Ерлік пен елдікті ту еткен

1795

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Сырбай Мәуленов пен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдиновтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ерлік пен елдікті ту еткендер» атты  жиын өтті. Іс-шараның мақсаты – жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ел үшін еңбек еткен ерлердің ерлігін насихаттау.

Іс-шараға Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының өнерпаздары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Раушан Оразбаева мен халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әнші Біржан Айтахметов арнайы келді. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары және колледж студенттері қатысты.

Жиында қазақ лирикасының классигі Сырбай Мәуленовтің сыршыл өлеңдері мен соғыс тақырыбындағы толғаулары, табиғат бояуларын өзек еткен жырларының ерекшілігі мен мәні туралы және қаһарман ерліктердің ерекше үлгісін көрсеткен, аты аңызға айналған батыр Талғат Бигелдинов туралы сөз қозғалды.

– Сырбай – майданда қарумен де, қаламмен де күресіп, батырлықтың үлгісін көрсеткен азамат. Өзі өмір сүрген кезеңде кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірін жырға қосып, сыршыл лирикасын жазып кеткен. Сонымен қатар орыс ақындары Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін аударған. Ол кісінің өлеңдері оқырмандарын өзіндік ерекшелігімен баурайды, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қали Омаров.

Сырбай Мәуленов әлем классиктері шығармаларын қазақ тіліне аударған. Соңына 40-қа жуық кітап қалдырған. Оның мұрасы ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді.

Аты аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигелдинов қайсар мінезімен жау әскеріне қарсы тұрған. Соғыс жылдары әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтерілген.

– Талғат Бигелдинов «Ил-2» шабуылдаушы ұшағында жеті ұшақты атып түсіріп, жаудың ондаған танксін, зеңбіректерін және басқа да техникаларының көзін жойды. Ерлігі мен ұшу шеберлігі үшін аға лейтенант екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Көзі тірісінде ол жастармен жиі кездесетін. Әр кездесуде жастарға достыққа берік болуды, ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін сақтау қажет екенін айтатын, – деді филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов.

Жиын соңында қазақтың біртуар азаматтары жайлы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының өнерпаздары оқырмандарға арнау жыр айтып, естелік суретке түсті.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<