Әрбір ұсыныс бақылауда

330

0

Кеше облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Алдын ала өтініш беріп, қабылдауға жазылған азамат­тың бірі – қазалылық Дінахмет Аман. Теміржол саласының ар­дагері «Skype» байланыс жүйе­сі арқылы аймақ бас­шы­­­сынан жаңадан салы­нып жатқан тұрғын үй құ­ры­лы­сы­ның инфра­құры­лым­дарын жет­кізуге қаржы бөлуді сұрады.

Облыс әкімі аталған мәселе бойынша Республикадан қаржы қаралғандығын, алдағы уақытта облыстық сессияда бұл мәселені халық қалаулыларымен талқы­лап, 90 процент құрылысы бітіп тұрған тұрғын үйдің инфрақұрылымын 100 процентке жеткізу тиянақ­тала­тынын айтты.

Сонымен қатар, өткен жылы облыста жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» ықшам ауданында тұрғын үйлер халық игілігіне берілген болатын. Мұнда халыққа қызмет көрсету орталықтары да ашылып, жұмысын бастады. Ықшам аудан тұрғындарының тағы бір өтініші «әлеуметтік дүкен болса» деген тілегін жеткізді. Аймақ басшысы аталған әлеуметтік дүкен, балалар ойын алаңдарын салу сияқты жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Тереңөзек кентінен келген Ұлмекен Жаналиева «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төр­айымы болып қызмет ат­қарады. Ол өз кезегінде «Азаматтық Альянс» қоғамдық бірлестігінің қызметін қайта жандандыру және осы құ­рылым арқылы аудандық, ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, тәжірибе алмасса» деген тілегін жеткізді. Сонымен бірге, облыстық деңгейде «Аналар кеңесін» өткізу жайлы ұсынысын да айтып өтті.

– «Азаматтық Альянс» бірлестігі мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы бізге өте қажет. Өйткені, осы арқылы, біздің жұмыстар сараланып, сонымен бірге, халықтың жағдайын да қамти аламыз. Қай жерде қандай жұмыстар атқарылып, қайда көмек беру жағын да біліп, олардың тиісті ой-пікірлерін анықтау мақсатында аталған бірлестік пен ұйымдардың көмегіне жүгінеміз. Алдағы уақытта сіз айтқан мәселелер бойынша тиісті қолдау көрсетеміз. «Аналар кеңесін» облыстық деңгейде өткізуге қаржылай көмек те болады. Бірақ, жұмыс қаржы игеру үшін жасалмай, әр жасаған дүниеміздің елге пайдалы жағын қарастыруымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Бұдан басқа тұрғындар өтініші барлық тиісті орындар тарапына ұсынылды. Мысалы, Айнұр Дәрменова аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған оқу кабинеттерін ашу туралы, «Ұмай» емдеу-тәрбиелеу қайырымдылық балалар үйінің директоры Анар Ізден әлеуметтік қызметкерлер көрсететін қызмет сапасын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама қажеттігі жайлы айтты. Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан ҚР Халық артисі Серік Шотықов пен құрылыс саласының майталманы, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Ф.Х.Фаткульдиновке қала орталығынан көше беру жайлы ұсыныстары тыңдалды.

Кездесуде облыс әкімі жеке азаматтар қойған сауал-тілектердің барлығын арнайы саралап, жауапты орындарға тапсырма етіп жүктеді. Сонымен қатар, қабылдауда айтыл­ған әрбір мәселе өз бақы­лауында болатынын жеткізді.


Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<