Суды үнемдеуге басымдық беріледі

585

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен жергілікті диқандардың көктемгі дала жұмысына дайындығы пысықталды. Су мәселесінің жыл өткен сайын күрделенуі күріштік көлемін біртіндеп кемітуге әкеп тіреп отыр.

Қазіргідей уақытта ақмар­жанды мал азығы түріндегі дақылдармен, көкөніспен ал­мас­тырған орынды. Өйткені жылда қайталанатын су тап­шылығы әлі де қос бүйірден қысып тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшы­баевтың айтуынша, биыл 188,2 мың гектар жерге тұқым себіледі. Оның 84,4 мың гектары – күріш.

– Егісті әртараптандыруға, суды үнемдеуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі. Соңғы жылдары қызанақ, жо­ңышқа, бидай, көкөніс егуге көбірек көңіл бөлініп келеді, – деді ол.

Әсіресе, егінді жаңбыр­ла­тып, тамшылатып суаруға, аквагель көмегімен өнім өндіруге ерекше назар аударыла бастады. Мысалы, шаруашылықтар Жаңақорған ауданында 3 мың гектар жерге тамшылатып суару арқылы қызанақ, Шиелі ауданында 10 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа егіп, оң нәтижеге қол жеткізгені белгілі.

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының ­басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің сө­зін­ше, қазіргі күні Сырдария өзені бассейнінің үл­кен су қоймаларындағы су мөл­шері 13,7 млрд текше метр­ге жуық. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 3,1 млрд текше метрге кем.

– «Шардара» су қоймасында – 4792 млн, «Көксарай» су реттегішінде 1404 млн текше метр су бар. Бұл да аз. «Көкбұлақ» су бекетіне секундына орта есеппен 581 текше метр су түсіп жатыр, – деді инс­пекция басшысы.

Өзбекстан мен Қырғызстан синоптиктерінің ­болжамы да көңіл көншітпейді. 2020 жыл­дың 1 қазаны мен 2021 жыл­дың 1 наурызы аралы­ғын­дағы жауын-шашын көр­сет­кіші былтырғыдан шамамен 15-20 процентке төмен. Соған қарағанда биылғы веге­тациялық кезеңдегі жағдай аса қуанта қоймайтын секілді.

Аймақ басшысы су жетіс­пеушілігіне байланысты егін алқабының мақсатты пайдаланылуына ғарыштық мониторинг арқылы бақылау жүргізілетінін жеткізді. Сон­дықтан күрішті артығымен егуге жол жоқ.

Мемлекет басшысының орман қорында – 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 21 наурызда «Мекенім – жасыл орманым», «Бұл – менің ағашым» акция­лары, «Таза табиғат» жобасы жүзеге асырыла бастайды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов игі шаралар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, көр­кейіп-көгалдануына көмек­тесе­тінін атап өтті.

Облыс әкімі тазалық шараларына ұйымшылдықпен қа­тысу туған жердің табиғатына бейжай қарамайтын әрбір аза­маттың парызы екенін айтты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<