Демократияның бір көрінісі

519

0

Жақында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының конференциясы болып өтті. Ол бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, депутаттар сайлауындағы жаңа бір кезеңнің басталғанын көрсетіп, праймериздің демократиялық принциптерді шын мәнінде қамтамасыз ете алатынын анық танытты. Партияның ішкі іріктеу сайлауы өзін-өзі толық ақтағандай жылы әсерге бөледі.

Сөз басында осы «праймериз» дегеніміз не екен, соған қысқаша тоқталып өтейік.

Праймериз – саяси пар­тиялардың дауыс беру жолымен сайлан­балы лауазымдарға кандидаттар ұсынуының тә­сілі. Ол сайлаушылардың кан­ди­датураларды іріктеу про­цесіне қатысуларын қам­та­масыз етеді. Кезінде ол АҚШ саясаткерлерінің партия белсенділерін ашық, жария жолмен іріктеп, таңдап алуы үшін ойластырылып шығарылған жүйе екен. Праймериз деген сөздің өзі біздің тілімізге аударғанда, «іріктеу» деген мағына береді. Кейде мұны «алдын ала сайлау» немесе «алдын ала дауыс беру» деген ұғымда да қолдануға болады. Мұның мәні бір партияда есепте тұратын пікірлестер, жақтастар арасында алдын ала сайлау өткізуге саяды. Мұны партияластар өз араларындағы көпшіліктің қолдауына ие бола алатын нағыз лидерлер мен белсенділерді анықтап, іріктеп алға шығару үшін қолданады.

Тарихқа үңіліп қарасақ, праймериздің алғашқы үлгісінің Америкада тіпті XVIII ғасырдың соңғы жағында-ақ пайда болғанын байқаймыз. Соңғы жылдары аталған Құрама Штаттар аумағынан шығып, әдіс әлемге біртіндеп жайылып, кеңге етек алып келеді. Мәселен, Францияның, Италияның, Грекияның, Авс­тра­лияның, Израильдің және Ресейдің жекелеген партиялары праймериз арқылы іріктеу үдерісін қолдана бастады. Биылғы жылдың жазына дейін ол біз үшін де бейтаныс жүйе еді. Сондықтан ол туралы алғаш рет сөз қозғалып жатқанда, көпшілігіміз оның байыбы мен байсалына дендеп бара алмадық. Бірақ артынша онлайн жүйесімен дауыс беру басталған кезде, оның шынында барынша мөлдір, ашық, бақылаулы нәрсе екеніне куә болдық. Өйткені, басынан бастап үміткерлер арасында кімнің қанша дауыс алып келе жатқанын көріп отырдық. Онда көбірек дауыс жинағандардың бұдан кейін партия конференциясында да мүмкіндіктері жоғары болатынын байқадық.

Ал облыстық конференцияда оған біршама көзіміз жетті. Дегенмен, осының бәрінен біз демократияның жаңғырығын сезініп отырдық.

Елбасы праймериз жайында алғаш сөз қозғаған кезінде-ақ мұның партия құрамына тың серпін мен жаңа толқын әкелетінін айтып еді. Енді сол айтқаны айдай келгеніне де куә болып жүрміз. Осы күндері праймериздің әсерінен партия қатарына жаңадан 40 мыңнан аса адам қабылданыпты. Ең бас­тысы, партияның қара­пайым мүшелеріне дейін сайлауға үміткер болып қатыса алатындай дәрежеге жетті. Олардың бұл жолда табысқа жетулері де өздеріне көп байланысты екенін біраз адам пайымдап та үлгерді.

Сондықтан біз прайме­риз­дің алғашқы нәти­желерін демо­кратияның салтанат құруының нақты көріністерінің бірі деп айта аламыз.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Қызылорда қаласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<