Өмір жолы өнеге

691

0

 Сыр елінің пәтуалы сөзін ұстап, ынтымағы мен қадір-қасиеті артып, өмірлік өсіп-өркендеуіне бүкіл азаматтық әлеуеті мен беделін, зайырлы бітім-білігін, білімін аяусыз сарп еткен, ақылы дария құрметті қарияларымыздың бірегейі болған, осы күні кеше ғана ортамыздан бақилыққа озған Ыдырыс Қалыұлы ақсақал болатын. 

Қадірменді ағамыз қазыналы Қазалының қасиетті топырағында өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келген. Жаратқан иеміз сол бір шапағатты шағында-ақ бұл пендесінің бойына ерекше еңбекқорлық, әділдік пен ақиқаттың ақ жолында жүретін турашылдық, адамзаттың асыл дүниелерін қастерлейтін, елі мен жұртына қарымды қызмет жасаудан шаршап шалдықпайтын қасиеттерді молынан сіңіріп қойғандай. Қайткен күнде де Ыдекеңнің 92 жыл бойы жарық әлемде жарасымды тіршілік етіп,  дара жұлдыздай жарқырап өткен өнегелі де өрнекті өмір жолы сөзімізді айна-қатесіз айғақтай түседі.

Ең әуелі Ы.Қалиев қазақтың маңдайына біткен асыл да ардақты тұлғаларының тұқымынан екендігін айтпақ парыз. Оның арғы даңқты бабасы қарадан шығып хан болған Сейітқұл қажы ұрпағының хас жауһарларының бірегейі әйгілі Әйтеке би һәм Жалаңтөс баһадүр.  Тарлан тарихтың терең қойнауына дендеп енбей-ақ, ағамыздың өзіне тонның ішкі бауындай жақын бертінгі шежіресінен мағлұмат келтірсек, ол былайша өріледі. Орталық Азияның ақырғы арыстаны, Тұран жұртының соңғы жолбарысы атанған Жалаңтөс баһадүрдің бірінші әйелі Шөмекей Темірбалқы бидің немересі Дүрия сұлу болатын. Одан Раңбай, Кежеғұл, Төлеу, Наурыз ныспылы ұлдар дүниеге келіп, бір тайпа ел болып, бүкіл қазақ жеріне өрісін кең жайған. Сол төрт ұлының ұрпақтары түгелдей негізінен Қазалы ауданы, Арал аймағын мекендеген. Ал баһадүрдің тұңғышы Раңбайдан Дәулет, Өтеген, Сейтен атты үш ұл дүние есігін ашқан. Өтегеннен Қармыс, Саркөт туады. Саркөттен – Құдайберген, Тәмен; Құдай­бергеннен Шонтығұл, Итіғұл би туады. Итіғұлдың кіндігінен Құлтан өрбиді. Бұл кісіден Қалы, Әбубәкір, Оразбай деген үш ұл мен Ырысты есімді бір қыз өсіп өнген. Қалыдан Тілеулі, Ыдырыс, Жүгініс, Рахатдин атты төрт ұл және Күлжан қыз дүниеге есігін ашады.

– Әкеміз Қалы өте қайратты, Қазалы уезінің аумағында палуан деген атаққа ие болған адам. Ол күреске шыққанда онымен белдесуге ешкім батылы жетіп қарсы келе қоймайтын көрінеді. Тек өзінің жақын інісі Арыстанбектің Бектұрсыны ғана күрескенде тепе-тең келетіндігін байқаған. Бірақ ол ағамның белінен ұстамаймын деп көкесімен күреспей, әралуан қалың додада ұтып алған сыйлықтарын сыбаға сыпатында тарту етіп беріп кететін көрінеді. Жақын ауылдағы Хангерей бидің қызы Зибагүлмен танысып, екеуі бірін-бірі ұнатып, сөз байласып, оны тәуекелге бел буып алып қашқанда әкеміз арттарынан қуған он адамды қолындағы қамшысымен нықтап ұрып құлатып, құтылып кеткен ғой. Иә, ол өте еңбекқор адам болған. Өзінің күш-қайратына сеніп егін екті. «Бір жылда үшжылдық азығымды жинап аламын» дейді екен. Шешеміз Зибагүл де бақуатты, отбасына қатысты қай жұмысты да бел буып бірге атқарысты. Балаларын, яғни бізді қатарымыздан кем қылмай өсіріп, тәрбиеледі. Колхозда асхананы басқарды. Жұртпен бірге диірмен тартып, быламығын жасап, жармасын, тапа нандарын пісіріп, уақытылы жамағатқа жеткізіп тұрды. Үй шаруа­сына біз де қатыстық, –деп аяулы ата-анасын ризашылықпен еске алып отыратын Ыдырыс ақсақал.

