Біз «білетін» топансу

716

0

«Қазықұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса, неге қалған?..»

                                         Қазақтың көне сөзі

«Тұран – өркениеттер түпотаны (прародина цивилизации)»

                                                 Генри Киссинжер, саясатшы, философ, 

                                                АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы

Бізге мәлім стандарт-қалыптардан тысқарырақ Табиғи (Шынайы) Тарих бар деу ләзім. Ол адамзат үшін мүлдем тосын, тіпті, күрт шындықтардан қатталған қатпарлы да, құпия кеніш деуге болады. «Тарихтарды жеңімпаздар жазады» деген жазылмаған қағидатқа салсақ, түрлі саясаттар, бұқпа есептер, үстем көңілдер хаттап келген, алуан «центризмдер» қалыптаған мына, ресми тарихтың кей тұстары ақиқатқа деген талпыныс­тарға жауап бере алмайтын сияқты. Шындыққа деген шөл сезінесің. Сондай кейбір ақтаңдақ-тұмшалы алапқа өз түреніңді салғың келеді. Солай болып та жатыр. Шындық үшін, ақиқат үшін терең қазбалап, кең қамтуды бізден табанды түрде тілеп тұрған бір міндет сол – Шынайы Тарих.

Жер-ғаламшар ғұмырнамасында апатты оқиғалар аз болмаған. Оның ғарыш-ғұмырлық жай-жапсарына тереңдей бермей, саналы адам (home sapiens) факторлы бергі кезеңінің өзін зерлесек, сол адамдар жадында аңыздар түрінде сақталып қалған талай жайттар жаңғырығы есіп тұр. Олардың сол уақыттардағы тарихи-қисынды ретін, нақты динамикасын енді ешкім дөп басып айта алмас. Аспаннан отты тастар жаууы, топансу қаптауы (діни аңыздарда), термоядролық соғыс белгілері, тұтастай құрлықтардың су астына кетуі (осы күнгі ғылыми жорамалдарда), Жердің мұз құрсану кезеңі (ғылыми дәлелденген) оқиғалары – осы жайттар қатарын құрайды. Нақты дерегі мен дәйегі көмескі тартқан, өшкен сол жайттар – Жер-адам тарихындағы айтулы оқиғалар. Олар халықтар аңыздарында, діни ілімдер сөздерінде біршама көрініс тапқан. Әсіресе, дін сөзінде, бір қарағанға, табиғи-объективтік бұл оқиғалардың мотивациялары имандылық, мораль уәждеріне телініп айтылады. Олар сонысымен әлімсақтан бері адам руханияты өрісінде өлмес, аса құнды, хикмети ұлағаттар болып табылады.

Топансу әуелі ертегі еді.

Сосын оны діни ілімдер нақтылай бастады.

Оның тарихтағы анық орнын ғылым біраздан қазбалап жатыр.

«Топансуға шейін» деген түсінік – тым ескілікке меңзейді. Ол – дерегі бұлдыр алыс оқиға, тым көне құбылыс. Оған дейінгі адамзат – хикмети ілімде Адам Ата ұрпағы, ресми ғылымда home sapiens ұрпақтары – қандай жағдайда, қай аймақтарда өмір сүрді, қандай дәрежеге жетті, сондай жағдайға қалайша тап болды – дамыған ғылым, түрлі палео-неолит артефактылары көптеп табылып жатқан қазіргі заманда да бұл сұрақтарға дә­йекті жауап жоқтың қасы. Бұл орайда, тас жәдігерлері бізге жеткен ежелгі адамдардың эволюциялық бірізді даму жолы (кешегі ілімдерден) қисынды, көңілге қонған материалистік нұсқа болып келген еді. Оны жоққа шығарып, адамзат өмірін Ата тегін тарқату арқылы пайымдау – ертегі қуалау тайыздығы сияқты көрінетін. Бірақ бүгінгі азат ой, еркін ғылыми ізденістер, стандарттарды бұзған жаңа үдерістер басқа да нұсқалар бар-ау деген орынды «күмәнді» табанды түрде негіздеп келеді. Сондықтан да, Жер шары home sapiens кезеңінің өзінде бастан кешкен түрлі апаттар, ықылым заманғы термоядролық соғыс белгілері енді тосырқау ойға себеп емес. Және адамзат тарихында қаншама өркениет, ғылыми-техникалық шарықтаулар болғанын және сондай шарықтаулар бедерінде әр себепті апаттар қалайша орын алғанын зерделеуге, парықтауға қызықтырып шақырушы атойлы жайттар.

