Мөлдір Жаңбырбай: Үлкен тәжірибе жинап қайттым

643

0

Мен Олимпиадаға маусым айында лицензиялық турнирде жолдама алдым. Сол сәтте ерекше қуанышта болғаным жасырын емес. Олимпиадаға уақыт өте жақын қалды. Десе де, біз оған дайындығымызды тиянақты жүргізе алдық.

Еліміздің атынан Токиоға бес спортшы аттанды. Олардың әрбірі жанкүйер үмітін ақтайтын деңгейде шеберлігін көрсетті деп ойлаймын. Каратэ-до спортынан ұлттық құрама сапында Дархан Асәділов ең алдымен жекпе-жекті бастады. Жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдегер атанды. Бұл өзге әріптестеріне серпіліс бергендей болды.

Мен де әрбір жекпе-жегімде сәтті ойын көрсетуге күш салдым. Қарсыластарымның ешқайсысы осал болған жоқ. Олардың кейбірімен бұдан бұрын да жолыққан едім. Кейбірін қапы қалдырып кеткен уақыт та кездескен еді.

Жекпе-жекте барлығы өзін өзгеше қырынан танытуға тырысады. Мен де ұрымтал сәттерде аянғаным жоқ. Алғашқы жекпе-жегімде египеттік Радва Сайедті жеңдім. Дегенмен аустриялық Беттина Планкқа 3:4 есебімен есе жіберіп қойдым. Украиналық Анжелика Терлюганы жекпе-жек біткенге дейін жеңіп тұрған едім. Соңғы секундта ол бір ұпай еншілеп, таразы басы теңесті. Өкініштісі, төртінші қарсыласым Михо Мияхараға есе жіберіп, жартылай финалға шыға алмадым.

Олимпиада үлкен тәжірибе болды. Дайындығымды пысықтап, тынбай тер төгемін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<