Дегенмен, тіршілігінде мың өліп, мың тірілген біздің халқымыздың басынан кешкен тауқыметтері  бұл әулетті де айналып өтпеді. Әсіресе, Қалының екінші баласы Ыдырыстың өмір жолы қилы-қилы қиындықтармен қиысып, алапат аштық пен сұрапыл соғыстардың салқынымен жаны шықпастың күйін кешумен өтті. Шаш ал десе бас алатын пролетариат диктатурасының сойылын соққан қаныпезер большевиктердің қазақ даласында қалыпты тұрмыс салтын қарудың күшімен күл-талқанын шығарып, елді есеңгіретіп, социализмді зорлық-зомбылықпен орнатуға күш салуының аяғы сұрапыл аштыққа, халқымыздың тең жартысы қырғынға ұшыраған орны толмас қасіретке ұрындырғаны белгілі. Ал біздің Ыдырыс аға бесіктен белі шықпай жатып осы қиын-қыстау зар заманның барша ауыртпалығын арқалады, ащы запыранын аяусыз татты. Мешітте бала оқытып, жастарды имандылыққа тәрбиелеген, Құран Кәрімді жатқа білгендіктен қари атанған Қалы әкесі қаныпезер, қандыбалақ қызылдардың қудалауынан қашып, Өзбекстан жеріндегі Үргенішке барып бас сауғалауға мәжбүр болады.

Мұндағы отбасының жалғыз тірегі локомотив депосында жұмыс істейтін Тілеулі ағасы ғана. Бір күні оның да жұмысы қысқарып, далада сенделіп қалады. Үйдегі бар мүлікті сатып талғажау қылады.  Міне, сонда буыны қатпаған сегіз жасар Ыдырыс Қазалы қаласындағы балық зауытының қызметкері туыс ағасы Әбубәкірдің қоймасынан балық алып, кішкене шанаға салып сүйрелеп жүріп 9 шақырым жердегі станцияға әкеліп сатып, үйге тамақ әкеліп жүрді. Бір күні ол да таусылды. Ішетін үнемге ештеңе қалған жоқ. Басқа амалы болмаған соң, өңшең көкөзек ашқұрсақ отбасы көн етікті суға қайнатып жейді. Аза бойыңды қаза қылатын неткен сұмдық, сорақы, қасіреттің қатыгез көрінісі десеңізші бұл. Әйтеуір өмірдің жалғасы бар екен, оларды осынау өлімші халден дәл мезгілінде жоғарғы жақтан екі түйеге артқан астығымен келіп жеткен қайран әкесі құтқарып қалады.

