Нұқ кемесі қайырлаған көңілім

703

0

Талантты ақын, журналист «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы асқаралы 60 жасқа толды. Ол поэзия патшалығының табалдырығын аттаған кезінде:

– Жә, көңіл ғой, алыспен жуық жүрер,

Жаным жүдеп қалмасын, суып жігер,

Осындай бір сәттерде сардар өлең

Сәулеленіп санадан туып жібер,

Болмаса, мені өзіңнен қуып жібер…– деп жазған екен. Содан бері өлең деген сырлы әлемнің төріне озып, қатпар-қатпар қазынасын жиып келеді.

Өмірдің асқар белесіне көтерілген әріптесімізге шығармашылық өрлеу тілей отырып, жаңа өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

АДАМ ЗАҢЫ

Таңдайда – ақиқаттың қышқыл дәмі,

Маңдайда – көз ұнатпас ұсқын кәрі.

Еркіндігін ертеңі егеленген,

Менiң кеудемдегi жан – құстың жаны.

Қанатымды қаға алмай желмен есіп,

Түрме салды жаныма төр мен есік.

Сұм дүниені сүймеске амалы жоқ, 

Құм дүниені өтер ме пенде кешіп?

Омыраулап көңiлдiң талма шағы,

Орғыл құмның көзiнен жол қашады.

Алла құсты сүйгесiн орман жасап,

Құсты сүйген адамдар тор жасады.

Адам заңын әділ деп біліпсің бе,

Жаратқанның жолы бар дұрыс түрде.

Құстың тілі сөйлейді бақ ішінде,

Желдің сөзі жүреді құм үстінде…

ҚАЙРАН…

Барға – жомарт, жоққа – ғаріп,

Көрсін басым сорынан.

Қара шашым кетті ағарып,

Қу тірліктің қорынан.

Қайран көңіл, сен мені кеш,

Сүйретіліп сау жүрмін.

Тұзым жеңіл, еңбегім еш,

Дуасы жоқ аузымның.

Сенен күнә айырмаған,

Жалған өмір жазалы ол.

Нұқ кемесі қайырлаған,

Қазығұрттай таза жер.

Кетті ауылдың үлкендері,

Хәм әкетті үлгісін.

Жұбатпаған бір пендені,

Жақсы көрмек кімді ішің?

Жазуың бір маңдайменен,

Қайтер екем, ол заңды?

Қиыстыра алмай келем,

Қиратып ап қағбаңды…

АУЫЛҒА  АҚТАЛУ

Есеңгіреп қалыпсың, есіл ауыл,

Қайыры жоқ мендейдің несі бауыр?

Қошын көрген тірліктің біреу бар ма,

Тосын келген кеселдің кесімі ауыр.

Жерім-ай, қадірі мен нарқы қашқан,

Өлім-ай, жоқ-жітіктің артын ашқан.

Мен білер өкіметтің өзі мұқтаж,

Шенділер шапағаты тәркі бастан.

Ақ май-ай, алақандап бай асатқан,

Түтінім қисық ұшты қай ошақтан?

Зауалын тарттым ненің, заманым-ай,

Жауабын таба алмадым саясаттан.

Жамалына қарайтын хан қызығып,

Мектеп жеңді жеңгемді жалғызілік.

Мәңгілік ел дегенді түсінеді, 

Өмір сүрер адамдай мәңгі жүріп.

Қарайлайсың жолыма, қара бала,

Қапалысың қайтейін, жан ағаңа.

Бір айқара аша алмай құшағымды,

Құдай пана, күн кештік ара-дара.

Қол ұшын бере алмадым, жамағатым,

Молдаң жүр жоғалтып ап кәраматын.

Көне басқа көпіртіп жыр оқимын,

Өлең ақша болмайды дәрі алатын.

Іркілем ісім құрғыр мандымай түк,

Жазамын жара түскен жанды қайтіп?

Өтіндім кімнен нені, бұл да жұмбақ,

Отырмын өзіме өзім әңгіме айтып…

2022. ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР

Көше бойы көп тобыр,

Көрінбейді бетте нұр.

Шептегілер шабынып,

Шеткерілер текке жүр.

Аңғал жұртты пана ғып,

Алға шықты алалық.

Басу айтар бірі жоқ,

Бас жарылып, қан ағып.

Содыр ойы дөп түсті,

Сойқандатып кетті істі.

Жарылғыштар тіл қатып,

Жас балалар оққа ұшты.

Зар жыладым,

«Жетер!» деп,

Зәулім үйге от өрлеп.

Кектенбейтін бір жаққа,

Кетіп қалсам ба екен деп.

Құрбандығым бұл күнім,

Қайда кетем, құлдығым?

Отаныма байланған,

Оратылып кіндігім…

ӨТКЕН КҮН

Салт еді бір құрт түскен қоғамдағы,

Сұмпайлар сұлуларды көп алдады.

Босағада бозарып бір қыз қалды,

Кемпірді аттап кете алмай, обал-дағы.

Екі кісінің бірі өлер көп егестен,

Картоп мұрын езілді төбелестен.

Үйге келдім деп ойлап удай болып,

Молаға қонып қалған мен емес пе ем?

Отыз күн уәдемен қоректеніп,

Бір айда бір байыдым,керек болып.

Әкеме парызымды өтегендей,

Кафеге қарызымды төлеп беріп.

Түн қатып қара көзді ұрын құшып,

Жүргенмін жыным қысып, жырымды ішіп.

Қаншама рет қағылдым сыбағамнан,

Төрелердің алдында тілім қышып.

…Алпыстағы ақынның жыры осы ма,

Мақтанғанды кім көрген күнәсына.

Ақымақ бас аяққа мініп алып,

Өтіпті-ау қайран күнім, рәсуа!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<