Адам Ата және Хауа Ананың жер бетіндегі өмірнамасына деректі түрде тереңдеу мүмкін болмайды. Бұл ретте, теологиялық нұсқаға сүйенген тезистер мейлінше қысқа. Пұшайман боп, жұмақтан қуылып, мына ғаламшар бетіне түскендегі Адам Атаның пенделік табаны алғаш тиген жер (ол бір нұсқада, Сарандиб биігі деп аталады), сонан кейін Хауа Ана екеуі бірін-бірі үш жүз жыл бойы іздеп, ақыры, Арафат тауында табысуы, ұрпақ көбейтіп, қасиетті Қағбаны көтеруі – бізге жеткен ислами дәйекті нұсқалар.

Қазіргі кей ғылым сөзі Адам ұрпағы осыдан 40-50 мың жыл шамасы бұрын Африкада «туып», әлемге тараған деп жобалайды. Адамдар атасының мекен-жайына көп сілтеу жасамай, адам анасының ежелгі Эфиопия жерінен шығып, тар қылта – Баб-әл-Мандеб бұғазынан Араб түбегіне өткен қара нәсілді әйел адам болғанын, оған және 2 миллион жыл шамасы өткенін межелейтін сөз де бар. Бірақ сол ыстық континентте де, әлемге авс­тралопитек, синантропты «берген» басқа алшақ аймақтарда да Адам Ата, топансу алдындағы өркениеттер, сосын, ұлы апат туралы жорамалдар тым тұмшалы. Бұлар біз үшін игерілмеген ізденіс өрістері.

Ересен уақыт дариясының бір иініндегі адамзат тарихының бірөрім бастауы – анық дерегін ұстатпайтын оқиға. Сонау болмысқа екі түрлі түбегейлі көзқарас – сол болмыстың өзіндей көне. Және, осы екі тұғырдың «келісуінен» гөрі, «кетісуі» басымырақ. Мысалы, діни догматтар өзі баян еткен жайттарға алғаусыз кесім айтады. Ал, ресми ғылым қисынды материалистік уәждермен, сол жорамалдарды жоққа шығара, заттық, объек­тивті негіздерге арқа сүйей сөйлейді. Осы «екі кеменің» басын мәмілелі біріктіремін деу – тым тәуе­келді тірлік енді. Бірақ, тәуекелсіз шындық биігі қайда! Ашылмаған соны соқпақтар қызығы ғана емес, мыңжылдықтардың ділгір сұрақтарына нақты жауап қажет. Ұлы қисын бойынша, бұл ілімдер бірін-бірі жоққа шығармауға тиіс еді.

Саналы адамның тегі мен отанын іздеуде созыңқы уақыт пен шашыранды жағрафияға сілтеме және бір-бірімен қабыспайтын қайшылықтар көп.

Жер құрлықтары ежел тарихта сүт бетіндегі қаймақтай неше ұйысып, неше ыдырап, көшіп жүргенімен, адамзат тарихының қысқа кезеңінде ол орнықты тұрақтылықта тұр деуге болады. Әрине сұрапыл жер сілкініс­тері сонан бері Үнді түбегінің «мүйіздеуімен» Гималай тауларын, әйгілі Эвересті біршама биіктетіп жіберді; Африка Еуразияның батыс жағына маза бермей, Түрік, Грек, Италия, Испания таулары көп сілкінеді; басқа да көрнекі құбылыстар Жер бетінде жеткілікті. Дегенмен, континенттердің қара шаңырағы, ежелгі Пангея құрлығының мұрагері – ұлан-байтақ Еуразия кеңістігі біршама тұрақтылық алабындай сенім орнықтырады. Осы қисынмен, бұл ұлы континент – адамзат өмірінің де қарашаңырағы болуы мүмкін деуге негіз бар.

Дүниеде Му континенті, Гиперборея, Атлантида, Лемурия өркениеттері туралы фантазиялы-деректі көптеген жорамалдар құрастырылған. Ол негіздеулер мейлінше ғылыми тұғырлы қисынға құрылып жүр. Қуат-кереметін, біз, мына ХХІ ғасыр тұрғындары да көзге елестете алмайтын ұлық ұлыстар болған бір кездері. Сонысына қарамастан, тұқым-тұянағына шейін құрып кетерлік сұмдық апатқа ұшыраған… Адами қисынмен аңдайтын бір жайт: сол құдіретті өркениет­тердің жойылып кетуіне объективті табиғат құбылыстарынан (Жерді мұз басу, ауа ысынуы, мұхиттар тасуы, супержанартау, суперцунами – әрине, бұлар да жоққа шығарылмайды) гөрі, өнегелік-имандылық жағдайлар зор себеп етіліп алынады.

