Өзгентті өгейсітіп алмадық па?

331

0

Қазақ халқының ұлттық кодын сақтауда басымдыққа ие нәрсе, ол – тарихты ұмытпау. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы құндылыққа негіз болады. Расы керек, біз осы кезге дейін Сыр бойындағы көне қалаларды дәріптеп келдік. Сауран, Сығанақ, Жанкент, Жент, Баршынкент, т.б. тізім көбейетіні анық, өйткені, дария бойын жағалай көне шаһарлар мен бекіністер көптеп тұрғызылғаны бұрыннан белгілі.

Бірақ, Өзгент жайлы өзіміз білмейтініміз көп. Зерттеу аз. Археологиялық қазба ішінара жүргізілуі мүмкін, онда да тым тереңдетіп ешкім ізіне түспеген.

Шағын мақаланы жазуға себеп болған – Әлімжан Ержанов. Өзінің тарихшы маман­дығына қанағаттанбай, жергілікті жердің көне құпия­сын ашуға талпынып жүр. Өлкетанушы жігіт ағасы көп жылдан бері көне Өзгентті зерттеп келеді.

– Өзгент жайлы көптеген көне жылнамашылардың жаз­басында бар. Тарихшылардың көбісі Ферғана өлкесіндегі көне Өзгентпен шатастырады, ол жайлы бірнеше деректерде, араб еңбектерінде де кез­деседі. Ал біздің Сырға жақын орналасқан Өзгенттің жөні тіптен бөлек.  ХV ғасырда Алтын Орданың ханы Өзбектің тұсында Сыр бойындағы барлық қала гүлденді. Өзгентте соның қатарында болған. Тағы бір айта кететін жайт, Ресей шы­ғыстану институтының ғы­лыми қызметкері Е.Ю.Гончаров 2015 жылы «Өзгент қаласы – теңге са­райы және теңге айналымы. Оңтүстік Қазақстан, ХІІІ-ХV ғасыр» еңбегін жазды. Оған себеп – екеуміз 2009-2015 жыл­дары осы Жаңақорғанда жатып, зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде осы еңбек жарық көрді, – дейді Әлімжан Ержанов.

Жаңақорғандық тарих­шы­ның айтуынша, қаланы ХХ ғасыр басында зерт­те­гендер болған. Одан бас­қа 1963-1966 жылдары Хо­резм археологиялық-этно­гра­фиялық экспедициясы ша­ғын зерттеу жүргізгенге ұқ­сайды. Сол кезде қала орнынан көптеген мыс теңгелер тапқан.

– Гончаровтың дәлелі дұрыс. Өзгент – теңге сарайы. Мұнда мыс теңгелер әр жерде шашылып жатыр. Өкінішке орай, ондай жәдігерлерді жа­қын жердегі қасиетті «Үшата» кесенесіне зиярат етушілер тауып алып, алып кетіп жатады. Олар солай жоғалып кетуде. Мұндай теңгелердің бірнешеуі жақын ауылдардағы мектептердегі мұражайларда ғана бар. Бірақ оның қай дәуірге жататындығы анықталмаған. Тарихты қолдан жоғалтып алып отырмыз. Әлгі теңгелер де тез шіруде. Өйткені, біздің жердің тұздылығы өте жоғары. Ауа райы әсерінен мұндай дүниелер тез бұзылып жатыр, – дейді жергілікті өлкетанушы.

Әлімжан өзі де қала ор­нына жиі барады. Тапқан дү­ние­сін аудандық музейге өт­кізеді. Қала орны тек төбе болып қалған. Сыртқы бе­кіністерінің сұлбасы ғана қалған. Айтпақшы, тағы бір дерек, осы қаланың атымен теңге соғылғандығы жөнінде ре­сейлік зерттеушілер П.Петров пен А.Брагин 2015 жы­лы анықтапты. Теңгенің аты араб әрпімен «Узканд» бо­­лып жазылыпты, соғылған жы­лы 1381 жылға сәйкес келеді.

– Зерттеу барысында қарап отырсам, Өзгенттен табылған тиындардың бәрі Сығанақта соғылған болып шықты. Табылған тиындарда сол кезгі билеушілердің аты-жөні жазылған. Бүкіл дүние жүзін дүрілдеткен Әмір-Темірдің атынан да соғылған теңгелер бар.  Енді қараңызшы, тарихта өзге мемлекеттермен тығыз сауда қарым-қатынасында болған Өзгент қалайша өзінің атынан теңге шығармаған?! Мүмкін жақын жердегі Сығанаққа бағынышты болды ма деген ой келді. Сығанақ теңгелері Өзгенттен табылған соң оның теңге сарайы осында болды ма деген ой ғой. Бірақ мұның жауабы күтпеген жерден келді. 2014 жылы интернетте, нақтырақ айтқанда, нумизматикалық сайттардың бірінде Оң­түстік Қазақстанның көне қала­ларының бірінен табылған бір­неше күміс тиындар анық­талған еді. Соның арасында «Әділ сұлтан Күнше хан», келесі бетінде «Узкент соқпасы» деген жазуы бар тиын анықталды. Кейін өзіміз тапқан мыс теңгелер арасында да «Узгент соқпасы» деген жазуы бар, жошылықтардың таңбасы бейнеленген екі мыс теңгені анықтадық, – дейді Әлімжан.

Өзгент теңгелерінің өзге қа­ла­лардан табылуы таңға­ларлық жайт емес. Зерт­теу­­шінің айтуынша, бұл оның өзге қалалармен тығыз сауда байланысында бол­ғанын көрсетеді. Мысал келтірер болса, Сығанақта соғылған тиындар Ресей территориясындағы көне қалалардан да табылып жатыр. Өзгенттен де осылайша басқа көне қала билеушілері соқтырған теңгелер көптеп табылады.

– Тыңғылықты зерттеу әлі де жетіспейді, – дейді Әлімжан Ержанов, – Өзгент қаласы туралы айтатын болсақ, бұл көне Сығанақтан, оңтүстік-батысқа қарай 50-60 шақырым жерде орналасқан. Бүгінгі күнге дейін қала орнында ешбір археологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Бір ерекшелігі, бұл қала орнында осы күнге дейін көптеген ортағасырлық мыс және күміс теңгелер кездеседі. Қаланың қандай қызмет атқарғандығын біз толық анықтай алмай отырмыз.

Екіншіден, Өзгенттің ма­ңын­да әулие мазарлары мен шағын бекіністердің көп болуы оның аумағының үлкен бол­ғандығын дәлелдейді. Қа­ладағы сарайлар, мешіттер тағы басқа ғимараттар күй­ді­рілген қыштан соғылған. Түр­кістандағы Ахмет Яссауи кесенесіндегі қыштарға ұқ­сас осындайлар қала ор­нын­да шашылып жатыр. Жал­пы, Өзгент жайлы дерек қоры тарихта тым аз. Неге зерт­тел­меген деген сұраққа келер болсақ, көне қаланың елді мекеннен тым алшақ орна­ласуы қиындық тудырады. Мысалы, Сығанақ пен Сауран үлкен автомагистральға жа­қын. Зерттеу жүргізуге ың­ғайлы. Сондықтан келіп-ке­туші археологтар жолға жақын жерден бірнеше жыл­дан бері қазба жұмыстар жүргізуде. Бірақ, жер шалғай деп Өзгентті өгейсітпеу керек. Мұны да аршысақ, көп тарихты қанжығамызға байлар едік, – дейді жергілікті зерттеуші.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз