Қызылордада жазғы теннис орталығы ашылды

597

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Астана күні мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы «Нұрсәт» теннис орталығының жанынан жазғы теннис корты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, аймақтағы бұқаралық спортты дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен, ел Президенті Қ.Тоқаевтың қолдауымен спорттың бұқаралық сипат алуына ерекше көңіл бөлініп, бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны артуда. Өңірде бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 31,3 % құрады. Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы облыс бойынша Арал ауданындағы Қамыстыбас және Аманөткел ауылдары, Қазалы ауданындағы Пірімов ауылы, Қармақшы және Жалағаш аудандар орталықтарында 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен бірге, «Самұрық» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласындағы Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпбейінді спорт кешенін салу басталады», деді аймақ басшысы.

Спорт саласының ардагері Юрий Ким теннисшілерді жаңа корт ашылуымен құттықтап, Елбасымен бір теннис кортында кездескенін еске алды. Сондай-ақ, теннистен республикалық турнирлердің жеңімпазы Урсула Рахмет облыс басшылығына аймақта спорт саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы үшін алғысын білдірді.

Жаңа теннис кортының ғимараты жазғы мезгілде ойнауға арналған. Ғимараттың ені 45, ұзындығы 90 метр. Ғимаратта 4 теннис корты орналасқан және басқа да спорттық ойын түрлерінің алаңы бар. Нысанның құрылысы 3 жыл бұрын басталып, биыл маусымда аяқталды. Қазіргі таңда «Нұрсәт» теннис орталығында 120 спортшы мен 3 жаттықтырушы жұмыс жасайды.

Саладағы жасалған жұмыстардың нәтижесінде спортшыларымыз жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатуда. Жыл басынан бері облыс спортшылары ел чемпионаттары мен кубоктарында 557 медаль еншілесе, Әлем және Азия чемпионаттарында 47 медальға қол жеткізді. Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына облыстан бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан үш дүркін әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жолдама алып отыр. Сонымен қатар, Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының туын ұстау құрметіне ие болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<