Хирург

614

0

Әлімжан Төлегенов облыстық көпбейінді балалар ауруханасы №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі балалар хирургі. 

Былтыр облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау бас­қармасының қолдауымен Оң­түстік Кореяның Сеул қаласындағы «Северанс» клиникасында білімін жетілдірді. Одан кейін Жапонияның Нагасаки қаласындағы «Нагасаки ұлттық медицина орталығы» клиникасында балалар урологиясы бойынша білімін көтерді.

– Ізденудің, білім жетіл­дірудің нәтижесінде бүгінде балаларда кездесетін жедел хирургиялық патологиясына шұғыл ем түрлері, атап айтқанда, лапароскопиялық аппендэктомия, адгезиолизис, герниопластика, сонымен бірге перитониттер кезінде лапароскопиялық ота әдісі енгізілді. Балалар урологиясы бойынша да туа біткен гидронефроз, уретерогидронефроз, гипоспадияға реконструктивті-пластикалық оталар тәжірибеге енді. Бұрын бұл оталар республикалық орталықтарда ғана жасалатын, қазір облысымызда қолға алынды. Бұл ұжымның жұмылған жұдырықтай бірлесіп атқарған жұмысының және тұрғындардың дәрігер­лерге деген сенімінің нәтижесі деп білемін, – дейді Әлімжан.

Әлімжан Шағанбекұлы Жапониядан арнайылап бір­неше Туохи инелерін алып келген. Иненің ерекшелігі – ота барысында шап жарығының себепшісі қынап өсіндісінің бір мезетте екі қатарлы түйін салып, байлау мүмкіндігінде. Бұл шап жарығының қай­талануының алдын алады. Профессор Токинаганың айтуынша, бұл әдіс бойынша жасалған ота­ларда аурудың қайталануы кездеспейді екен.

18 ақпан күні ауруханаға  «Сол жақты шап жарығы» диаг­нозымен бір жарым жастағы науқас түскен. Дәрігерлер ота жасауға шешім қабылдайды. Бір мезгілде үш ота жасалып, кейін бала тез басын көтеріп, ертесіне өзге балалармен ойнап кетті. Мінекей, осылайша мамандарымыз жапондық ота жасау тәсілдерін Сыр өңірінде тәжірибеге  енгізуде.

Әлімжан 2013 жылы облыс әкімінің «Сыр үміті» стипендиясына ие болса, Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімдігі және денсаулық сақтау басқармасы тарапынан құрмет грамоталарымен марапатталған. Жас болса да, көпшілік алғысына бөленіп жүрген маманның алар асуы әлі алда екеніне сенім мол.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<