Садық МҰСТАФАЕВ, «Қайсар» Қызылорда облыстық футбол клубы» ЖШС директоры: «Мен клубты қарызға кіргізбеймін»

2027

0

– Садық Шоңмұрынұлы, биылғы маусым бітті. Қорытындысын айтып өтіңізші. Қандай қиыншылықпен кездестіңіз? Былтыр «Қайсарға» 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Бұл – қомақты қаржы. Бірақ 400 млн теңге қарыз қайдан шықты және клуб кімге қарыз?

– Жылдың қорытындысы бәріне мәлім. Артқан сенімді ақтап, премьер-лигаға шықтық. Маусым бойы жанын салып ойнаған ойыншыларға, оларды қыран құстай баптаған бапкерлерге және өзге де клуб қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының мені осы қызметке шақырғандағы мақсаты – клубты ел чемпионатына қайта қосу болатын. Бағымызға орай, сенім үдесінен шықтық деп ойлаймын.

Ал қарыз әлі де күн тәртібіндегі мәселе. Өйткені, бұл – былтырдан келе жатқан қарыз. Биыл да қарыз болдық.  Енді ол қайдан пайда болды? Бұл – айлық пен салықтың қарызы. Бұл – басқарма мен клуб басшысының шикілігі. Өйткені, бюджетті қорғайтын кезде ойыншыларға 200-300 мың теңгеден немесе бір-екі ойыншыға 500 мың теңгеден деп айлықты белгілей салады. Бюджетті сөйтіп қорғап шығады. Барлық мәселе осында жатыр.

Мысалы, биыл 604 млн теңге бөлді де, мақсатты премьер-лигаға оралу деп қойды. Ал енді қазір қараңыз, ел чемпионатына шығатын команда тәуір ойын көрсету үшін тәуір ойыншылар қажет. Ол үшін жобамен он ойыншы алдың делік. Әрқайсысының айлығы шамамен 1-2 млн төңірегінде болады. Себебі команданы өрге сүйрейтін, тәуір нәтиже көрсете алатын ойыншылар аз ақшаға келмейді. Енді қараңыз, жаңа маусымда келісім-шартты орындай бастаған сәтте бағанағы мәселе шығады. О баста белгіленген 200-500 мың теңгеге кім келеді, кім ойнайды?

Ел арасында «ой, шетелден легионер алмай-ақ қойса да болады. Кез келген ойыншыны алаңға шығарса, тәуір ойнайды ғой» деген жаңсақ пікір бар. Алайда ол олай емес. Легионерлер керек, тек оның бәрін дұрыстап есептеу қажет. Қазір бәріміз үлкен спортқа шапқылап кеттік. Мәселенің бәрі тек «Қайсардың» төңірегінде жүр. Айналып келіп соны сынаймыз, соны сөз етеміз. Олай болмау керек. Бұған қатысты мен бір ғана нәрсе айтар едім. Бізге қосалқы құрамды жақсылап жасақтап, жасөспірімдерімізге назар аудару керек. Соларға жағдай жасап, ақша құю қажет. Сонда клуб тәрбиеленушілері команданы аяқтан тұрғызады әрі мынадай миллиондаған қарыз шықпайды.

Бір мысал айтайын. Мәселен, біздің футбол орталығымыздың бүгінгі нәтижесі көңіл көншітерлік емес. 6 жасқа дейінгі балалардың арасындағы чемпионатта ең төменгі орында келе жатыр. Өйткені оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Қазір бұдан бөлек, клубтың қосалқы құрамы мен «Байқоңыр» командасының да жағдайы мүшкіл. Өз лигаларында турнирлік кестенің соңғы орындарында тұр. Осыны көріп қалай ішің ашымайды?

Қараңызшы, кезінде «Байқоңыр» командасын «Қайсардың» резервін дайындаймыз деп, сол идеяны алып келген өзім едім. Оған мән берілмей, жөніне қалды. «Судың да сұрауы бар». Бұған дейін қаншама қаржы бөлініп тұрған, бірақ оны ешкім қадағаламаған. Міне, осындай айта берсең кемшілік көп. Мысалы, былтырғы қаражат қандай керемет болды. Ал онда кеткен кемшіліктер – сол кездегі клуб басшысының мәселесі. Оған олай-бұлай деу менің ісім емес. Оған баға бере алмаймын.

