Италия – чемпион!

510

0

Әлем жанкүйерлері айға жуық уақыт көз тіккен футболдан Еуропа чемпионаты мәресіне жетті. Өз тарихында тұңғыш рет 24 құрама бақ сынаған құрлықтық додада Италия кубокты төбесіне көтеріп, еліне мерейі тасып оралды.

Білікті маман Роберто Манчини тізгінін ұстағаннан бастап аталған елдің құрамасы өзгеше қырынан танылды. Тәжірибелі талай құраманы орта жолда қалдырып, жасыл алаң төрінде жарқылдап көзге түсті. Олардың мұндай шеберлігін құрлықтық дода барысында жанкүйерлер жақсы таныды. Ақтық сынға дейін көптеген азулы қарсыласын қапы қалдырып кеткен италия­лық футболшылар соңғы ­ойында Англиямен шеберлік байқасты.

Айта кетерлігі, ағылшындар бұған дейін екі мәрте қола жүлдегер атанған. Өз тарихында алғаш рет финалға шыққан ағылшындар ақтық сында алғашқы минуттан алға қарай ұмтылды. Кейінгі үш ойында Англия Италияның осал тұсын таба алмай жүр. Үш кездесудің екеуінде тең түссе, біреуінде қарсыласына есе жіберді. Негізінде екі құрама бұған дейін 27 мәрте кездескен. Оның 10-да Италия жеңіске жетіп, 8-де Англия басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Айта кетерлігі, өз тарихында Италия 1968 жылы чемпион атанған. Сондықтан олар да жарты ғасырдан астам уақыттан кейін алтын медаль иегері атануға барынша күш салатыны анық еді. Ойын басынан қос құрама тартысқа түсуінің бір себебі осында жатыр.

Кездесудің 3-минутында Англия құрамасы ойыншысы Киран Триппьердің берген пасынан кейін отандасы Люк Шоу мергендік танытты. Ал 67-минутта италиялық Леонардо Бонуччи таразы басын теңестірді. Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертайм­да  жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде Италияның жолы болды. Осылайша араға 53 жыл салып, чемпион атанды.

Еске салайық, бұл бәсеке он алтыншы мәрте өткізіліп отыр. 1960 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген Еуропа біріншілігі биыл тұңғыш рет кәрі құрлықтың 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда өтті. Бұл дүбірлі доданың 60 жылдық мерейтойына орай 24 құрама сынға түсті.

UEFA мамандарының ше­шімімен Италия құрамасының қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма турнирдің үздік ойыншысы атанды. Өзінің небәрі 22 жаста екеніне қарамастан ол ұлттық құрама сапында 33 кездесу өткізіп үлгерген. Айта кетейік, Джанлуиджи Доннарумма Еуропа чемпионатында өз құрамасының негізгі қақпашысы болды.Тек топтық кезеңдегі Уэльспен өткен жеңісті ойын соңында оны әріптесі Сальваторе Сиригу алмастырды. Ол құрлықтық додада 719 минут жасыл алаң төрінен көрінді. Бұл – аталған турнирге қатысқан барлық футболшыдан жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, ол топтық кезеңде өзінің қақпасына бір де бір гол жіберген жоқ. Ол биылғы құрлықтық дода финалындағы пенальти сериясында екі соққыны қайтарды. Осылайша Италияның Англияны жеңуіне үлес қосып, жеңімпаз тұғырынан көрінді.

Ал 2024 жылы дүбірлі дода Германияда өткізіледі. Ол 14 ақпан мен 14 шілде аралығында болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<