«Мемлекеттік қызмет жеке мүддеден жоғары»

6

0

Мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтықты арттыру, қызметтердің сапасын жақсарту, әдеп нормаларын сақтау басты қағидат саналады. Кәсіби мереке қарсаңында газет тілшісі Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ерлеген Меңдалиевпен саланың бүгінгі ахуалы, жүзеге асырылып жатқан реформалар, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және алдағы жоспарлар туралы әңгімелескен еді. Сонымен қатар қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерге қатысты пікір білдіріп, мемлекеттік қызметтің жаңа бағыттары жөнінде ой бөлісті.

–        Ерлеген Жәрдемұлы, Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Мем­лекет басшысы мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгеріс енгізіп, ол шілде айынан қолданысқа енеді. Заңның негізгі жаңашылдықтары қандай?

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына қол қойған болатын. Ол Заң мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасын іске асыруға ба­ғыт­талған. Негізгі бағыттарының бірі – азаматтармен өзара іс-қимылдың сер­вистік моделіне көшу, сондай-ақ мем­лекеттік аппараттың кәсібилігін арт­тыру және кадрлық процестерді цифр­ландыру. Ең алдымен, заңда мем­лекет­тік қызметтің мәні мен міндеттері алғаш рет нақты бекітілді. Бұған дейін заң негізінен еңбек қатынастарын рет­теуге бағытталса, енді мемлекеттік қыз­мет ұлттық басымдықтарды іске асыру­дың негізгі институты ретінде қарастырылып отыр.

Заңның маңызды жаңашылдық­тары­ның бірі – қызметтің сервистік моделіне көшу, яғни мемлекеттік қызметшілердің жұмысы азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланып, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады. Формалды кедергілерді азайту, цифрлық сервистерге қол­жетімділікті кеңейту және азаматтардың құқықтарын іске асыруға жағдай жасау басты назарда болады.

Кадрлық саясат саласында да бір­қатар маңызды өзгерістер қарас­ты­рылған. Атап айтқанда, мемлекеттік қыз­метке кіруге даярлау институты ен­­гізіледі. Бұл жастарды мектептен бас­­тап мемлекеттік басқару сала­сына бейім­деуге, олардың кәсіби құзы­реттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мемлекеттік қызмет­ке іріктеу процестері толық цифрлан­дырылып, «Е-қызмет» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл кадрлық рә­сім­дердің ашықтығын арттырып, мем­ле­кеттік қызметке талантты мамандарды кеңінен тартуға жол ашады. Заң мем­лекеттік қызметшілердің мансаптық өсу мүмкіндіктерін де кеңейтеді. «Б» корпусы қызметшілері үшін көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіліп, кәсіби дамуға қосымша ынталандырулар қарастырылған.

Әлеуметтік кепілдіктер блогы да күшей­тілді. Атап айтқанда, ұзақ жыл­­дар мем­лекеттік қызметте еңбек еткен қыз­метшілерге зейнеткерлікке шық­қанда біржолғы төлем беру, еңбек өтіліне қарай қосымша ақылы демалыс күндерін ұсыну және қысқа мерзімді ақылы демалыс беру нормалары енгізілді. Бұдан бөлек, заңда тәртіптік жауапкершілік институты жетілдіріліп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінген. Мемлекеттік органдарда профилактикалық қызмет­тер құрылып, олардың қызметін әдеп жөніндегі уәкілдер үйлестіреді. Жал­пы алғанда, жаңа заң мемлекеттік қыз­меттің ашықтығын, тиімділігін және тар­тымдылығын арттыруға, сондай-ақ кәсіби әрі халыққа бағдарланған мем­ле­кеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған.

–        Биыл мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі толық цифрлық фор­матқа көшті. Бұл жүйенің қандай артықшылықтары бар?

