Медициналық көмек жаңа жүйемен көрсетіледі

434

0

Келер жылдан бастап еліміз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеді. Бұл – науқастарды қабылдау және емдеу жаңаша болады деген сөз. Осы орайда  «ӘМСҚ» КЕАҚ  облыстық  филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі ұсынған МӘМС туралы қысқаша мәліметті ұсынамыз.  

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі ел азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тұрып жатқан шетелдіктерге толық көлемде қолжетімді болады.  Сонымен бірге уақытша тұрып жатқан шетелдіктерге жедел түрде ауруханаға жатқызу және айналадағы адамдарға қауіп төндіретін ауруларды емдеу­де де еш қиындық болмайды. Бұдан басқа, негізгі әлеуметтік маңызы бар және созылмалы жұқпалы емес ауруларды емдеу барысында медициналық көмектің толық көлемімен, тегін дәрімен қамтамасыз етіледі.  Сақтандырылған азаматтар МӘМС жүйесінде жоспарлы стационарлық, консультативтік-диагностикалық көмекті, барлық деңгейдегі медициналық оңалтуды, амбулаториялық-емхана және стационарлық көмек көрсету барысында дәрі-дәрмекпен қамтылады. Сақтандыру пакетіне 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізу, диагностикалық көмек, бағасы қымбат диагностикалық және лабораторлық зерттеулер (көрсетілімі бар жағдайда маманның жолдамасымен) кіреді.   Сондай-ақ, МӘМС қызметкерлер мен жұмыс беруші  төлеген жарналардың жиынтығынан едәуір асатын, бағасы қымбат жоғары мамандырылған медициналық көмекті алуға да мүмкіндік береді. 

Келер жылдан бастап төленетін жарналар мен төлемдердің көлемі  мынадай болып бекітілген.

• Жұмыс берушілер үшін  – жалақы қорынан 2%; 

• Жалдамалы жұмысшылар үшін – табыстың 1%-і;

• Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтар және жеке іс тәжірибемен айналысатын тұлғалар үшін – 1,4 ЕТЖ  5%-і;

• АҚКШ бойынша жұмыс жасайтын тұлғалар үшін – табыс­тың 1%;

• Өзге тұлғалар – 1 ЕТЖ 5%-і;

Сондай-ақ, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер 15 санаттағы азаматтар үшін аударымдар төлеуден босатылған. Атап айт­қанда, 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер және т.б. (толығырақ https://fms.kz/ сайтында). Жаңа жылдан бастап бұл азаматтарға ЕТЖ 1,4% көлеміндегі төлемдерді мемлекет жасайтын болады. Егер азамат жалдамалы жұмысшылардың қа­тарына жатпайтын болса, бала күтуші немесе жеке тасымалдау­мен айналысатын болса, яғни, келісім-шартсыз қыз­мет көрсететін болса, онда ол бірыңғай жиынтық төлем аудара алады.   Республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК – 2 651 теңге, басқа елді мекендер үшін 0,5 ЕТЖ – 1326 теңге. Бұл ай са­йынғы сомаға барлық салықтар мен төлемдер кіреді (ЖТС, ӘТ, МЗЖ, МӘМС). Ал егер сіз жұмыс орныңызды әртүрлі себептермен ауыстырған болсаңыз, сіздің 3 ай көлемінде МӘМС жүйесінде медициналық көмекті алуға құқығыңыз бар. Бұл жағдайда төлем жасалған соңғы ай есепке алынады.  Алайда, жұмысқа қайта орналасқан жағдайда, бұл қарызды төлеу қажет.  

ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша көрсетілетін медициналық көмек туралы қажетті мағлұматты өзіңіздің жалпы тәжірибе дәрігеріңізден, қор сайтынан (https://fms.kz), 1406 Call-орталығынан және Қызыл­орда қаласы, Абай даңғылы, 27 (байланыс тел: 8(7242) 290382, 290569) мекен-жайында орналасқан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалынан біле аласыз.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<