Экспорттық өнімдерге басымдық беріледі

334

0

 Кезекті брифингте 2018 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында атқарылған жұмыстар және алға қойған міндеттер жөнінде облыс әкі­мінің орынбасары Серік Қожаниязов айтып берді. Брифингке ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария, жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, ҚР Президентінің «Бай­қоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармаларының басшылары қатысты.

Серік Салауатұлы алдағы бес жылда ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есеге және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді. Соған байланысты негізгі экспорттық дақыл күріш­тен бөлек экспортқа бағытталған, сонымен қатар суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілетін болады. Қа­зірдің өзінде ғалымдармен бірге Қара­тау етегінде суармалы емес алқаптарда су аз қажет ететін мал азығындық және басқа да дақылдарды өсіру бағытындағы жұмыстар басталып жатыр. Ал мал шаруашылығы бойын­ша облыстағы үш ірі мал бор­дақы­лау алаңы төңірегінде ша­руа­шылықтарды көбейтуге мән берілуде. Экспортқа малды тірі­лей шығарудан бөлек өң­дел­ген ет өнімдерін өңдеуге де ден қойылатын болады.  Балықты тереңдетіп өңдеу көп табыс әке­летіндіктен бұл бағытта да жұмыстар қолға алынуда. Облыс әкімінің орынбасары құс еті мен жұмыртқа негізінен басқа аймақтардан келіп жатқанына назар аударды. Енді ішкі на­рықты  аталған өнімдермен өзі­­міз қамтамасыз ете бастау міндеті тұр.

Биылғы су тапшылығы бұ­­­­­рын­­нан көтеріліп жүрген су қоймаларын салу туралы мәсе­лені тездетіп шешу қа­жеттігін айқын көрсетіп отыр. С.Қожаниязов «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймалары құры­­­лы­сының жобалық-смета­лық құ­­­жаттамаларын әзірлеу және құ­рылысын жүргізу үшін қар­жы бөлу мәселелері Үкімет бас­шы­­сының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шө­кеев­тің төрағалық етуімен өткен басқосуда қаралып, тиіс­ті тапсырмалар берілгенін мәлімдеді.

Брифингте саладағы макро­экономикалық көрсеткіштер ту­ралы мәліметтер берілді. Облыстың аграрлық секторын мемлекеттік қолдауға 2018 жылы 10,7 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 15,1%-ке артты. Ауыл шаруашылығының өндірілген өнім көлемі 16,9 млрд теңге болып, өткен жыл­дың сәйкесті кезеңіне қарағанда 2,8%-ке ұлғайды. Биыл облыста барлығы 184,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы да­қылдары орналасты. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 87,3 мың гек­тар. Облыс бойынша егілген 3636 гектар күздік бидайдың бү­гінгі күнге 2929 гектары жиналып, 5726 тонна өнім алынды.  Сондай-ақ, егіншілер 2296 гектар жаздық бидайдың 994 гектардан  1312 тонна өнім алды.

Облыс бойынша 325,4 мың бас мүйізді ірі қара, 713,3 мың бас қой мен ешкі, 130,9 мың бас жылқы, 47,3 мың бас түйе, 129,5 мың бас құс өсірілуде. Ет өндіру (тірі салмақта) 15751,4 тонна, сүт 38559,1 тонна, жұмыртқа 3363,9 мың дананы құрап, өсім тиісінше ет 3,6%, сүт 2,1% және жұмыртқа өндіру 45,8%-ті көрсетті. 2018 жылдың 1 сәуіріне 9,5 млн  долларды құрайтын 26,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 66% немесе 3,8 млн долларға артып отыр.

2018 жылдың І жарты­жыл­дығына облыс бойынша барлығы 2685 жеке қосалқы шаруа­шылықтың бірігуімен 105 кооператив құрылды. 2017 жылы жеңілдетілген несиелендіру бойынша 42 кооперативке 3,4 млрд теңге қаржы берілді. Нәтижесінде 1230 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. 2018 жылы экспортқа бағыт­талған инвестициялық құны 7,1 млрд  теңгенің 10 іргелі жобасын іске асыру жоспарлануда.

Облыс әкімінің орынбасары ветеринария саласында болатын өзгерістерге де тоқталып өтті. Елбасы  Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында «фермадан үстелге дейін» Қағидатына сәйкес ветеринариялық қызмет вертикалі құрылуда. Қазіргі күні, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан заң жобасы әзірленуде. Осы заңға сәйкес аудан (қала) әкімдігінің күшімен ветеринариялық станциялар барлық ветеринариялық іс-шараларды атқарумен, облыстық ветеринария басқармасы ветеринария саласындағы мемлекеттік қызметтермен және қажетті препараттарды сатып алумен, жеткізіп берумен айналысатын жүйе құрылатын болады. Бұл жүйе 2019 жылдың наурыз айынан бастап іске асырылмақ.

Журналистер сонымен қатар брифинг барысында 2015-2018 жылдары игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 192767,7 гектарды құрайтын 456 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы ақпарат алды. Сол секілді, көптен бері айтылып жүрген тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны бойынша жұмыс басталғанын білді. Мемлекеттік – жекешелік әріптестік механизмі бойынша ТҚҚ полигонының қалдықтарды сұрыптау кешені құрылысының жұмыстары басталған. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 ша­қырым қашықтықта орна­­ласады. Аумағы – 20 гектар. Жылына 60 мың тонна тұр­мыстық қатты қалдықтар сұрыпталады. Облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлініп, мамандандырылған техника мен жабдықтарға тапсырыс берілген.

С.Қожаниязов сондай-ақ ғарыш кешенін және Байқоңыр қала­сын дамыту туралы Елбасы тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтып өтті.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<