Жалағашта күн электр станциясының құрылысы басталды

315

0

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, бірнеше елдімекеннің тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар, қуаттылығы 30 кВт «Nomad Solar» ЖШС салатын күн электр станциясының құрылыс басталуына қатысты.

Электр станциясының құрылысына 60 адам жұмылдырылған, пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 18 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы 2017 жылы  «Серпін» аграрлық-индустриялық аймағында ашылған «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорында 24 адам жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, аудан орталығы Жалағаш кентінде облыс әкімі «Тағзым алаңында» болды.

Облыс әкімі Бұқарбай батыр ауылдық округінде күріш өсірумен айналысатын «Байтабын» ЖШС №5 бригадасының егіс алқабында болды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықта гектарына 68 центнерден өнім жиналған. Серіктестікте барлығы 110 адам жұмыс істейді.

Бұдан әрі аймақ басшысы «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» тас жолының бойындағы «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Қуанышбек Ысқақов Аққыр ауылдық округінде елдімекенді абаттандыру бойынша, атап айтсақ,  ауылға тартылған ауызсу мен электр желісін жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Мақпалкөл ауылдық округінде облыс әкімі аумағы 6 га  алма бағын аралап көрді. Бақ 2018 жылы отырғызылған, оның жұмыстарымен 4 адам айналысады.

Өңір басшысы Мәдениет ауылдық округінде 2018 жылы пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарда, спорт кешені, балабақша және мәдениет үйінде болды.

Таң ауылдық округінде «Таң ЛТД» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  аясында салынған 100 орындық спорт кешенін аралап көрді. Онда дзюдо және тхэквондо секциялары қызмет көрсетеді, 11 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, Қ. Ысқақов тәулігіне 100 тонна күріш шалы өңдейтін «Таң ЛТД» ЖШС күріш өңдеу цехында болды.  Айта кетейік, өткен жылдан бастап ауылдық округте тәулігіне 1000 орама консерві өндіретін «Агролидер Таң» ЖШС цехы іске қосылған болатын.

Облыс әкімі «Еңбек» ауылдық округінде болып, «Еңбек Жер» ЖШС ауыл тұрғындарының игілігі үшін салған 50 орындық спорт кешені, мешіт және шаштараз, шағын-маркет, 200 орындық тойхана жұмысымен танысты.

Қуанышбек Досмайылұлы Аққұм ауылдық округінде 2018 жылы салынған «Бақдәулет-57» ЖШС бордақылау кешеніне барды. Мұнда 18 адам жұмыс істейді.

24-27 шілдеде Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Келесі аптада облыс әкімінің жұмыс сапары Жаңақорған және Шиелі аудандарында жалғасады.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<