Иә, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі, ал тірі адам тіршілігін жасайды. Өр рухтың өршіл оты кеудесінде маздаған Ыдырыс аға алдына асқаралы армандарға жетуді берік мақсат етіп қояды. Қаршадай күнінен қиындықтарды жүрегіндегі жалынға толы күш-жігерімен жеңе отырып, тек қана алға ұмтылады. Өмірдегі өзіндік ер мұратын еншілеудің ең басты амалы оқу, оқу және оқу деп біледі. Сол тұстағы билік басындағы пролетариаттың көсемі де осынау міндетті кеңес үкіметінің жас ұрпағына ұрандата отырып, мықтап жүктеп баққан болатын. Обалы не керек, кеңес билігі аталған межені бүкіл жұртшылық болып игеру үшін хал-қадерінше жағдай жасауға талпынды. Жер-жерде, оның ішінде бұлардың ауылынан да бастауыш мектептер ашылды.  Оған өскелең ұрпақ көптеп тартылды. Әйткенмен, Ыдекең жатын орынның тапшылығын тартып, аш-жалаңаштықты бастан өткере жүріп, әр елді мекендегі мектептерден оқып сегізінші сыныпты тәуірлердің қатарында тәмамдайды. Осымен оқудың жолы кесілді. Өйткені батыста сұрапыл соғыс өрті бұрқ ете қалған-тын.

Сонымен алтыайлық курсты екі-ақ айда оқып бітіріп, шұғыл түрде  паровоз машинисінің көмекшісі атанып шыға келеді. Алайда салған беттен жайлы лауазым қайда? 16 жасқа толмаған бозбаланы жолаушылар таситын СУ-2 пойызының паровозына от жағушы етіп жібереді. Онан соң майданға соғыс техникаларын тасымалдайтын литерлі пойыздың паровозында жасөспірім бала күніне 12 тонна көмірді шойын ошақтың көмейіне атқылаумен айналысады. Ауыр жұмыстан әбден діңкелеп, құр сүлдері қалады. Мұны аңғарған жоғарғы басшылар жеңілдеу жұмыс учаскесіне жегеді. Ал барша тауқыметтен оны анық құтқарған соғысқа шақырған қағаз болды. Бұл 1943 жылдың наурыз айы еді, майданда кескілескен ауыр ұрыстар жүріп жатты.

Ұзын сөздің қысқасы, Ыдырыс ағамыз сол кеткеннен мол кетіп, еліміздің шығыс шекарасында  милитаристік Жапонияның басынан бақайшағына дейін қаруланған, техникасы қуатты Квантун армиясымен бетпе-бет тұрып, 1945 жылдың тамыз айында қатты қантөгісті шайқастарға қатысып, жеңіс туын желбіретеді. 1950 жылы ғана отбасына аман оралып, туған жермен қауышады.

Өмір, шіркін, күрес, тіршілік үшін текетірес. Расында, қолымыздағы «Ғибратты өмір жолым» атты мемуарлық естелік кітабында жазылғандай, ол кісінің барша жүріп өткен соқпақ-сүрлеуі нағыз қаһарман күрескердің өрнекті өнегесі деуге болады. Ол тар жол, тайғақ кешуде заманның зардабын көп көрді. Бірақ Ыдекең ешбір жерде, ешбір кезеңде ауыртпалықтарға мойымады, тұрмыстың ауырлығымен арыстанша айқасты. Соғыстан соң оқуын жалғастырып, өндірістен қол үзбей әуелі мектеп бағдарламасы бойынша білімін көтеріп, соңынан Алматыдағы ұлттық іліміміздің бас­ты ордасы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетіне сырттай оқуға түсіп, бітіріп,  жоғары білімді маман дәрежесіне жетті.

