Цифрландыру еңбек өнімділігін арттырады

2069

0

Аймақта салалар қызметінің цифрландырылуы жұмыс барысына жаңа леп әкелді. Жаңа жобалар қаншалықты нәтиже беруде? Бұл туралы облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулламен сұхбаттасқан едік.

– Сәбит Ибадуллаұлы, аймақта білім саласын цифрландыруда қандай нәтижелі жобалар бар?

– Облыстағы 294 мемлекеттік мектеп «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Сәтті» байланыс операторларының арналары арқылы ғаламторға қосылған. Сондай-ақ, «BilimLand» цифрлы білім беру контентінің «Онлайн мектеп» платформасы бойынша 42 пәннен 5700 сабақ пен 140 мыңнан астам тапсырма қолжетімді. Қағазбастылықтан арылу және білім беру сапасын арттыру үшін барлық мектепте «Күнделік» электронды журналы іске қосылған. Оқушылардың оқу үлгерімі туралы барлық ақпарат аталған платформаға енгізілген.

Мұнан бөлек мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін арттыру және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Осыған орай, облыс бойынша 294 мемлекеттік мектеп 100% бейнебақылау камераларымен қамтылған.

– Медицина саласын цифрландыру жайын айтсаңыз.

– Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын цифрландыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің және оған қарасты ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған мәселені шешу үшін бүгінде  e-Health электрондық платформасы іске қосылды. Бұл платформа азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыруға, микросервистік архитектураны пайдалануға және эталондық деректер базасын құруға мүмкіндік береді. e-Health платформасының негізгі компоненттері іске қосылды. Алдағы жылы  толық пайдалануға беріледі.

Мұнан бөлек,  2020  жылдан бастап «DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» жобасы іске асырылды. Бұл жүйе медициналық зерттеу нәтижелерін ұзақ әрі сенімді түрде сақтайды. Қазір облыста 13 медициналық ұйымға аталған жүйе енгізілді. Жұмыс жалғасуда.

– «Даму-мед» электронды қосымшасын қолданушылар көбейді ме?

– Облыста барлық медициналық ұйым аталған қосымша арқылы жұмыс істейді. «Даму-мед» жүйесі арқылы дәрігерге тіркеу, дәрігердің тағайындауы электронды түрде 47%-ға жүзеге асқан. Оның ішінде жалпы тіркелгендер саны 755 054 болса, электронды түрде тіркелгендер 357 864 адам. Бұл – кешенді медициналық ақпараттық жүйенің бір бөлігі. Ол арқылы емделуші дәрі-дәрмектердің рецептін, зертханалық тексеру нәтижелерін көреді, дәрігердің қабылдауына жазылады, еңбекке жарамсыздық парағын, анықтаманы емханаға бармай-ақ алады. Бүгінде аймақ тұрғындары үшін қосымша арқылы 100% электронды денсаулық паспорты толтырылған.

– Өңірлік геоақпараттық жүйе туралы нақтырақ тоқталсаңыз?

– Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында облыс бойынша күнделікті жедел мониторинг және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері Nomad платформасында талданады. Nomad ақпараттық-талдамалық платформасында 30-дан астам күнделікті жедел мониторинг жүргізіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық бағыт бойынша 53 көрсеткіш, азық-түлік өнімдері бағаларының мониторингі және күнделікті «Құқық бұзушылық картасы» деректер қорын толтыру және талдау жүзеге асады. Алдағы уақытта Smart Qyzylorda мобильді қосымшасымен «112 – Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет» және «109 – Бірыңғай байланыс орталығы» автоматтандырылған жүйелері байланыстырылмақ. «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» жобасы 2020 жылы енгізілді. Қазір 1:2000 масштабта облыстың бірыңғай картографиясы  әзірленді. Бас жоспар, жоспарлау жобасы, ғимараттар, құрылыстар, жол желісі 100% құрылды және ақпаратпен толтырылды. Бұл жұмыстар https://orda.geoportal.kz мекен-жайында қолжетімді.

– «I-ORDA» жобасы туралы айтып берсеңіз?

– Аталған жоба өткен жылы тәжірибе ретінде енгізілді. Бұл – цифрландыру саласында маңызды жобаның бірі. Жоба жер қатынастары, құрылыс және қала құрылысы қызметтерін автоматтандыруға арналған. Геопортал базасына І-Orda порталы орналастырылып, облыста табиғи монополиялар субъектілері арқылы көрсетілетін 74-ке жуық қызмет бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды.  Қазір ақпараттық жүйенің порталын құру толығымен аяқталып, жарнамалау кезеңі жүргізілуде. Өңірлік геоақпараттық жүйеде облысқа қарасты 9 мемлекеттік медициналық ұйымның «Медициналық куәландырудың электрондық жүйесі» енгізілді. Сондай-ақ, 20 стационарлық «Аркан» жылдамдық өлшегіші орнатылды. Бүгінде оның 18-і жұмыс жасап тұр. Мемлекеттік органдардың бұлтты құжат айналымына көшуі жұмыстары да атқарылды. Бүгінде бұл айналымға 308 жергілікті атқарушы орган, 3554 пайдаланушы қосылған.

– Интернеті жоқ ауылдар әлі де бар. Кеңжолақты  интернетпен қамту жобасы қалай жүзеге асып жатыр?

– 2020 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторлары арасындағы меморандум негізінде 250-ден астам тұрғыны бар 30 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Облыс бойынша 230 ауыл бар. Бүгінде 208 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. 22 шалғай елді мекен ғаламторға қосылмаған. Алда 3 ауылды «Kcell» АҚ, «КаР-Тел» ЖШС және «Востоктелеком» ЖШС арқылы интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сұхбаттасқан

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<