Өздеріңізге белгілі, биыл межені орындап, чемпионатқа шықтық. Менің ендігі мақсатым – былтырғы және биылғы қарыздардан құтылу. Егер алда осы басшылық  қызметте отырсам, мен клубты қарызға кіргізбеймін. Оған уәде берем. Өйткені ол қарыз аспаннан салбырап түспейді. Оны жасайтын басшы, қадағалайтын басқарма.

– «Қайсардың» жанкүйері ретінде ара-тұра ойын көруге барамыз. Сонда жанкүйерлер «Қайсар – бір көтеріліп, бір түсіп жүретін лифтовой команда» деп жатқанын құлағымыз жиі шалады. Бұл атаудан қашан құтыламыз?

– Мен ойын болып жатқанда вип-трибунада емес, жанкүйерлердің арасында отырамын. Бұл пікірді менде естіп жүрмін. Бірақ жаңа айтқанымдай, «Қайсардың» жастар құрамасын қашан мықты қыламыз, сонда ғана еңсе тіктеп, бұл атаудан құтыламыз. Үміт – болашақ жасөспірімдерімізде. Мен күштің бәрін соларға салғым келіп отыр. Оның да артықшылығы бар. Біріншіден, қарызға бұлай белшемізден батпаймыз. Екіншіден, мықты резерв жасақтаймыз. Сол арқылы үлкен айлық талап ететін ойыншыларға тәуелділіктен арыламыз. Олар да кейін тәуір айлық алар, алайда, оған дейін біздің жаңа буын олардың орнын басуға дайын тұрады. Мысалы, «Қайрат» клубы өзінің академиясын ашып, жасөспірімдерін аяқтан тұрғызып алды. Жыл санап, шетелдік ойыншыларға тәуелділіктен арылып жатыр. Біз резервті ретке келтірсек, болашақта «Қайсардың» жағдайы  да сөзсіз жақсарады.

Екінші, бізге қаражат мәселесін ерте шешкен жөн. Қараңызшы, бізден ұтылған «Жетісу» командасының бюджеті 1 млрд 200 млн теңге. Оларға чемпионатқа шығуға тапсырма берді. Ал біз олардың ерлігін қайталап, 604 млн теңгемен шықтық. Енді айырмашылығын қараңыз. Қарапайым трансферлік терезенің кезінде олар он ойыншысын бір-ақ ауыстырды. Ал бізде бан тұрды. Ойыншыны ауыстыру былай тұрсын, өзге командаға жібере де алмадық. Өйткені қосалқы құрамға қосар өзге адамымыз жоқ. Қазір футболдың жүйесі өзгерді. Трансфердің өзіне ойлағаныңнан көбірек ақша жұмсайсың. Айлығы екібастан. Айлығы аз деп жергілікті ойыншаларды ала берсек, біз ешқашан өспейміз. Тәуір нәтиже көрсете алмаймыз. Легионерлер қажет. Ал оның барлығы тағы да ақшаға келіп тіреледі.

– «Бан» деп қалдыңыз. Көптің көңіліндегі алаң – осы. Келер жылы да банға кіріп кетпейміз бе?

– Жоқ. Қарыз мәселесі қазір облыс әкімінің тікелей бақылауында. Шешілу жолы қарастырылып жатыр. Кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Егер қарызды толықтай төлеп үлгермесек, маусымда чемпионатты минус 9 ұпаймен бастаймыз. Қазіргі мақсатым – жыл аяғына дейін халықаралық футбол федерациясының бізге қойған банын алдырту.

– «Қайсар» бұрын ел чемпионатындағы жергілікті ойыншылардан құралған негізгі құрама болатын. Сол үрдіс неге бұзылды? Үкіметтен қомақты қаржы бөлінеді. Оған алыс-жақын шетелден легионерлер алынады. Бірақ нәтиже сол баяғыдай. Команда ойыны көбіне сүреңсіз. Алдағы маусымда сіз де легионерлер аласыз ба?

– Жергілікті ойыншылардың үзілуіне түрлі себептер әсер еткен болар. Нақтысын айта алмаймын. Мүмкін ол кездегі ойыншылардың өзіндік себебі не клубпен қарым-қатынасында түсінбеушіліктер болған шығар. Мүмкін, бапкер ойынға қоймады, мүмкін бабы келіспеді ме, кім біледі? Бізде жылдан-жылға резерв азаюда. Биылдың өзінде екі баламыз «Қайратқа» кетті. Неге кетті? Өскісі келді. Оның үстіне жағдай жасалды. Ал бізде жағдай мәз емес.

