Қала әкімдігінде аппараттық мәжіліс өтті

831

0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.

Бірінші мәселе – 2021 жылғы халық санағын өткізуге дайындық жұмыстарының барысы. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева хабарлап, 2020 жылдың 1-30 қазан аралығына жоспарланған санақ жұмыстары әлемде орын алған COVID-19-ға байланысты ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан ауыстырылғандығын айтты. Баяндауынша санақты өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Санақты жүргізуге қажетті қала, кент және ауылдық округтерінің схемалық картографиялық материалдары дайындалған.

Бұл ретте қала әкімі дербес бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне маусым айына дейін қалада және ауылдық елді мекендерде, саяжайларда құрылысы жаңадан салынған тұрғын жайлардың, мөлтек аудандардың көше атауларының және олардың реттілік нөмірлерінің берілуін, сонымен қатар талапқа сәйкес ілінуін қамтамасыз етуді жүктеді. Екінші мәселе: қаладағы «қызыл сызық» талабын сақтамай салынған нысандар. Бұл тақырыпты кеңінен тарқатқан қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметов қала бойынша қызыл сызықты бұзып, құрылыс жұмыстарын жүргізген, сондай-ақ жер учаскесін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай отырған 15 нысан анықталғандығын және бұл нысан иелеріне шара көру мақсатында тиісті мәліметтер облыстық жерді пайдалануды реттеу және бақылау басқармасына жолданғандығын мәлімдеді.

Әйтседе бөлім басшысының бұл ақпаратына түзетулер енгізген қала әкімі қалада қызыл сызық талабын сақтамаған 34 нысанның барын айтып, бұл заң бұзушылықты тез арада ретке келтіруді нықтап тапсырды.Мәжілісте қаралған үшінші мәселе мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының барысы. Бұл туралы қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Руслан Намазбаев баяндады. Ағымдағы жылы қаладан көктемгі шақырылымда 60 азамат әскер қатарына алынып, бұл қажетті мөлшердің тек 29,8 пайызын құраған. Сонымен бірге әскери борышын өтеуден себепсіз жалтарып жүрген 119 азамат қалалық полиция басқармасының іздеуіне іліккен.

Тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра алмаған басқарма басшысының жұмысын сынға алған қала әкімі «Көктемгі мерзімді әскери қызметіне шақырудың тапсырыс көлемі 201 азаматты құрап отыр. Берілген межені 100%-ға жеткізу қажет», – деп кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ қалалық полиция басқармасына белгісіз себептермен әскерге шақыру комиссиясынан жалтарып жүрген азаматтарға іздестіру жұмыстарын күшейтіп, заңға сәйкес шаралар қабылдауды міндеттеді.

Күн тәртібіне сәйкес қалаға сапалы ауыз су беру жұмыстары мен кәріз жүйелерінің жағдайы да талқыланды. Аталған тақырыпта баяндама жасаған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев сәуір айына дейін тұрғындар тәулігіне 40-42 мың текше метр ауыз су тұтынып келсе, сәуір айынан бастап ауыз су пайдалану көлемі 75 мың текше метрге жетіп, су қысымының төмендеуіне әкелгендігін атап өтті. Қала әкімдігі тарапынан үнемі қолдау тауып тұрса да қызмет көрсету сапасы төмен, қордаланған қарызы мен өзекті мәселесі шешімін таппай келе жатқан Су жүйесі мекемесін шаһар басшысы сынға алып, ең алдымен судың сапасына мән беріп, қысымын қадағалап, бұл бағыттағы жұмысты дұрыс үйлестіру керектігін ескертті.

Сонымен қатар өткен жылы күрделі жөндеуден өткен қаладағы 23 кәріздік насостық станциялардың қазіргі сыртқы келбеті мен айналасындағы тазалық жағдайының сын көтермейтіндігін айтып, анықталған кемшіліктерді 25 мамырға дейін ретке келтіруді жауаптыларға тапсырды. Сондай-ақ жеке секторларға аралау жүргізіп, кәріз құдықтары ауланың сыртында емес, арнайы талаптарға сай аула ішінде орналасу қажеттігін түсіндіруді талап етті. Мәжіліс соңында шаһар басшысы берілген тапсырмалардың мерзімінде және нәтижелі орындалуы тікелей өз бақылауында болатындығын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<