Талапты ерге нұр жауар демекші, ілгері қарай тынымсыз талпынған жігерлі жігіттің тасы өрге домалады. Намыстың отына жанылған жанның қызмет бабында біртіндеп өсу жолы жарқын болды. Еңбек ету үстінде сатылай келіп, 1951 жылы Қазалы темір жол бөлімшесінің нұсқаушылығынан бастап Қызылорда облыстық партия комитетінің өндіріс-байланыс бөлімінің нұсқаушылығына бір-ақ секірді. Теміржол саласындағы және майдан даласындағы темірдей тәртіппен шыңдалған, бейбіт замандағы еңбек үдерісінде үзбей танбай үздіктердің тобынан табылған атпал азаматтың алға басқан адымы ұзай берді. Ендігі жерде ол облыстың жалынды жастар ұйымы – комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Сол кездегі билік басындағы партияның шын мәніндегі сенімді көмекшісі және өмір дамуын өрге бастырушы күш-қуаттың қайнары, белсенді кадрлардың сарқылмас резерві болып жасампаздықпен жаңғырыққан жалынды жастардың жетекшісі атанған бақытты да байырқалы бір шабытты шақ еді бұл. Әр комсомол мүшесі туған еліне шынашақтай болса да пайдасын тигізуге тиіс деп білді. Арынды асау Сырдарияның алдын тежеп, кейіннен өңірімізде жүз мың гектардан астам күріш алқабын өсіруге жол ашып, құт несібеміздің тұрақты қайнар көзіне айналған Тасбөгет су тоспасын тұрғызуда сол 50-ші жылдардың комсомолдарының қомақты қолтаңбасы да бар. Олай дейтін себебіміз, бұл нысан бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланып еді.

Айтпақшы, ізіне түсіп зерттеп көп ізденіп жүріп, сол кезде әділетсіз ұмыт қалған біздің Қазақстанның және бүкіл советттік Шығыс жастарының көсемі болған жерлесіміз Ғани Мұратбаевтың аты мен елге жасаған еңбектерін еске түсіру үшін республикалық конференция ұйымдастырып, онда өзі маз­мұнды баяндама жасап еді. Алқалы жиынға Қарақалпақстаннан Ғани­дың қарындасын, әйелі Бақытжанды Талдықорғаннан алдырып, Алматы, Ленинград, Фрунзе, Ташкент, Ақтөбе мен Семейден қызметтес болған комсомол ардагерлерін шақырады. Олардың ішінде Сара Есова, Өтебай Тұрманжанов, Жүсіпбек Арыстанов, Н.Оцуп, Әуелбек Қоңыратбаев, Асқар Тоқмағанбетов, т.б. бар еді. Әрине бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе әдепкіде түсініспеушіліктен туындаған қиын­дықтар, оған қарсы болғандар көп ұшырасты. Басшылардың шындыққа көзін жеткізуге аз күш жұмсалған жоқ.

Ыдекеңнің Оодақтың астанасы Мәскеуде СОКП жанындағы жоғарғы партия мектебін бітіріп келгеннен кейінгі қызметі Аралда екі жылдай басшылықта болғанын айтпағанда, негізінен тікелей 20 жылдан астам уақыт бойы облыс орталығындағы шаһармен тығыз байланысты. Ол Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші, бірінші хатшылығына сайланады. 1982-1987 жылдары облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарғанда да осынау құтты орда оның әрдайым белсенді еңбек жолының орталығына айналады.

Қызылордадағы жұмыстың ең үлкені бас жоспар жасаудан басталды. Сол бойынша қаланың батысы мен шығысы ірі өндіріс орындарына, оңтүстігі құрылыс материалдары орталығына беріліп, қала тұрғындарының қоныстану массиві орталықтағы 9 көшеге шоғырлану керек болды. 9-12 қабатты тұрғын үйлер салу көзделді. Жапырайған ескі жер үйлер, тозығы жеткен ғимараттар, шағын өнімсіз, өң-реңсіз өндіріс орындары сыпырылып, толығынан жойылып, бұлардың орнына көпқабатты сәулетті үйлер мен жаңа ғимараттар салу қолға алынды. Қазіргі университет ғимараттары, орталық стадиондар, қалалық аурухана, парк, көптеген мектептер, кинотеатрлар, алаңдар, скверлер, т.б. сол кезде салынған нысандар. Бұдан бөлек облыс орталығында целлюлоза картон комбинаты, электр жылу орталығы, күріш, сүт, ет зауыттары, көптеген өнеркәсіп және өндіріс ошақтары пайда болды. Мыңдаған жұмыс орындары ашылып, қызылордалықтардың табыс көзіне айналуы өз алдына, осылайша заман талабына сай жаңаша қарқында қажымай-талмай жұмыс істеу өңірдің, қаланың экономикасын епкінді дамытуға мүмкіндік берді.  