– Иә, биыл мемлекеттік қыз­метке қабылдау рәсімдері толықтай цифр­лық форматқа көшіріліп, кадр­ларды іріктеудің жаңа моделі ен­гізілді. Бұл өзгерістердің басты мақ­саты – мемлекеттік қызметке кіру­дің ашықтығын, әділдігін және қол­жетімділігін қамтамасыз ету. Жаңа жүйенің негізгі артықшылықтарының бірі – конкурсқа қатысу процесінің едәуір жеңілдетілуі. Бүгінде азаматтар конкурсқа қашықтан, онлайн форматта қатыса алады. Сонымен қатар, бұрын үміткерлер тапсыратын заңнама блок­тарының саны 9-дан 4-ке дейін қыс­қартылды. Бұл кандидаттардың дайын­дық процесін оңтайландырып, артық әкімшілік жүктемені азайтты. Сон­дай-ақ іріктеу рәсімдерінде «адами фактордың» әсері барынша төмен­де­тілді. Тестілеу кезеңінде тәуелсіз прок­торинг жүйесі қолданылады. Бұл тестілеудің объективті әрі әділ өтуіне мүмкіндік береді. Үміткерлердің жеке деректері құпия сақталып, барлық процесс бейнежазба арқылы тіркеледі. Нәтижесінде конкурс кезеңдерінің ашықтығы мен сенімділігі арта түседі.

Конкурсқа қатысу үшін азаматтарға «eQyzmet» ақпараттық жүйесінде тіркеліп, қажетті құжаттарды электрон­ды түрде жүктеу жеткілікті. Мем­лекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе белгілі бір үзілістен кейін қайта оралатын азаматтар заңнаманы білуге арналған тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалау рәсімінен өтеді. Басшылық лауазымдарға үміткерлер үшін қосымша эссе жазу кезеңі қарастырылған.

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижеге қол жет­кізген үміткерлер әңгімелесуге немесе практикалық бағалауға жібе­ріледі. Ал ең көп балл жинаған кандидат бос лауазымға тағайындалуға мүмкіндік алады. Жалпы алғанда, цифрлық ірік­теу жүйесі мемлекеттік қызметке дарын­ды, білікті және бәсекеге қабілетті ма­мандарды тартуға, сондай-ақ кадрлық процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жастарды мемлекеттік қыз­метке тарту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

–        Жастарды мемлекеттік қыз­мет­ке тарту бағытында жүйелі әрі нақ­ты тетіктер іске асырылуда. Соның бірі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағ­дар­ламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуын үздік аяқтаған түлектерге берілетін ерекше мүмкіндік. Атап айтқанда, уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес оқу нәтижесімен бітірген азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу құқығына ие болады. Бұл тетік жас мамандардың мемлекеттік қызметке келу жолын жеңілдетуге және олардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған. Аталған мүмкіндік шеңберінде түлектер жер­гілікті атқарушы органдарда, аудандық және облыстық маңызы бар қалалар мен ауылдық деңгейдегі әкімдіктер аппараттарында, сондай-ақ орталық мем­лекеттік органдардың аумақтық бөлім­шелерінде басшылық емес лауа­зымдарға конкурссыз орналаса алады.

Бұл жүйе жастарды ауылдық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік бас­қару ісіне тартуға, олардың тәжіри­бе жинауына және мемлекеттік қыз­метке ерте бейімделуіне жол ашады. 2023 жылдан бастап осы тетік қол­данысқа енгізілген сәттен бүгінгі күнге дейін облыста 22 жас түлек кон­курссыз мемлекеттік әкімшілік лауа­зымға орналасты. Бұл көрсеткіш жастардың мемлекеттік қызметке қызы­ғушылығының артып келе жатқанын және аталған тетіктің тиімді жұмыс істеп отырғанын дәлелдейді.

– Мемлекеттік қызметші жұмы­сының қоғамға көрінбейтін қиын тұстары қандай?

–        Мемлекеттік қызмет – қоғам тара­пынан жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды сала. Бұл жүйеде қызмет атқаратын маман­дардың жұмысы көбіне сырт көзге көріне бермейтін, бірақ үлкен еңбек пен жауапкершілікті қажет ететін бағыт­тардан тұрады. Ең алдымен, мемлекет­тік қызметшілердің әрбір шешімі аза­маттардың құқықтары мен заңды мүд­делеріне тікелей әсер ететіндіктен, шешім қабылдау барысында құқықтық дәлдік пен заңдылық қағидаттарын сақтау жоғары деңгейде талап етіледі.

Екіншіден, мемлекеттік қызмет сала­­сында жүктеменің кезеңдік түрде артуы, әсіресе есептілік, жоспарлау және шұғыл тапсырмаларды орындау кезең­­дерінде байқалады. Мұндай жағ­дай­ларда барлық рәсімдер заңнама шең­бе­рінде және белгіленген тәртіппен орындалады.