Жер бетіндегі көп апаттар алды, байырқалы, бақуатты өмірлер болған.

Материалды-объективті тұғырдан келсек… «Әлем» ұғымы, сонау ежелгі жұрттарда өгіз, тасбақа, кит көтеріп тұрған, жан-жағы шектеулі кеңістік түрінде түсінілгенін мектеп кітабы айтады. Мұнан шығатын пайым: хоме сапиенстің біршама сана, өркениет деңгейіне көтеріле алған ұрпақтары Жер шарының белгілі бір аумағында, жинақы жағдайда өмір сүрген болуы да мүмкін. Ол аумақ жер бедерінің ұтыр-нұсқаларында Дунай – Алтай арасына меңзейді. Екі ортасы – Тұран даласы… Міне, осындай аумақтағы апатты су тасқыны сол адамдар дүниесін набыт еткен – әлемдік апат деп қабылдануы мүмкін.  Он мың жылдан арғы тарих туралы дәйек пен деректің тым мардымсыздығынан біз өзіндік қисындар арқылы ғана осылай айта аламыз. Сондықтан ол талассыз мәлімет емес, тағы да, негізді қисынмен талдауларға түсе алатын жорамал. Алыс шындықтар да таластарда туады.

Адам Атадан бүгінге шейін адам өмірі адасулар мен қателіктерге толы.

Сондай бір апатты «табалдырық» – Бүкіләлемдік Топансу. Бізге мәлім тарихтың ұлы жобасы, шартты түрде, соған дейін және сонан кейін болып бөлінеді.

Нақтылана түскен жорамал: Топансуға дейінгі «Гиперборей өркениеті» деген бір құбылыс Солтүстік Мұзды мұхитпен, ұлы су стихиясымен байланыста айтылады. Солтүстік Мұзды мұхитқа бейім қарастырылатын гиперборей өркениетіндегі фантастикалық технологиялық керемет – алып су иірімі, судан қуат алу ғылым. Аса қуатты осы қауымның ғұмыры да, ақыры да су факторымен түйінделеді. Демек, Топансу шындығына жақын келетін қисын бар мұнда. Тарих атасы Геродот хатқа түсіріп, бүгінгі кей ғылым растай бастаған сол «гиперборей өркениеті» апат алдындағы тарихтан бірден-бір мәліметті шаң беретін қауымдастық. (Ілімдерде сонау қауымның басқаша атауы болмағандықтан, біз де Геродоттан жеткен «гиперборей» атауын қолданысқа аламыз.) Сицилиялық Диодор оларды Аполлон ертегісіне телісе, ал Үлкен Плиний сол бақытты жұртты нақтырақ айтады. (Үлкен Плиний. «Гиперборея»). Гипер­борея-Арий-славян схемасы да қолданыста жүр… Гиперборейге қол артатын себеп, осы қауымнан кейінгі тарихта үзілмей жалғасатын бір жүлге-дерек бар. Түп нағашысы Солоннан (бұл біздің Анақарыс бабамыздың тұстасы), көп құпияны қызғыштай қорыған Мысырдағы Саис абыздарынан мағлұматтар тартқан Платон сонау гиперборейлерді Ирландия, Исландия аралдарына «таңғанмен», гиперборей мұрагері делінетін арийлер Топансудан кейін  мүлдем басқа жағрафияда – Ұлы Даладан шаң береді. Ал, бізден жағрафиясы алыстау, жойқын апат алдында болды делінетін тағы бір жұрт – атлантидалықтардың тарихы (Платон. «Тимея», «Крития»)  сол су апатымен көмескіленіп өшеді. Нақты Атлантида тұрғындарының жалғасы туралы (арийлер сияқты айқын) дерек жоқтың қасы.

Гиперборей туралы сөз – ертеден жеткен фантастикалық сарындардың ең шалқымалысы деуге болады. Дегенмен, өркениеттер шарықтауына шәк келтіруге бола ма?! Сол, бір ақыр өркениеттен бері қарай өмір тартқан Нұх пайғамбар – Адам Ата ұрпақтарының алғашқы үлкен бір легінің өсіп-өркендеп, бір өркениет түрінде шарықтап шегіне жеткен, сосын рухани-имандылық тұрғысында азғындаған (табиғи сипатты апаттардың зор алғышарты имани-өнегелік жағдайлардан туындаған деседі) ахуалын, яғни, гиперборей (бәлкім, Атлантида, Му, Лемурия) өркениетін көзі көрген соңғы тұяқ деуге болады. Шын мәнінде, адамзаттың екінші атасы боп саналатын Нұх пайғамбар біртіндеп, тарихи тұлға тұғырына көтеріліп келе жатқан күрделі құбылыс. Оның бір ишара-мәліметі осыдан 5000 жыл шамасы бұрын Шумер жерінде дүниеге келген «Гильгамеш» дастаны, сондағы, су алған алыс отанда қалып қойған Отнапештім әулие тұлғасымен алғаш нақтыланған.

