Адамдық жолы

1229

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол…» атты бестомдық таңдамалы шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.

Тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған бабамыздың рухани дүниесі – әр қазақ үшін құнды мұра. Осыны ескерген «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов ғалым кітабының жаңа форматта басылып шығуына себепкер болды. Жинақта ақынның шығармалары мәдениеттанулық зерттеулер негізінде қайта қаралып, алдыңғы басылымдарда кеткен қателіктер түзетіліп ұсынылған.

Қазір аталған жинақ еліміз бойынша 100 мектеп, 100 университет, 100 кітапхана және 100 мешітке тегін таратылып жатыр. Кездесуде мектеп, университет, колледж, кітапхана, мешіт өкілдеріне жинақ табысталды. Шараға мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері, журналистер қатысты.

Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов, ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлима Әбдіхалықова, ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, бас имам Болатбек Әбуов кітап мазмұнының мәнін ашатын баяндама жасады.

– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кітабының қайта түлеуі, жаңа мазмұнда жарыққа шығуы – ұлттық болмысымыздың, рухымыздың қайта оянуының бірден-бір көрінісі. Бүгінгі шарада айтылған ойлар мен ұсыныстар және қолға алынатын бастамалар баршамыздың ортақ жұмысымызды күшейтуге өз септігін тигізері сөзсіз. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» демекші, өрлеудің жаңа деңгейіне көтерілу үшін біз бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етуіміз керек. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – руханият шамшырағының лаулап жануы, – деді И.Құттықожаев.

Мұраны жариялау арқылы өскелең ұрпақтың бойына бабалар аманатын сіңіру мақсатымен өзектес шараларды «Сенімен болашақ» РҚБ алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, бұл қоғамдық бірлестік екі жылдан бері отбасылық құндылықты сақтап қалудың жолын насихаттап келеді. Әділдік, туралық, талапшылдық, жандану және әдепті өркениет сынды бес қасиетті ұстанған бірлестіктің басты миссиясы – бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, психологиялық-педагогикалық білім мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету.

Сондай-ақ бірлестік ағартушылыққа да мән береді. Бүгінге дейін Алаш зиялыларының еңбектерін жарыққа шығарды. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!», Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» кітаптарын қайта басып шығарып, оқырман қауымға жол тартты. Бірлестік «PSYCHOLOGY» атты әлемдік үздік зерттеулер кітабы мен Шалва Амонашвилидің «Ізгілік педагогикасын» қазақ тіліне аударған. Кітаптар халықтың игілігіне тегін таратылған.

«Сенімен Болашақ» РҚБ екі жыл ішінде ата-аналармен іс-шаралар, форумдар, симпозиумдар, семинар-тренингтер өткізген.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<