Осы орайда, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық депар­таменттері мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуын, еңбек жағ­дайларының заңнамаға сәйкестігін және әдеп стандарттарының орындалуын тұрақты түрде бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет­шілер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер жүйесі қарастырылған, бұл олардың кәсіби қызметін тұрақты әрі қорғалған жағдайда атқаруына мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, мемлекеттік қызмет – тек міндеттер жиынтығы емес, соны­мен бірге құқықтық тұрғыдан толық реттелген және мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етілген кәсіби жүйе.

–  Департаменттің биылғы бас­ты жетістігі деп нені айтар едіңіз?

– Биылғы жылғы басты жетіс­тіктеріміздің бірі – өңірдегі мемлекеттік қызметтің кадрлық тұрақтылығын қам­тамасыз ету және бос лауазымдарды уақытылы әрі сапалы толықтыру бағы­тындағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асырылуы деп айтар едім.

Департамент тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде облыс­та мемлекеттік қызметтегі бос орын­дар деңгейін төмен деңгейде ұстап тұ­руға қол жеткізілді. Бұл мемлекеттік ор­гандардың тиімді жұмыс істеуіне және халыққа көрсетілетін қызметтер­дің сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, жас кадрларды мем­­ле­кеттік қызметке тарту және қол­дау бағытындағы жұмыстар да өз нәти­­жесін беруде. Бүгінде мемле­кеттік грант негізінде жоғары оқу орын­да­рын үздік аяқтаған түлектер тө­менгі лауазымдарға, ал Қазақстан Рес­­публикасы Президентінің жанын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының түлектері жоғары лауа­зым­дар­ға конкурстық іріктеусіз орналасу мүм­кіндігіне ие болып отыр. Бұл те­тіктер 2024 және 2025 жылдары тиім­ділігін дәлелдеп, биыл да өз жалғасын табуда.

Өңіріміз үшін ерекше маңызға ие жетістіктердің бірі – Президенттік жастар кадр резервіне енген азамат­тардың жауапты мемлекеттік лауа­зымдарға тағайындалуы. Бұл резервтің еліміздегі меритократия қағидаттарын нығайтудағы маңызды құралға айнал­ғанын көрсетеді.

2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Жұмажан Сақыбай Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің сарапшысы лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ 2026 жылғы 27 сәуірден бастап резерв мүшесі Ербол Булебаев Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің Стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық депар­таменті директорының орынбасары лауа­зымына тағайындалды. Бұл та­ғайындаулар Қызылорда өңірінен шық­қан білікті жастардың кәсіби әлеуе­тінің жоғары екенін және олардың мемлекеттік басқару жүйесінде маңыз­ды міндеттерді атқаруға қабілетті еке­нін көрсетеді. Жалпы алғанда, атал­ған нәтижелер мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлық әлеуетті нығайту, меритократия қағидаттарын ілгерілету және талантты жастарды қолдау бағы­тындағы жұмыстардың тиімді іске асырылып жатқанын айғақтайды.

– Әріптестеріңізге тілегіңіз…

–        Құрметті әріптестер, қадірлі мем­лекеттік қызметшілер! Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні­мен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген, мемлекет пен халық арасындағы сенім көпірін берік ұстап отырған сіздерге көрсетілетін зор құрмет пен ризашылықтың күні.

Мемлекеттік қызмет – бұл мамандық қана емес, бұл – елге адал қызмет етудің, қоғам мүддесін жеке мүддеден жоғары қоюдың үлкен миссиясы. Бұл жол әрбір шешімде әділдікті, әрбір әрекетте жауапкершілік пен кәсіби адалдықты талап етеді.

Сіздер – ел дамуының тірегі, халықтың мемлекетке деген сенімінің басты кепілісіздер.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші – бұл тек басқару жүйесінің бір бөлігі ғана емес, ол – қоғам мен мемлекеттің арасындағы сенімді нығайтатын, аза­мат­тардың сұранысына жедел әрі сапалы жауап беретін маңызды тұлға. Сондықтан әрбір мемлекеттік қыз­мет­шінің кәсіби біліктілігімен қатар, адалдығы, ашықтығы және жауап­кер­шілігі ерекше мәнге ие. Алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет сала­сындағы рефор­малар жалғасып, «халық­қа қыз­мет ету» қағидаты одан әрі күшейе түсетініне сенім мол.

Осы орайда, барша мемлекеттік қыз­метшілерді кәсіби мерекемен тағы да шын жүректен құттықтай оты­рып, еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

–        Әңгімеңізге рахмет! Кәсіби мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!

Сұхбаттасқан Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»