Орта тап. Ол кім?

955

0

Әлемдік жағдайдың сипаты әлі күрделі, аласапыран. Кейінгі уақытта өздерін ұлы держава санайтындардың бір-бірімен қарым-қатынасы барынша ушыға түсті.

Қазір өткен жылы бүкіл әлемді алаң­датып қоймай, тығырыққа тіре­ген коронавирус дерті осы күрделі ахуалды барынша ушық­тыра түскен сыңайлы. Әлемде осы дерттен қайтыс болғандар саны 2 млн адамға жуықтады. Әзірге, сарапшылардың айтуынша, бұл салыс­тырмалы түрде алғанда соншалықты қасірет болып саналмайды. Ең сорақысы сол, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша негізінен Африка, Оңтүстік Америка елдерінде тұратын 1,5 млрд халық аштық құрсауында қалуы әбден мүмкін. Бұл тамақтың, азықтың жетіспеуінен емес, елдің табыс табу мүмкіндігінен айырылу, яғни жұмыс таба алмаудың салдарынан болады.

Қазір әлемдегі жағдай бұдан да күрделі сипат ала бастады. Халықтың бай және кедей болып жіктелуінің өзара қатынасы астрономиялық цифрға дейін жетті. Жай ғана есептеулер бойынша дүние жүзі халқының 70-80 проценті бар болғаны 0,5-1 процентті құрайтын дәулеттілерге қызмет жасайды. Тіпті, бұл пропорцияның XIX ғасырдың 30-шы жылдарындағы ұлы депрессиядан асып кеткенін айтады сарапшылар.

Өткен қаңтар айында Швейцария­ның Давос қаласында болған бүкіл әлемдік экономикалық форумда Ресей президенті Владимир Путин осылайша жіктелудің соғыс қаупін тудыратын жағдай екенін айтып, оның алдын алу керектігін мәлімдеді. Бұл орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі және әлемдегі ах­уалды сараптан өткізіп, бізде кез келген уақытта болуы мүмкін әртүрлі қауіп-қатерлерден сақтандырып келеді.

Біз, әдетте, әр мемлекеттің күші мен қауқары қиналған сәтте орта топтың іскерлігіне сүйенетінін айтып жүрміз. Рас, ол шындық, бірақ халықтың негізгі тобы кедейленген уақытта орташаның да тұрмыс деңгейі төмендейді. Бұл – аксиома, өмірдің шынайы болмысы. Осы орайда төмендегідей де­ректерді оқырман назарына ұсы­на кеткім келеді. Қазақстанның Ұлт­тық банкінің 2020 жылдың қазан айындағы дерегі бойынша қазақ­стандықтардың 16 процентінің ғана банктерде сақтаған жинағы бар көрінеді. Бізде қанша адамда қаншалықты салым бар, оның мөл­шерін жіктеу біршама қиын­дық туғызады, дегенмен, ол дерек­тер­дің көңіл көншітпейтінін батыл түрде айта беруге болады. Оның қан­шалықты деңгейде екенін ке­шегі бірыңғай зейнетақы қорында қар­жыны игілікке жарату кезінде байқадық.

Цифрлар кейде жағдайдың мұнан да күрделі екенінен хабар береді. Осыдан бір жыл бұрын сол Ұлттық банк жүргізген сұрау бойынша қазақстандық отбасылардың 7 процентіне ғана айына 300 мың теңгеден астам, ал отбасылардың 68 процентіне айына 100 мың теңгеден төмен табыс кіріпті. Бұл деректер республикалық «Деловая неделя» газетінің үстіміздегі жылғы 19 ақпанындағы санынан келтіріліп отыр. Сол мақалада Путиннің ресейліктердің 70 проценті орташа тапқа жатады деген пікірін келтіріп, оған біршама талдау жүргізіпті.

Цифрлар жақсы. Бірақ, Ресейде ол нақты болмыстан алшақ жатқанын айтқымыз келеді. Мемлекеттің 82 аймағындағы жағдайдың әртүрлі екенін ескерсек, әлгі деректер барынша талдау сүзгісінен өткізуді талап етеді. Шын­дығында, орта топқа қатысты Қазақ­станда да, Ресейде де, тіпті қаласаңыз, әлем елдерінің көпшілігінде көрсетіліп жүрген деректерге біржақты баға беруге болмайды. Әңгіме әлгілердің санында емес, бағалау критерийлерінің сан алуандығында жатқан сияқты. Кімді, қандай топқа жатқызамыз? Қандай елде олардың өлшемі қалай бағаланады? Бұл орайда сарапшылар Ресейдегі 70 процент орта тап деген өлшемге күмәнмен қарайды.

Тағы бір деректі келтірейін. Ресейдің ресми теле­арнасы жуырда ғана халықтың депозит салымдарының 85 проценті Мәскеу мен Санкт-Петербург қаласында жиналғанынан хабардар етті. Бұл – шындық, шындық болғанда көрсеткіштің орта тапқа қатысты мәліметтен тым алшақ екенін көрсетеді.