Батыстың діни ілімінде Нұх пайғамбар – Адам Атадан бері оныншы буын деп саналады. Топансу, еврей мәтінінде Адам жаралғаннан – 1656 жылы, яғни, біздің жыл санауымызға шейінгі 3853 жылға сәйкес келеді, Септуагинте жобасында Адамнан бері – 2262 жыл өткенде, яғни, б.ж.с. дейінгі 3247 жылға сәйкес шығады. (Герман Гункель. «Топансу тарихын межелеу»). Бұл жерде жүздеген жыл жасаған әулиелер өмірлерін есептеуде өзгеше бір арифметикалық тәсіл болмаса, адамзат тарихының бас-аяғы қисабына бұл мәлімет үйлесіңкіремейді…

Әлемде Топансу оқиғасын ғылыми негіздеу, нақтылау әрекеті бар. Еуропа текті көне ғұламалардан бастап, осы заманғы зерттеушілер арасындағы пікірлер сан-алуан. Бізге мәлім тарихтар көкжиегінде «Гильгамеш» дастанынан, онан берігерек Платонның «Атлантида…» зерттеулерінен және әлем аңыздарынан, Геродот тарихнамасы, Латын Америкасы, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Океания аңыздары, Үнді салттарынан бұған мысал көп. (Бәлкім, бізге әлі де беймәлім өзге де мәлімет көздері қол жетпес қияндарда жатыр, оның бәріне құлаш сермеуге біздің қол қысқа, уақыт тығыз екенін өкінішпен мойын­дау керек). Мысалы, Үнді жұрты лемурия мешіндерін, сірә, сол тарихи-сакральді себептен, адамдардан жоғарырақ кие көреді. (Үндістандағы Хануман культі). Яғни, әйгілі Лемурия құрлығының қасиетті тұрғындарынан қалған, психо-физиологиясы әбден деформацияланған жәдігер-тұяқтар деп санайды…

Бұл жорамалдардағы бір қисынсыздау жайт: біз білетін әлемдік төрт мұхит бас-басына бір-біреуден континенттер жұта бергені қызық. Му континенті, Гиперборея, Атлантида, Лемурия оқиғалары сондай жорамалдарда моншақтай тізбектеліп айтылады… Мұндай апаттар «парады» әлдебір жоспарлы шараларға ұқсайды. Хикмет ісі дегеннің өзінде, мұндай реттілік объективті шындық ісіне келіңкіремейді. Және Топансу сипатында кереғар екі тұғыр бар: бірі – әлемдік ауқымдағы апат, екіншісі – шектеулі алаптағы «кішігірім» оқиға. Соңғысына, қанша алып болса да, сонау, жекелеген континенттердің суға жұтылу оқиғалары жатады.

Ежелгі Эллада аңыздары бойынша, үш тасқын болған: Огиг, Девкалион, Дардан тасқынсулары. Сервий бойынша – екі, Истра бойынша – төрт, ал Платон айтса, тіпті көп тасқын өткен… Топансудың  ең көне дерегін ашқан ағылшындық Дж.Смит (ХІХ ғасырдың 70 жылдары Ниневия тақтайшаларынан «Гильгамешті» оқыған ғалым) бұл жайттың кіндік-кесімін айта алмайды. Су жұтқан жоғарыдағы ұлы континенттер жорамалынан өзгерек, ежелгі Эллада аңыздары, Қосөзен (Тигр-Евфрат) алабындағы тасқын туралы жорамал (Зенон Косидовский. «Библия аңыздары»), тағы бір батыс ғалымы Л.Вулли Месопотамия­дағы екі өзеннің лайлы тасқынымен ғана шектеледі… Осылайша, Топансу аясы тым тарылып кетеді… Әйгілі «Авес­та» дүние жасын біздің уақыттан 12000 жылмен тұспалдайды. Түп нағашысы Солон (2600 жылдан арғы тұлға, Анақарыс бабамыз  тұстасы), оның көп құпиясын қызғыштай қорыған мысырлық Саис абыздарынан мағлұматтар суыртпақтаған Платон бізден 12400 жыл уақытты межелейді. (Платон. «Критий», «Тимей» диалогтары.) «Атлантида» Платоннан қалса, «Гиперборея» ұғымы бізге Геродоттан жетті («Мельпомена». 110 тарау). П.Шлиман кесімі де қызық – 13900 жыл. «Қазықұрт» тауы, Орталық Азия­дағы Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған деген жерге бейім жатқан Арал теңізінің бергі жасын ғалымдар 12-15 мың жыл арасы деп жүр. Шығыс ілімдерінің бұл мәселеге көзқарасы бізге әл-әзір мәлімсіздеу… Демек, осы сілтемелерден шығатын пайым: Топансу мұнан 12-13 мың жыл шамасы бұрын болған. Тағы бір мәнді мәселе: оқиға өрісі Ұлы Дала, Тұран кеңістігіне меңзеп жатыр.

