СOVID-19: адамзатты әлекке салған дерт

1014

0

Адамзаттың коронавирус инфекциясы туралы естіп, онымен күрескеніне бір жыл толды.  Бүгінде әлемде COVID-ке шалдыққандар саны 84 миллионнан асты, 1,8 млн-нан астам адам қайтыс болды. 47 миллионы аурудан айығып шықты.

Былтыр желтоқсан айы­ның ортасында орталық Қы­та­йда орналасқан Хубэй про­вин­­­ция­сына қарасты Ухань қа­­ла­сында тұрғындардың түсі­ніксіз пневмонияға шалдыққа­ны анықталған. Індеттің бас­­­­талуы жайлы алғашқы мә­­лі­мет 31 желтоқсанда жа­рия­­­­лан­ды. Уханьдағы базар жа­­бы­­лып, кли­никалық бел­гі­­лері бар нау­қастар оқшау­ланды. 22 қаң­тардан бастап Ухань қаласында карантин жа­рияланып, қоғамдық көліктер тоқтатылып, қалаға кіріп-шы­ғу­ға тыйым салынды. Дәл сондай карантин Уханьға шекаралас Хуанган, Эчжоу, Чиби және Чжицзян қалаларында жария­ланды. Ал 27 қаңтарда Қы­тай­дың ресми мәліметі бойын­ша 2809 адамның вирус жұқ­­­тырғаны тіркелді.  Ауру тез тарап, жылдам көбейе бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жа­риялады.

Қытайдан тыс алғашқы жағ­дай  13 қаңтарда белгілі бол­ды. Ол 8 қаңтар күні Уханьнан Бонгкокқа (Тайланд) ұшып кел­ген 61 жасар әйелден анық­талды. 18 қаңтарда Тайландта екі, Жапонияда бір жағдай тір­келді. Науқастарды қараған дә­рігерлер де ауруға шалдығып жатты. Осыдан барып ма­ман­дар вирустың адамнан адам­ға берілетінін дәлелдеді.

20 қаң­тарда Қытай билігі ко­ронавирус жұқтырғандар са­­­нының 140-қа артқанын мә­­­лімдеді. Осылайша олар ви­рус­­тың адамнан адамға бері­летінін ресми түрде растады. Ал 21 қаңтарда Уханьнан АҚШ-қа 15 қаңтарда ұшып кел­ген америкалық азаматқа COVID-19 ди­аг­нозы қойылды. Бұл Азиядан тыс орын алған алғашқы жағ­дай болды. Осы­дан кейін дү­ниежүзілік дүр­белең басталды. Азиядан тара­ған ін­дет шар­та­рапты шарпып, Еу­ропа елдерін де жайлады.

26 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ко­ронавирустың Қазақстан ау­мағына таралуына жол бер­меу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Біздің елімізде алғашқы болып індет жұқтырғандар 13 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қа­лаларында  анықталды. Алды­мен Германиядан ұшып келген қазақстандық екі азаматтан табылды. Олардың біреуі ел­ге 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда келгені белгілі бол­ды. Сол күні тағы да бір жағ­дай расталды. Ол – Мәскеу арқылы Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына келген әйел кісі еді. 3 сәуірге дейін COVID-19 барлық аймаққа тарап үлгерді.

15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ау­мағында төтенше жағдай ен­гізу туралы Жарлыққа қол қой­ды. Төтенше жағдай бір айға созылады деп шешілді. 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ка­ран­тин енгізіліп, кіріп-шығу шек­телді. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дү­кендері мен дәріханалар жұмыс істеді. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды. 26 наурызда осы қос қалада екі науқастың ін­деттен айыққаны белгілі бол­ды. Сол күні елордада 64 жа­с­та­ғы тұрғын коронавирустан ажал құшты. Бұл – Қазақстанда індеттен көз жұмған алғашқы науқас еді. 10 сәуірде төтенше жағ­дай жө­ніндегі комиссия оты­рысы өтіп, онда төтенше жағдай ре­жимін сәуір айының аяғына дейін созу туралы шешім қабыл­данды. 13 сәуірде елімізде ін­дет жұқтырғандар саны 1 мың­нан асса, 22 сәуірде 2 мыңға, 28 сәуірде 3 мыңға, 4 мамырда 4 мыңға, 10 мамырда 5 мыңға жетті. Эпидахуалдың күрделенуіне байланысты елде төтенше жағ­дай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды.

Ал, коронавирус инфекция­сы облысымызда ең алғаш 2020 жылдың 28 наурызында тіркелгені белгілі. Содан бері наурыз айында 18 жағдай, сәуірде 183, мамырда 211, мау­сымда 800, шілдеде 1775 жағдай тіркелсе, тамыз­дың 10 күнінде 159 науқас анық­талды. COVID-19 індеті облысқа қарасты барлық ау­данда  тіркелді. Соның ішінде басым көпшілігі Қызылорда қаласының үлесінде болды. 

Республика көлемінде нау­рыз айының 16-сы мен  мамыр айының 11-і аралығында тө­тенше жағдай жарияланғанда  небәрі 229 жағдай тіркелсе, төтенше жағдай алынғаннан кейін, яғни, 12 мамыр-5 шіл­де аралығында облыста   ау­ру­ға шалдыққандар саны 1179-ға жетті.  Аймақта  эпи­де­миологиялық  ахуал өршіп, «қызыл аймаққа» енді. Ин­фекция жұқтырудың топтасқан жағдайлары  орын алды. Тіпті Шиелі ауданына қарасты Қода­манов ауылының тұтастай ка­рантинге жабылғаны әлі есі­мізде. 10 тамызда өңірде ко­ронавирус инфекциясын жұқ­тырған 3186 адамның 2335-і  емделіп шықты.

Мамандар тамыздың орта­сы мен қарашаға дейінгі ара­лықта  эпидахуалдың біршама тұ­рақ­талғанын айтты. Ауа райы­ның суытып, жедел респи­раторлы-вирусты инфекция мен тұмау ауруларының өрши­тін тұсында коронавирус інде­тінің қайта бас көтеретіні жай­лы айтылды. Дүниежүзілік Ден­саулық сақтау ұйымы өкіл­дері індеттің екінші толқыны болатыны туралы болжады.  Мамандар болжамы дөп келді ме, жоқ па, белгісіз, бірақ, әлем мемлекеттері қайта қарбаласқа түсті. Біздің елімізде де бірқатар өңірлерде жағдай күрделеніп, ауруға шалдыққандар саны артты. 28 желтоқсандағы мә­лімет бойынша елде коро­на­вирус расталған науқастар мен пневмонияға шалдыққандар 198659-ға жетті, 2760-ы қайтыс болды. Ал облыста барлық тір­келген науқастар саны 3378-ді құраса, 3314-і емделіп шықты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<