Қамшыбек Қоңқабаев: Елімізді қуантуға дайынбыз

517

0

Қызылорда халқы ғана емес, тұтас қазақ елі Токио олимпиадасында боксшылар арасында Қамшыбек Қоңқабаевқа үміт артып отыр. Сыр ұланы үшін сол үмітті ақтау – үлкен міндет. Қамшыбек биыл дүбірлі доданың ашылу салтанатында еліміздің туын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Оған қоса бокстан ұлттық құрама капитаны деген атағы тағы бар. Ұлтының сенімін арқалаған азамат күншығыс елінде өтіп жатқан беделді бәсекедегі тұсаукесер жекпе-жегін сәтті бастады.

Жерлесіміз 91 келіден жоғары салмақтағы бірінші жекпе-жекте египеттік бокс­шы Юсри Резк Мұстафа Хафезбен қолғап түйістірді. Египеттік спортшы бұрын Қамшыбекпен шаршы алаңда жолыққан емес. Ол жайында мәлімет жоқ. Қай кезде де мұндай жұмбақ қарсыласпен сынға түсу оңай емес. Жекпе-жек барысында алдымен оның шеберлік деңгейін таразыға тартып алуың тиіс. Содан кейін ғана оның осал тұсын ой елегінен өткізіп, жеңіске жету жолын іздейсің.

Алғашқы раундта жан­кү­йерлер Қамшыбектің қар­­сыласына жойқын соқ­қы­лар беруден бұрын сырын білуге тырысқанын байқады. Уа­қыт өте келе, ол египеттік боксшыны тықсыра бастады. Шаршы алаңның қай тұсында да соққысын дәл тигізіп, біршама есең­гіретіп тастады.

Осылайша қарсыласын айқын басымдықпен ұт­қан Қамшыбек Қоңқа­баев Олимпиада ойын­дарының ши­рек фина­лына шықты. Ол үш раундта да басым болды. Әсіресе қазақстандық боксшының сол қолмен ұрған соққылары қарсы­ласына ауыр тиіп жатты. Төрешілердің бәрі бірауыздан Қамшыбек Қоң­­қабаевты жекпе-жектің жеңім­пазы ретінде таныды.

Алғашқы жекпе-жегі жайында Қамшыбек журналистерге өзінің ой-пікірін былайша білдірді.

– Жекпе-жекте ойым­дағы әдістерімді толықтай орындай алмадым. Бірінші кездесуім болғаннан кейін қобалжу да жоқ емес. Жеңіс үшін бар күш-жігерімді салдым. Қарсыласым да осал емес, физикалық тұрғыдан мықты әрі бойшаң. Кейбір әдістерім жақсы шықса, енді бірі өтпей қалды. Сол үшін әр кездесуге дайын болу керек.  Келесі қарсыласым да осал емес. Ресейлік бокс­шымен спаррингтік кездесулер өткіздім. Бірақ жарыс кезінде бәрі де басқаша болатыны анық. Көпшілігі мені Өзбекстан намысын қорғайтын Бахадор Жалоловпен кездестіруге асық. Бірақ мен үшін әрбір қарсылас мықты. Себебі, бұл – Олимпиада. Елімізді қуантуға дайынбыз, бар күшімізді саламыз», – деді Қамшыбек.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<