Бәрін айт та бірін айт демекші, Ыдырыс ағамыздың  біздің облыстың басшылығында болғанда атқарған ілкімді істерінің ең шоқтықтысы оның обкомның бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековпен бірге тізе қоса отырып аймағымызды дамыту туралы одақтық басшылық биліктегі  партия, кеңес органдарын жағалап, нақтылы мәселе қойып, қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеп, ресми қуатты құжат – арнайы қаулы шығартып, бекіттіріп ала білуі деп санаймыз. Құмкөл кенішін интенсивті түрде игеру, халыққа әлеуметтік жеңілдіктер жасау, басқа да қаржылай және материалдық көмектердің көрсетілуі біздің Арал экологиялық апат аймағындағы халқымыздың бағын ашқан осы белсенді қадамдардан басталып еді.

Қашан да қабырғалы халықты қара нардай айбынды да айдынды азаматтары басқарса керек-ті. Тегінде, билік тізгінін ұстаған қайсыбір басшының да өзіне әр деңгейде үкімет, елі көрсеткен сенім үдесінен шығып, іргелі істерді тындырып, артында ізгі із қалдыруға шама шарқынша ұмтылып бағатындығы белгілі жайт. Әйткенмен, сол жауапты қызметтерінде қандай нәтижеге қол жеткізе алатындығы ел ағасы атанған азаматтың тікелей өзінің іскерлік қарым қабілетіне, адами қасиетіне, білімі мен білігіне байланысты жүзеге аспақ. Ендеше осы тұрғыдан ой сараптасақ, Ыдырыс Қалыұлы бүкіл саналы өмірінде атқарған істерін елі мен халқы жоғары бағалайтын деңгейде жүзеге асырып, жақсы жетістіктерге жетіп, артында жақсы ат қалдырды деп тұжырымдауымызға толық негіз бар.

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет, Қазақстан КП съездеріне 6 рет, ВЛКСМ сьездеріне 2 рет және СОКП-ның XXVII сьезіне делегат болып қатысу мәртебесі сирек кездесетін бақ болып тек Ыдекеңе ғана бұйырды.

Тегіне тартпай ұл тумас, бұл ретте де ағамыз азаматтық һәм адамгершілік қалпынан айныған жоқ. Өзінің даңқты түп атасы Жалаңтөс Баһадүрдің туған елі мен жері үшін атқарған еңбектерін жарыққа шығарып көрсету мақсатында арнайы қор құрды. Осы қоғамдық ұйымға басшылық жасай отырып, аталған бағытта қадау-қадау жұмыстар тындырды. Баһадүрдің туғанына 425 жыл толуына арнап Қызылордада өткізілген республикалық ғылыми конференцияда ғұлама ғалым, академик Манаш Қозыбаев: «Дана туған Жалаңтөс Баһадүрсіз қазақ халқының тарихы толық болмайды. Оны кемеріне келтіріп, сабасында ұстайтын Бейбарыс, Абылай, Абай, Шоқан, Ахмет Яссауи сияқты ұлы тұлғалардың бірі – Жалаңтөс баһадүр. Өркениеттің өріне, сән-салтанатты төріне сүйрейтін де солар» деп тұжырымды баға берді. Ежелден бауырлас қазақ пен өзбектің арасы жақындай түсіп, Самарқан, Бұхара жерінде екі жақтың ізгі ниетті азаматтары сан мәрте бас қосты. Жалаңтөс баһадүрдің кесенесі жаңа сәулет бойынша жаңғырды, Қызылордада еңселі ескерткіш орнатылып, көше мен мектепке аты берілді. Кітап шықты, деректі фильмдер түсірілді.

