Келер жылы кальцийленген сода зауыты салынады

688

0

Биыл облыста 5 түрлі өнім 10 елге экспортқа шығарылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев айтып берді. Оған қоса өңірде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған индустриялық жобаларға кеңінен тоқталды.

Жалпы, өңірде құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып, 1,7 мың жұмыс орны іске қосылған. Жыл басынан бері іске қосылған жобалардың арқасында 25,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Индустриялық бағдарламаның үшінші бесжылдығында 26 жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Нәтижесінде  6,7 мың адам жұмыспен қам­тылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін құны 1,2 млрд теңгені құрайтын, 3 жоба іске қосылмақ. Онда 202 адам жұмысқа тар­тылатын болады. Бүгінгі күні «Сервистік дайын­дау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және терең өңдеу кешенін кеңейту цехының» бірінші кезеңі басталды. Қалған 2 жоба жыл соңына дейін жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, келер жылы 2 ірі жобаның құрылысы бас­тал­мақ. Олар – «Шалқия» кен орнын игеру және каль­ций­ленген сода зауыты. Мұнан өзге индустрияландыру бағдар­ламасы аясында құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 3 жобаның құрылысы басталды. Атап ай­тар болсақ, ас тұзы, түйе сүті­нен жасалған құрғақ ұнтақ, шыны пластикалық құбыр жобасы.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, келер жылы 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Егер жобалар уақытылы іске асатын болса, 700-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында біршама жұмыстар бар. Мәселен, биылғы жылы «2023 жылға дейінгі облыстың экономикалық да­муы­­» жоспары бекітіл­ген. Жоспар аясында 265 инвес­тициялық жобаны іске асыру көз­делген. Олардың ішін­де инно­вациялық жобалар да бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңінен өңдеу саласындағы жобаларды іске асыруға да көңіл бөлінуде. Осы бағытта 10 жоба қолға алынатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<