақылын әр ісінде пайдаға асырып, кемеңгердің айтқанын орындап жүр ме?

Бұл енді басқа мәселе. Сонымен мектеп қабырғасынан шыққан жас түлек өмірден өз орнын таба ала ма? Он жыл оқыған білімі мен тәрбиесінен болашағына азық алды ма? Сұрақ сан алуан, әрқайсысына жауап беруге тура келеді.

Ұзақ жыл білім саласында жұмыс істеп келе жатқандықтан шәкірт­те­ріммен ертеңгі күн жайында, ма­мандық ту­ралы жиі ой бөлісіп тұра­мын. Кей­бірі көкейдегісін ашып айт­паса, кейбірі ар жағындағыны жайып са­лады. Біз жастарға: «Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек» дегенді жиі айтамыз. Дұрыс сөз, оң пікір. Екеуі де жастардың өмірлік болашағын ойлағандық болып есептеледі. Бұл кемеңгер ақынның айтқанымен үндесіп жатыр.

Мамандық таңдау – жауапты іс. Бұл жас ұрпақтың келешегі, сол кәсіп ар­қылы олар өмірлік азығын табады, отбасын асырайды, тіршілік етеді. Жо­ға­рыда айтқандай, оқушылар ма­ман­­дық таңдау барысында көбіне ата-ана­ларының шешімі негізгі роль ат­қаратынын айтады. Баланың қалауы емес, әке-шешесінің айтқаны болады. Оның киімін көк, тамағын тоқ ететін, ақылы оқуына ақшасын төлейтін – ата-ана. Тағы бір ерекшелігі, олар ба­ла­сының таза жерде жұмыс істе­генін, заңгер, дәрігер, мұғалім, т.б. болғанын қалайды. Дәнекерлеуші, жүргізуші, малшы се­кілді кәсіптерді соңғы орындарға қоя­ды. Ауыл шаруа­шылығында егін егіп, жер жыртқан механизатордың табысы әжептәуір екендігін есепке алмайды. Көбісі ба­ласының қандай кәсіпке бейім екенін де ескере бермейді. Ол үшін баланың мұғалімімен ойласуы жөн болатынын қаперге алмайды. Осы жерден біз заңгер қыламыз деп тамаша механизатордан, дәрігер етеміз деп мықты дәнекерлеушіден, мұғалім етеміз деп малшыдан айырылып қалып жүрген жоқпыз ба?

Жаңа технологиялық өзгерістер кезеңінде көптеген мамандықтың іс­ке аспай қалуы мүмкін екеніне жо­­ра­малдар айтылуда. Бұл – шын­дық. Демек, мұғалім мен ата-ана­ның міндеті – баланы заманауи кәсіп­терге бейімдеу. Өмірімізге ақы­лы оқу енгелі жоғары оқу орнын бітіру ештеңе болмай қалды. Қазір кей­біреулердің бірнеше дипломы бар, бірақ іске асып жатқан бірі жоқ. Жұмыссыздық бар, қиын кәсіптерге жастардың барғысы жоқ. Көбі саусағын қимылдатпай көп ақша тапқысы келеді. Нарық заманы бұған көнбейді. Кім еңбек етсе, маңдай терін сыпырып алса, сол ауқатты тұрады.

Кейде оқушыларыма «сендер ақы­лы оқуға түссеңдер, өздерің емес, ата-ана­ларыңның ақшасы оқиды» деймін. Мұным біреулердің көңі­лі­не тиюі мүмкін, дегенмен, шындық осы. Мектепті орташа оқыған оқушы­ның грант жеңіп алғанына таңғал­маймын. Тек соның қандай маман боларына қапаланамын. Сондай кәсіп иелері еліміздің гүлденуіне үлес қоса ала ма? Бір ауылдасым нашар оқитын баласын негізгі мектептен шағарып алып, колледжге берді. Онлайн оқу. Тым жақсы шәкіртақысы бар. Сол оқу бітіргесін мамандығы бойынша қыз­мет істеп кете ала ма?

Жоғары оқу орындарындағы  кей оқытушылардың студенттер біліміне көңіл бөле бермейтінін естіп жатамыз. Әлгіндей ақысы төленсе, сту­­­дент еш­теңеден қиналмайды. Ілге­рі­­­ректе инс­титутта оқитындар жат­пай-тұр­­май курстық жұмыстар жа­зып, ре­фе­раттар тап­сырып, үздіксіз оқып дағ­ды­ланатын, бі­лімдері де тиянақты бола­тын. Ал қазір кей оқу бі­тірген­дерден естуімше, дайын жұ­мыстарды оқытушы­ларының көмегі­мен көшіріп беріп, сынақтан өте шығатын сы­ңайлы. Бұл кімге пайда, кімге зиян, әрине, институт бітірушіге еш пайдасы болмайды. Олар көбіне дипломды жұмыссыздар қатарын көбейтеді. 

Пандемияға байланысты онлайн оқу білім сапасын тіпті түсіріп жіберді. Мектептегі білім тиянақты, терең бол­маған соң оқушы ертеңгі үлкен өмірде қиындық көрмей тұрмайды.  Сол кезде ол мектебін, мұғалімдерін кінә­лауы бек мүмкін. Ал барлық істің түйіні өзіне келіп тірелетінін ойласа, ақылына салса, бәрін басқаша түсінер еді. Шындығында, өзі ұмтылып, тал­пынбаған, талаптанбаған жастарға қиыншылық көптеп кездеседі. Оны тек есейе келе, ақыл тоқтатқасын ой сарабына сала ұғынуы мүмкін, бірақ бұл кезде кеш болады. 

Сонымен бала мамандық таң­даса, мүмкіндігінше оның еркін­дігіне тос­­қауыл қоймаған жөн. Өз бола­шағын өзі қалап, өзі шешім қабыл­дағаны дұрыс. Ата-ана мен мұғалім оған бағыт-бағдар беруі ғана керек. Түптің түбінде ата-ана да, мұғалім де ол қалаған кәсіппен айналыспай­ды, таңдаған кәсібінің ыстық-суығын көретін, қиыншылығы мен қызығын басынан өткеретін оның өзі болмақ. Таңдаған ісінің нәпақасымен болаша­ғын жалғастырады. 

Өтебай СЕРӘЛІ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<