«Халықтың жаңаруға, жаңғыруға ұмтылысы ерекше»

1255

0

Алдағы 5 маусымдағы  референдум Конституция баптарының үштен біріне өзгеріс енгізуге бағытталып отыр. Қазір осы өзгерістерді халыққа түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы тұрғыда ҚР Парламенті Сенатының депутаты, референдумға байланысты құрылған республикалық штаб мүшесі Мұрат Бақтиярұлына бірнеше сауал қойған едік.

– Мұрат Бақтиярұлы, еліміз үлкен саяси реформалар қарсаңында тұрған кезеңде Ата заңға енгізілетін өзгерістерге негіз болған факторларға тоқталып өтсеңіз…

– Қазіргі уақытта Қазақстан өтпелі кезеңде тұр. Тәуелсіздіктің өткен отыз жылының жақсы да жақтары, қолайсыз да тұстары  болды. Тарихқа үңілсек, орта ғасырларға бармай-ақ ХІХ ғасырдан бері қарайғы мысалдарды алсақ, авторитарлы режимнің ұзаққа барғанын көрген емеспіз. Жетпіс жылдан астам өмір сүрген коммунистік партия адамдардың отбасылық ісіне дейін араласты.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда ерекше Конституция қабылданды. Онда Президент билігі барынша шектелген, билік Парламентке берілген. Бірақ сол кездегі тарихи, саяси жағдайларды бағамдасақ, бірінші Конституциядан соң екі жыл бойы көптеген заңдар 6 ай, тіпті 1 жылға дейін айтыс-тартыспен қабылданбай жатты. Оны уақыт күтпейтін еді. Сондықтан бірінші Президентке ой келген шығар.

Қолданыстағы біздің Конституцияның 70 проценті Шарль де Гольдің кезінде, соғыстан кейін қабылданған  Францияның Конституциясынан алынған. Генерал мықты жігерімен, парламентті тұншықтыра отырып, соғыстан қажып шыққан мемлекеттің 80 процент билігін қолына  алған. Біздің Конституция алғашқы жылдары өз жемісін бергенін жоққа шығармауымыз керек. Жоспарлы экономикаға әбден бейімделген елдің алға жылжуына бағытталған, нарық талабына сай заңдар шықты. Бірақ 2000 жылдан бастап тіпті аудан әкімінің шешімдерін бұзуға дейінгі билік Президентке берілді, яғни Президент барлық салаға араласты. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұран шықты. Қоғамның базисі – экономика болса, қондырмасы – саяси жүйе. Бізде базис алға жылжығанмен, қондырма артта қалып қойды. Саясатта тамаша идеяларымен жарыққа шыққандарды билік басып тастап отырды. 2003 жылдары бізде Президенттік билік өзінің шегіне жетті. 2007 жылы Парламент конституциялық реформа жасап, сайлау тек партиялық тізіммен өткізіле бастады.

– Саясаттанушы ғалым ретінде енгізілетін өзгерістерге жасаған жүйелі талдауыңызды айтып берсеңіз…

– Үш топқа бөліп, жүйелеп айтайын, бірінші бөлігі – билік тармағы арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыру. Екіншісі – азаматтарды мемлекеттік билікке тарту, араластыру.  Үшіншісі – адам және адам құқықтары.

Тарих дәлелдегендей авторитарлық билік ерте ме, кеш пе түбі кетеді. Біз осы жолдан өтуіміз керек болды. Ең бастысы – біз қателіктерді қайталамауымыз және келер ұрпаққа қайталатпауымыз керек. Сол үшін «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі. Келешекте бұл норма саяси лауазымды тұлғалардың, Парламент депутаттарының туысқандарына да қолданылуы керек.

Облыс әкімінің кандидатурасына кем дегенде 2 адам ұсынылып, дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады. Осылайша, жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдердің қолына жинақталады.

– «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы» деген бапқа қатысты қандай түсіндірме беруге болады?

– Жер, оның қойнауы, қазынасы – халық меншігі. Шаруашылық жүргізу үшін, егін егуге бірнеше гектар жер алуыңыз керек делік. Жерді жергілікті әкімдік және жер бөлімінен аукцион арқылы аласыз. Осының барлығының ұйымдастырушысы, яғни халықтың атынан мемлекет құқылы дегенді осылай түсіндірген жөн. Жер кодексінде «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп нақты жазылған.    

– Негізі халық өзгерістерден үміт күтіп отыр. Бірақ қоғам белсенділері референдумның асығыс өткізіліп жатқанын айтады. Осыған көзқарасыңызды білсек…

– Келісетін де, келіспейтін де тұстары бар. Келісетін тұсы – Конституция халыққа ортақ. Екінші жағынан әр бап, мәселен 33 бап халыққа түсіндіріліп жатыр. Азаматтарымыздың көзі ашық, бәрі ұғынықты. Қазіргі геосаяси жағдай да жеделдікті талап етіп отыр. Референдумнан кейін заңдарға өзгеріс енгізіледі, оларды қыркүйектен бастап жыл аяғына дейін қабылдау міндеті тұр.

– Осы 33 бапқа енгізілетін өзгерістердің ішінен халықтың ең күткені қайсысы деп ойлайсыз? 5 маусым күні халықтың референдумға дауыс беру белсенділігі қандай болады?

– Қазір халықтың билікке сенімі жоғалған. Жақында сауалнама жүргіздік. Соның нәтижесімен айтып отырмын. Сондықтан Президенттің 2 мерзімге ғана сайлануына, Президенттің жақын туыстарының лауазымды қызметтерге тағайындалуына тоқтау қойылуын күтті деп ойлаймын. Халықтың билікке сенімі сайлауды әділ өткізгенде ғана нығаяды. Барлық партияға бірдей мүмкіндік берілген соң, қайсысы қара үзіп шықса да, халық таңдауы.

Халық белсенділігіне келсек, түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұртшылық референдумға қатысады, қолдау-қолдамауы өз еркінде. Бірақ адамдардың өзгерісті қалайтыны, жаңаруға, жаңғыруға ұмтылысы байқалады.

Әңгімелескен

Гүлжазира Жалғасова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<