Доп додасы мәреге жақындады

545

0

Ертең, 11 шілдеде футболдан Еуропа чемпионатының финалы болады. Онда Италия және Англия құрамалары шеберлік байқасады.

Еске салсақ, біз бұдан бұрын 6 шілдеде Италия Испанияны жеңіп, финалға жолдама алғанын хабарлаған едік. 7 шілдеде тағы бір кездесуде Англия Данияны тізе бүктіріп, ақтық сынға жолдама алды.


Айта кетерлігі, бұған дейін Англия мен Дания өзара 22 кездесуін өткізген.
Айта кетерлігі, бұған дейін ағылшындар 1968, 1996 жылдары құрлықтық доданың жартылай финалында ойын көрсетті. Екеуінде де қарсыластарына есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтқан еді. Әлі күнге дейін Еуропа чемпионы атағына қол жеткізе алмай жүр.


Англия құрамасы алдымен өз қақпасына гол жіберіп алды. Даниялық Миккель Дамсгор 30-минутта мергендік танытты. Ал 39-минутта даниялық Симон Кьер өзінің қақпасына гол соғып, таразы басы теңесті.
Негізгі кезеңде 1:1 есебі тіркеліп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 104-минутында Гарри Кейн өзінің құрамасына жеңіс сыйлады. Осылайша Англия өзінің тарихында тұңғыш рет құрлықтық доданың финалына шықты. Сол кеткен есені қайтарып, өзінің тарихында тұңғыш рет финалға жолдама алып отыр.


Англияның ақтық сындағы қарсыласы Италия да осал емес. Аталған құрама төрт мәрте жартылай финалға шыққан. Нәтижесінде 1968 жылы чемпион атанса, 1988 жылы «қолаға» қол созды. Ал 2000, 2012 жылдары күміс жүлдегер атанды.
Финал Англия астанасы Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында өткізіледі.


Құрлықтық дода биыл он алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Ол 1960 жылы алғаш рет жалауын көтерген болатын. Негізінде доп додасын өткізу 2020 жылғы 12 маусым мен 12 шілде аралығына жоспарланған еді. Коронавирус жағдайына байланысты ол бір жылға кейін шегерілді. Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда болды. Бұл чемпионаттың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<