Екінші мәселеге келсек, нәтиженің нашарлығы бас бапкерден де болуы мүмкін. Мәселен, бізде ойыншылардың оқу-жаттығу жиындары Түркияда өтеді. Ал ойыншылар онда жақсылып тынығып барады. Сөйтіп тәуір ойын көрсетіп, шеберлігін дәлелдейді. Өйткені ол өзін көрсетіп, өткізу керек. Бір жағынан агенттер де клиентінің мақтауын келістіреді. Сонда көзге түскен ойыншылармен клуб келіссөз жүргізіп, сатып алады. Алайда ол жарақатын жасыруы мүмкін не мұнда келген соң ауа райына шыдамай жатады. Сөйтіп, әйтеуір бір кемшілік шығады. Ал жоғары деңгейлі жаттықтырушылар мұндайды қалт жібермейді. Мықты менеджерлер келесі жылы алатын ойыншыны биылдан бастап іздейді. Шетелде іс осылай жүргізіледі. Ал біздің кемшілік сол, келер жылы қанша қаражат бөлінетінін білмейміз, оны білмегесін қандай деңгейдегі ойыншыны іздерімізді білмейміз. Осының бәрі аяққа тұсау болады. Сосын келіп әр клуб ойыншыны оқу-жаттығу кезінде жағдайына қарап алады. Сүреңсіз ойын осыдан шығады. Трансферге келсек, келер маусымда жаңа ойыншыларды қатарға қосамыз. Оны бапкермен ақылдасатын боламыз. Әзірге тек шетелдік шабуылшы мен қорғаушымыздың келісім-шартын ұзарттық.

– Мақсат Байжанов биыл спорттық мансабын аяқтады. Енді клубқа келіп, жаңа қызметтің тізгінін ұстайды екен. Ол клубта қандай қызмет атқарады? Сонымен қоса, жерлес Асхат Тағыберген, Жасұлан Молдақараев, Шоқан Абзалов,  Думан Нәрзілдаевтар командаға орала ма?

– Мақсатқа клубтың спорт директоры қызметін сеніп тапсырғалы отырмыз. Ол – «Қайсардың» жай-күйін өзгелерден әлдеқайда артық білетін адам. Оның үстіне, жүріп өткен жолы, оның біліктілігі көп футболшыларға үлгі. Таңдауымыз сондықтан Мақсатқа түсті. Ал қалған ойыншыларға келсек, оларды қайтару туралы ой жоқ. Әуелгіде болған. Алайда олардың қазір доп теуіп жүрген клубтарының өзі бергісі жоқ. Өйткені тәуір ойын көрсетіп жүр. Олар деңгейі әлдеқайда жоғары клубта ойнағысы келсе, тәуір ақша алғысы келсе, оған неге кедергі болуымыз керек? Кезінде Мақсатты да бердік қой. Сол аралықта өзін дәлелдеп, біршама жетістіктерге жетті. Ал клубқа көмек керек кезде түлеп ұшқан командасына қайта оралды, қолдан келгенше көмектесті. Қазір бізге осы жігіттердің ізін басатын ойыншылар дайындаған жөн емес пе? Міне, менің ойым – артқа елеңдемей, жаңа буынды дайындауға күш салу. «Қайсардың» негізгі мақсаты да  – осы.

– Көптеген елдің чемпионатына көз салсақ, ел лигасын немесе кубогін жеңіп алған команда кемі 4-5 жыл жақсы ойын өрнегін жоғалтпай, лиганың үздік жетілігінен түспейді. Біз 2019 жылы команда тарихында екінші рет Қазақстан кубогін жеңіп алдық. Содан бергі команданың нәтижесі көз алдымызда. Тәуір нәтижеге қол жеткізу үшін жақсы бапкер қажет. Клубқа жаңа бапкер қарастырып жатсыздар ма, әлде Сұлтан Әбілдаев қызметінде қала ма?

– Жалпы, премьер-лигаға жолдама алғаннан кейін жанкүйерлер алдында жауапкершілік жоғарылай түседі. Командаға қазір білікті, тәжірибелі жаттықтырушы қажет. Соған сай қазір 5 бапкерді үміткер ретінде қарап отырмыз. Мысалы, белгілі жаттықтырушылар Талғат Байсуфинов пен Виктор Кумыков секілді бапкерлер назарымызда. 12 желтоқсанға дейін келіссөздер оң шешімін тапса, жанкүйерлерге жағымды жаңалықты жеткіземіз. Сондай-ақ, жергілікті маман Сұлтан Әбілдаевтың еңбегін ерекше бағалаймыз. Ол өңір футболын дамытудағы қызметін одан әрі клубтың структурасында жалғастырады, яғни, екінші лигада бақ сынайтын «Қайсардың» жастар құрамын жаттықтырады. Оған келер жылы жас командамызды бірінші лигаға шығару міндеті жүктеліп отыр.