Енді бір ғылыми ой: тасқын эпицентрі – ежелгі Хвалын (Каспий) теңізі болған деп жорамалдайды. Мұз басу дәуіріндегі Валдай мұздығына сілтеме жасайды. Сол мұздық еруінен сол кездегі Каспий айдыны қазіргі мұхит деңгейінен 50 метр биік (бүгінгісінен 78 м.) көтерілген деседі. (Мұндай «эволюциялық» мұздық еруі сонша кең алапта апатты тасқын әсерін бере алмаса керек). Сол биік су бір сәтте Маныш бұғазымен жөңкіле ағып, Азов, Қара теңізді толтырған. Боспор, Дарданелл бұғаздары Жерорта теңізінен бері қарай емес, әрі қарай жырылған. Платон «Атлантидасының» бір себебі, сірә, осы жайтта жатыр.

Біз, анығы, ұлы Ақиқат биіктерінің етегінде жүрміз.

Біздің ізденіс-талабымызда Ұлы Топансу (Всемирный Потоп) деген оқиғаға өз сүрдегімізді қалай тартпақ ләзім? Бұл ұлы оқиға материктер Қарашаңырағының бір мәнді төрі – Ұлы Дала-Тұранда орын алған емес пе?.. Белгілі бір, мақсатты (навигациялық) бағытпен жүре алмайтын кеменің, хикмет бұйрығымен, Тұранды кемерлеген, онша биік емес (1768 м.) Қазықұрт тауына келіп тірелуінде не мән бар? Барлық сакральді себептерден тыс, осында объективті жағрафия­лық-физикалық жағдай жат­қан жоқ па?..

Сонау гиперборей өркениеті кейде Батыс Сібір ойпатымен байланыстырыла айтылады. Ол жер гиперборейлердің орасан зор өндіріс алаңы – сұрапыл қуат өндіретін алып су иірімі болғанға ұқсайды. Асылы, Батыс Сібір ойпаты мен оны кемерлеген Орал тауының үйлесімінде бір сыры ашылмаған жайттар бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары, орнында алапат ойыс қалдырып, қопарылған бір бөлек жер қыртысы ғарышқа көтеріліп, Ай-серік сонан пайда болған деген жорамал «Білім және Еңбек» журналында айтылып еді. Не де болса, Сібірдің осы ойпатында бір жабулы құпия бар. Гиперборей өркениеті алып мұхит иірімін игеріп, өмірге қажет қуатты сол көзден алған деген ойға ғылым тоқталады. Ал ол халықтың «өндіріс» алаңынан тыс, «тұрмыс» алабы сол «өндірістен» оңтүстікке қарайғы тіршілікке қолайлы кеңістік, яғни, сол кезде біртұтас Торғай қабырғасымен бөлінген берекелі Тұран жазығы емес пе екен? (Әлемде таңғажайып Тұран туралы ертегі неге көп?!) Ежелгі Тұран, Ұлы Дала – аса кең ұғымдар. Сол, өткен өмірдің біраз қасиетін төсіне қондырып қалғандай Тұран осы күні бізге көп сыр ашатын сияқты. Бұлай деуге елеулі негіздер бар. Ең алдымен, Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған делінетін Қазықұрт биігі осы нақты жағрафия­лық ауданның бір шоқтығы. Арий деп аталатын гиперборей-жалғас жұрттың қаласы Арқайым қаласы осы маңдардан табылып отыр. Ал Арий-дария (Шу өзені) ізі осы өлкеде жатыр. «Адам Ата қорымы», «Адам Ата дариясы», «Сам құмы»  деген атаулар бұл маңдарда ежелден бар…

Сайлаубай Жұбатырұлы,

жазушы, эколог

(Басы. Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<