Қазақстанда ресми дерек бойынша халықтың 31,8 процентінің табысын зейнетақы мен жәрдемақы құрайды. Бұл – трансферттердің, яғни жоғары бюджеттен аударылған ақшаның көрінісі. Халықтың 56,5 процентінің табысы жалақы. Ал жалақы кейбір салаларда өсуде, ендеше өткен жылғы жоғарыда келтірілген 68 процентке біз 2021 жылдың қорытындысы бойынша біршама өзгерістер енгізуіміз ықтимал.

Иә, жалақы өсіп жатыр. Бірақ қазір ол нақты тұрмысқа тағы өлшем бола алмайды. Дұрысын айтқанда, жалақымен орташа тұрмыс деңгейін өлшеп-пішудің қисыны тағы келмейді. Біріншіден, жалақыны жоғарыдағы цифрдан көрініс беріп отырғандай, барлығы бірдей алмайды. Екіншіден, жалақының сатып алу қабілетін инфляцияның жұтып жіберетінін және жасыруға болмайды. Ол – өкінішке орай, алдағы уақытта да жалғаса беретін құбылыс.

Кейбір ақпарат құралдары  Қазақстандағы орта тап өкілдерінің шетел асып кетіп жатқанын, олардың өз отандарында бизнес жасауға кедергілердің көп екендігінен осылай болып жатқанын айтады. Шындығында, бұл – пародокс. Проблема бар, бірақ ол тым қоюлатып көрсететіндей жағдайда емес. Біздің пайымдауымызша, әңгіменің төркінін басқа түйткілден іздеуіміз керек. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығындағы фермерлердің 5 проценті бүкіл мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Қанша фермер қанша халықты асырай алады? Ал ол біз әңгімелеп отырған орта тапқа тікелей қатысты. Қазір еңбек өнімділігі туралы көп айтыла бастады. Ал еңбек өнімділігі дегеніміз – озық технология. Еңбек өнімділігі төмендеген елде бәсекелестігі басым елдердің өнімдері өтімді болады, бүгінгі шындықтың түп тамыры, міне, осында жатыр. Қайталап айтамыз, ол орта таптың қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді.

Қазақстанда 19 млн халық тұрады. Экономис­тердің есебі бойынша орта және шағын бизнестің ішкі нарықты пайдаланып, өркендеуі үшін елімізде 50 млн халық өмір сүруі тиіс. Орта бизнес, яғни сол орташалар мемлекеттің қолдауымен осындай жағдай қалыптасқанда ғана өркендей алады. Бұл – енді біздің жуық арада қолымыздан келе қоймайтын шаруаның бірі. Мұны әдетте объективтік себептердің бірі ретінде қарас­тыруға болады.

Қазақстанға байланысты емес басқа объективті себептер бар. Жоғарыда айтқан Давос форумында Ресей президенті Путин әлемде бар байлықтың трансұлттық компанияларда шоғыр­ланғанын айтып, олардың төңірегіндегілерді жұтып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Әлемдік экономикалық жағдай күрделі сипат ала бастады. Алдағы жылдары жаһандық алыс-берістің салмағы АҚШ-тан Қытайға ауысатын сыңайы байқалады. Біздің Қытайға деген көзқарасымыз қандай деңгейде болмасын, бұл енді әлем мойындаған шындыққа айналды.

АҚШ-тың беделі күннен күнге төмендеп барады, тіпті сарапшылар қазір доллардың өзіндік құны оның сатып алу қабілетінен әлдеқайда төмен екенін айтуда. Соңғы деректер бойынша әлемдегі 50 мемлекет доллармен сау­да алыс-берістерін доғарды. Құндылығы алтынмен бағаланбаған жай қағаз ақшаны АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі станокта триллиондап  басып жатыр. Әлбетте, бұдан біз сияқты дамушы елдер экономикасы зардап шегуде.

Әңгімемізді орта таптан бастадық. Біз оны әрдайым елдің басты сүйенетін күші деп санаймыз. Бірақ әлемде қазір түсінік өзгеруде. Кімде қаншалықты деңгейде орта тап өкілдері бар екенін қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені экономикадағы түсініктер бұрынғыдан басқаша сипат ала бастады. Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы жағдай да осындай.

Әңгіменің төркіні, айналып келгенде, мемлекеттің жалпы әл-ауқатына байланысты деген мәселеге тіреледі. Сондықтан барлығын жіктей бермей, біз, ең бастысы, экономикадағы жағдайды барлығына түсінікті – ішкі жалпы өнім көрсеткішімен байланыстырғанымыз дұрыс деп санаймын. Мәселе оның қаншалықты әділ бөлінуінде болып отыр. Жалпы ішкі өнім қазір Қазақстанда шамамен 70 млрд АҚШ долларын құрайды. Кешегі пандемияның ауыр кезінде бізді аман алып қалған да – осы мемлекеттің қуатты күші. Біз оны лайықты бағалауымыз керек.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<