Қармақшы: кәсіпкерлікте өсім бар

452

0

Қармақшы ауданы Жосалы кентінің тұрғындары жақында «көгілдір отынның» игілігін көреді. Бұл туралы аудан әкімі Мұса Қалдарбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Аудан басшысының айтуынша, өткен жылы газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарту желілерінің құрылысын толық аяқтау мақсатында 2 млрд 343 млн теңге қаржы тартылған.

– Осы қаржыға 159,5 ша­қырым газ құбыры жүргізілді. Жобаның аяқталу мерзімі – биылғы жылдың ІІ тоқсаны. Шешім тапқан мәселенің бірі – Жосалы, Төретам кенті мен Ақай елді мекеніндегі 80 процент тозығы жетіп, 50 жылдан астам жөндеу көрмеген электр станцияларының қайта жаңғыртылуы. Бұл жобаларды іске асыру мақсатында 3 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Құрылыс жұмыстарының көлемі де едәуір артты деп  айта аламыз, – деді Мұса Оспанұлы.

Мәліметтерге сүйенсек, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 40 жоба іске асқан. Серпінді жобалардың аясында 804 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, ауданда 9 әлеуметтік нысанға, елді мекендердің 6 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру мәселесі шет қалмаған. «Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы аудан экономикасын ілгерілету бағытындағы жұмыстар да жүйелі.

– Өнеркәсіп саласындағы кәсіп­орындар 3 млрд 454 млн тең­генің өнімін өндірді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жал­пы көлемінде өсім бар. «Қар­мақ­шы құс» серіктестігінің жылына 1500 тонна ет өндіретін құс фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Фабрика іске қосылғанда 60-қа жуық жұмыс орны ашылады. Жалпы, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3891 бірлікті, ал онда жұмыс істейтін тұрғындар саны 5489 адамды құрайды. Кәсіпкерлік субъектілері 5 млрд 130 млн теңгенің өнімін шығарды. Өсім – 35,6 процент. Жыл басынан бері 329 азаматқа 199,8 млн теңгенің гранты берілді. Ал, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 70 өндірістік шағын жоба іске асты. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша, құрылыс материалдарын өңдеу бойынша,  тамақ өнеркәсібі бойынша цехтардың жұмысын қар­қындату, макарон цехының ісін ілгерілету  секілді жобалар бар, – деді аудан әкімі.

Спикер алға межеленген жоспарларды да тарқатты. Облыс әкімінің «2021  жылға арналған іс-қимыл  жос­парын»  жүзеге  асыру мақсатында Ақай және ІІІ Интернационал ауылдарында спорттық-сауықтыру ке­шендері салынбақ. Сонымен қатар ауданда «Агроаймақ» құру қолға алынуда. Ол арқылы агросаламен айналысатындарға ауылдар жанынан бау-бақша егуге мүмкіндік берілмек.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<