Қағазбастылықтан арылтқан бастама

1282

0

Бүгінде ақпараттық технологияның адымы кең, қолдана білгенге пайдасы шаш етектен. Бұл – байланыс, бұл – ақша айналымы, бұл – бизнес. Әлемнің әр қиырындағы адамдар осы технологияның арқасында бір-бірін көрместен байланыс жасап, жұмыс жүргізуде.

Қазір бұрынғыдай банктен ақша аударуға табаныңыздан тозып әуре болмайсыз. Өйт­кені, мобильді қосымша, әлеу­­меттік желілер нарығы  қарқынды дамыған. Цифрландыру, сандық технологияға көшу бағытындағы бастамалар қай саланы да жандандырып келеді. Ең бастысы, білім саласындағы қызметке қол­жетімділік артып, ұстаздар қауы­мы қағазбастылықтан ары­­­луға мүмкіндік алды. Бай­қап қарасаңыз, қазір ата-ана баласының сынып жур­на­лын­дағы бағасын бақылауда ұстап, қажетті ақпарды дер кезінде алады. Бұл ретте құр сөзбен шектелмей, құзырлы мекеме ұсынған мәліметті жариялауды құп көрдік.

Облыстық білім басқар­ма­сының мәлімдеуінше, бү­гінде «Электронды бала­бақ­ша» жүйесі толықтай авто­­мат­­тандырылған. Қазіргі ол жаппай қолданыста. Жо­ғарыда айтқан  «Күнделік» электронды журналы жүйесін облыстың 293 жалпы білім беретін ұйымы пайдаланады.

Мемлекеттік қызметті автоматтандыру ісі де шет қалмаған. Бұрын жұмысқа тиісті құжат­тарды арқалап, әуре-сар­саң бол­саңыз, қазір оның бар­лығы электронды түрде. Облыс­тың барлық білім беру меке­ме­леріне қызметкерлерді жұ­мыс­қа қабылдау jumys.sitcen.kz ақпараттық жүйесімен жүр­гізілуде. 28 колледж «College SmartNation», 1 колледж «Platonus», «Е-колледж» автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Басқарма басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, облыстағы барлық мектеп 100 процент бүгінгі күннің басты қажеттілігіне айналған – интернет желісіне қосылған.

– Автоматтандыру әлі жал­ғасуда, нәтиже бар. Облыс бо­йынша Wi-Fi нүктелерімен 273 мектеп қамтылған. Мем­ле­кеттік-жекешелік серіктестік аясында 8096 компьютер жаңаланды. Қазір облыс бойынша 293 мектепте барлық пәндік кабинеттер саны – 1671, оның ішінде жаңа модификациялық кабинет саны – 607, яғни оның қамтылуы 37 процентті құрап отыр. Биыл жаңа модификациялық кабинеттерді арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 880 473 мың теңге қаражат бөлінді, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Бұдан бөлек, қалада 6 ІТ- лицей ашылған. Оқу ошақтары сандық технологияға ерекше ден қойған. Электронды кітап, интерактивті карта мен тақта, автоматтандырылған күнделік жүйесі секілді ресурстар білім сапасын арттыру тұрғысында пайдаланылады. Болашақ тың дүниелерді меңгергендердің қо­лында. Облыс басшылығы осыны ескере отырып, жас Цукерберг пен Джобстарды ерте кезден уақыт пен шығынды үнемдейтін технологияға ба­ғыттауды қолға алып отыр. Бүгінде STEM жүйесі бо­йынша ІТ және робототехника сыныптары балалардың үлкен қызығушылықпен білім алуына жол ашқан. 4 мектеп және 9 оқушылар сарайы «3D лабораториялармен» және «Цифрлық білім беру лабораторияларымен» жабдықталса, 122 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылған. Сонымен қатар облыс орталығында «IT IMAQORDA» ресурстық мето­дикалық орталығы құрылып, 12 кабинет жұмыс жүргізуде.

Иә, Microsoft компания­сының негізін қалаушы Билл Гейтс осыдан 15 жыл бұрын «Ғаламтордан сырт қалған адамның болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін» деп топшылаған. Қазір ол шындыққа айналып келеді. Сондықтан біз техно­логия­лық жаңалықтарды жатыр­қамауымыз керек. Бала­ларға ІТ бағдарламаларды, ро­бо­тотехниканы меңгеріп кетуіне жағдай жасау күн тәр­ті­бінен түспек емес. Қазір оқушыларға «Python Programming», «3D модельдеу және анимациялау», «Web программалау және сайт құру негіздері», «Си++ программалау тілі» бойынша арнайы курстар жүргізіледі. Нәтиже бар. Оқушылар пандемияға байланысты онлайн өткізіліп жатқан түрлі халықаралық жобалардан, сайыстардан жоғары нәтиже көрсетіп,  жүлделі орындар еншілеуде. Бір сөзбен айтқанда, өркениет талабына сай болуы үшін бар жағдай жасалып жатыр. Ол балаларды жан-жақты дамытары сөзсіз.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<