Әлі есімде, өткен жылы Ыдекең  төсек тартып жатқанда біз облыс әкімі екеуміз көңілін сұрап барған болатынбыз. Сонда Қырымбек Елеуұлы Ыдекеңнің хал-жағдайын сұрастыра келе жылы сөздерімен жанын жұбатып: «Ал аға, бізге қандай тапсырма, не өтініш бар?» деп сауал қойған болатын. Ағамыздың бізге айтқан ақырғы аманаты мынау болды:

– Бүкіл Тұран елінің бас қолбасшысы, Самарқан уәләятының билеушісі болған атақты жерлесіміз, батыр бабамыз Жалаңтөс баһадүрдің атын ұлықтап, есімін мәңгілік ел есімінде қалдыруға өз елімізде, Қызылордада және Өзбекстанда бір қыдыру жұмыстар атқарылды. Сең қозғалды. Шүкіршілік. Алайда әлі де осы орайда аяқталмаған жұмыстар бар. Ол ұсыныстар өздеріңнің де ойларыңда жүр ғой. Айналайындар, осыны аяғына дейін жеткізу өздеріңе аманат.

Қайран қайраткер аға… Ақтық деміне дейін елі мен жеріне адал қызмет жасаған ұлағатты ұл болып өмірден өткен Ыдырыс Қалыұлының дүние салғанына жыл толуына орай осы тамыздың 25-ші жұлдызында арнайы ас беріліп, аруағына бағыштап құран оқылмақ. Ол кісі зейнетке шыққан соң да азаматтық белсенді қалпынан айныған жоқ. Облыстың барлық ірілі-уақты шараларына ат салысып, ой-пікір білдіріп, тілеуқор де батагөй абыз ақсақалымыз болып бақилыққа аттанды. Адам қызығарлықтай өнегелі де өрнекті өмір сүріп, сирек те тағылымды тағдырдың егесі болып бұл фәниден озды. Артында жақсы аты, ғұлама шежіредей шерткен хаты, ал ең бастысы ұлағатты ұрпағы қалды.

Ағымнан жарылып ашығын айтсам, мен үшін Ыдекең туралы ой-пікір бөлісу әрі жеңіл, әрі қиындау. Оңай болатыны мен қадірменді ағамызбен құдай қосқан мың жылдық құдамын. Қанзира құдағи екеуінің кенжеміз деп бауырына басқан құлыншақтары  Нұргүл  біздің Дәулет баламыздың келіншегі. Осыдан келіп бұл текті әулетпен қарым-қатынасымыз, Серікжан құда және Гүлнар құдағимен, Фарида құдашамен өзара сый-құрметіміз көптен бері сәтімен өркен жаю үстінде. Алла жазса, сол сүттей ұйыған жарастықты қалпымыз ұзағынан жалғасын таба береді деп сенемін. Оған дәнекер біздің көңіл төріндегі бір-бірімізге деген сыралғы сыйластығымыз және ең бастысы екі жаққа ортақ Әселдей тәтті немерелеріміз.  Осындай жегжат жұрағаттық, тіршілігіміздегі тамаша араластығымыз ол әулет туралы көкейімде орнықты, айнымас оң пікір қалыптастырған.

Ал енді тақырыптың қиындығына келсек, мен үшін Ыдекең жарты ғасырға жуық өзім сырттай, іштей танып біліп, қайраткерлеріне һәм адамгершілігіне әлдеқашан басымды иген рухани ағам, жақын жуығымдай. Ол кісіні әманда өнеге тұтып, ғибратты өмір жолын үлгі етіп, әруағына білгенімше дұға, тілек бағыштап отырамын. Ал жүрегіңнің төрінен есіміне елеулі орын берген бауырыңдай жайсаң жан жайлы әрдайым тебіренбей, толғанбай, ойланбай сөйлеу немесе жазу қиынның қиыны екендігін әркім-ақ білсе керек. Ең бастысы, жан-жағына шарапатты шуағын шашқан Ыдырыс Қалыұлындай тұлғаның өнегесі мен ардақты аты ел есінде өшпестен мәңгілік қалса екен деймін.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, 

академик.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<