– Айтпақшы, тренерлер штабында сырттан келген бапкер көп. Баяғы Телеухан Тұрмағанбетов, Марат Есмұратов, Қаландар Ахмедов, Қайыржан Әбуов секілді білікті жерлес бапкерлер басқа командаларда қызмет етіп жүр. Оларды қайтару, командағы тарту ойда бар ма?

– Мұның ішінде бірнеше бапкерге «елге келем дейтін болса, «Қайсарға» көмектескісі келсе, есігіміз әрдайым ашық» деп жігіттер арқылы хабарласып көрдім. Алайда кері байланысқа ешкім шыға қоймады. Түсінем, олардың да отбасылық жағдайы бар. Жұмыс жайы екібастан. Оның үстіне «Қайсардың» қазіргі қиын жағдайда тұрғанын бәрі біледі. Миллиондаған қарыз, кейінгі жылдардағы команданың сүреңсіз ойыны – шешім қабылдауда әсер етпей қоймайды. Айтарым – осы ғана. Өзімізде де жас бапкерлер бар. Тек соларға біліктілігі жоғары бапкерлер әкеліп тәжірибе алмастыру керек. Ал бұл жұмыстар жүзеге асқанда «Қайсардың» болашағы жарқын болмақ.

– Бізге Мақсат секілді тәжірибелі футболшылар керек. Қазіргі қосалқы топтың жағдайы қалай, жастар қалай өсуде? «Қайсардың» қосалқы құрамы мен «Байқоңыр» командасында қанша қазақ балалары жүр? Оларға қашан мүмкіндік беріледі?

– Орынды сұрақ. Бірақ мынаны ескеру керек. «Қайсардың» қосалқы құрамының да, жастар құрамының да кейінгі кездердегі нәтижесі төмен. Онда жастарды жаттықтыратын бапкерлерге мән берілмей келеді. Олардың біліктілігін көтеру керек. Осы кемшілікті жөндемей, негізгі құрамға біреуді қоса қоямыз деп айта алмаймын. Бәрі – уақыт еншісінде. «Көш – жүре түзеледі». Алдағы жылдары осы мәселелерді бірыңғайландырып, шәкірттеріміздің шеберлігін жаңа деңгейге көтеріп жатсақ, негізгі құрамға неге қоспасқа? Мақсатты жаңа қызметке қоюдағы бір ойлағанымыз – осы. Жас буынға мотивация болсын, бір жағынан бағыт-бағдар берсін деген ниет мұның бәрі.

– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев стадион салынатынын айтты. Алдағы маусымға қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Келесі жылғы мақсат – үздік алтылықтан түспеу. Әуелі мына жайтты айта кетейін. Биыл Қазақстан кубогінен финалға шығуға дейін мүмкіндігіміз болды. Бірақ қазақ «көрпеңе қарай көсіл» дейді ғой. Шама-шарқымызға қарадық. Мәселен, чемпионатқа қарызымыз қаншама? Оның үстіне барып, кубокке қарыз болсақ, неміз қалады? Мысалы, ел кубогінде Батыс Қазақстанның командасы финалға дейін жетіп, екінші орын алды. Алайда, премьер-лигадан ұшып кетті. 2019 жылы бұл күйді біз де бастан өткердік. Есімізді енді-енді жинап келе жатырмыз. Биыл біздің алдымызда таңдау тұрды. Біз әлімізге қарай әрекет етіп, ел чемпионатына шығуды таңдадық. Нәтиже айқын. Енді алдағы жылы өзіміз қатысатын әр турнирде жанымызды саламыз. Одан бөлек, жасөспірімдеріміздің бабын келістіріп, бәсекеге қабілетті резерв дайындауға күш жұмсамақпыз. Енді ең басты жаңалық, сәтін салса, 2024 жылы «Қайсардың» футбол академиясын құру жоспары тұр. Ниет – сол арқылы үздік үштіктен түспейтін, әр кубокке таласа алатын, елдегі беткеұстар клубтың біріне айналу.

– Сәтін салсын. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<