Жер аты – тарих хаты

1802

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Болат Боранбаевпен сұхбат

– Қызылорда облысында солтүстік өңірлерге қарағанда қоғамның қазақтілді және орыстілді болып бөлінуі жоқ, дегенмен  көше мен елді мекен атауларына қатысты айтыстар да жоқ емес. Маман ретінде облысымыздағы «қызыл» атауларды қайта атауға қатысты туындаған түйінді мәселелерді шешуге араласып жүрсіз. Жалпы, біздегі ұлттық ономастикалық саясаттың деңгейі қандай?

– Ономастика саясатын іске асыру үшін атқарушы билік ең алдымен қазақ зиялыларына, ғалымдарына, ұлтшыл белсенділерге арқа сүйеуі керек.

Біріншіден, ономастика саясатын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Жаңа заңнамада елімізде жүргізіліп жатқан ономастикалық саясаттың негізгі идеологиялық мақсаты мен миссиясын бұқпаламай, ашық-айқын көрсету міндет. Ономастикалық саясат қаланы көркемдеу немесе біреуге ұнау үшін жасалмайды. Оның мақсаты бір – тарихи әділеттілікті орнату, қазақ қоғамы мен мемлекетін отарсыздандыру.

Қала, ауыл, көше атаулары сонда тұрып жатқан халықтың ғана шаруасы емес. Айналып келгенде мемлекеттікі, оны ешкімнің меншіктеп алуына құқы жоқ. Әрине, барынша қоғамның пікірін ескеру де қажет, бірақ сол қоғамдық пікірді дайындау, қоғаммен жұмыс жасау атқарушы биліктің басты жұмысының бірі.

Екіншіден, ономастика саясаты туралы кешенді мемлекеттік тұжырымдама қабылдануы тиіс. Еліміздегі осы кезге дейін ономастикалық саясаттың құлдырап, әлсіреуінің басты себептерінің бірі – баршаға ортақ, тарихи негізі мен астары айқындалған мемлекеттік тұжырымдаманың жоқтығы. Осы себепті де жер-жерде рушылдық пен жершілдікке жол беріліп, көше атауларын дөкейлердің туыстары мен қалталылар иемденіп кетті. Есесіне лайықты тарихи тұлғалардың есімдерін көптеген қаладан таба алмайтын жағдайға жеттік. Мұндай келеңсіз жайттар, айналып келгенде, ономастика саясатын ұнамсыздандырып, теріс пікірде жүрген мораторийшілерге жақсы сылтау болды.

– Ономастикаға тарихи сананы қалыптастыратын саяси құрал ретінде қарау керек дейсіз бе?

– Әрине. Ономастика – елді тұтастырушы, біріктіруші құрал. Көше атауы – елдің идеологиясын, тарихи бағытын, арман-мұратын айқындайтын дүние. Сондықтан жаңа айтқанымыздай мемлекеттік тұжырымдама қабылданып, онда әрбір қала, ауыл көшелеріне берілуі тиіс ұлы тұлғалардың тізімі айқындалуы керек. Мысалы, қазақ хандары, Абай, Махамбет, Құрманғазы, Алаш арыстары деген сияқты. Бұлар қашанда қаланың орталығындағы басты көшелерге берілетін есім болуы керек. Екінші кезекте әрбір қалада болуға лайықты 300-400 тарихи тұлғаның аты мен еңбегі туралы айтылуы керек. Осы қатарда қазаққа еңбегі сіңген шетелдік тұлғалардың, қазақты зерттеген шетелдік ғалымдардың тізімі де енуі керек. Бұлардың есімдері ірі көшелерге берілгені дұрыс. Қаланың шетіндегі, қорым жанындағы он үйден құралатын көшелерге бұл тұлғалардың есімін беру – ұлтты қорлау! Есімі жаңадан беріліп жатқан көшелерге әрбір тарихи тұлға туралы түсініктеме беретін көрнекі құралдар, әлеуметтік жарнама қондырғылары тұрғызылуы тиіс.

Әрбір қалада империялық үстемдікті насихаттайтын көшелер бар. Олардың орнына әрбір қаламызда Қазақстанның 15 облыс орталығының, тарихи қалалардың атындағы көшелер болуы керек. Болашақта аймақаралық көмек, қатынас саясаты арасында әрбір облыс өз атындағы көшелерге көмек көрсетсе, сол көшеге әр облыстың қасиетті-қастерлі, табиғи-тарихи ескерткіштерінің суреттерін орнатса қандай керемет болар еді!

Үшіншіден, ономастика – еріккеннің ермегі емес, ғылыми негізі бар саясат.

Қанша көше бар? Бұл сұраққа дәл қазір ешкім жауап бере алмайтын сияқты. Көптеген ақпараттар жергілікті билік органдарының ғана еншісінде, қызметтік тұтыну үшін ғана жасақталады. Мұнымыз дұрыс емес. Егер ономастика мемлекеттік саясат дейтін болсақ, оның нақты көрсеткіштері, ғылыми негіздері болуы тиіс. Сонда ғана нақты меже қойып, айқын нәтижеге қол жеткізуге болады. Алдағы уақытта өңіріміздегі әрбір қала, елді мекендегі көше саны, олардың атауларының тарихы, соларға қатысты жоспарлар туралы ақпаратты жариялауымыз қажет.

– Өзіңіз  ғалым есебінде жергілікті билікке ономастикаға жаңа серпін беретін жобалар ұсындыңыз ба?

– Елімізде, жерімізде атаусыз мекен, қала, көл-су, тау мен орман болмаған. Іздесе бәрінің де тарихи атауы табылады. Сол атауларды қалпына келтіру, олардың тарихын зерттеу, білу, насихаттау бағытында ұсынған жобамыз бірнеше жылдан бері қолдау таппай келеді.

Кез келген елді мекенді қазақыландыратын екі ғана көрнекі көрсеткіш бар: бірі – қазақ саны, екіншісі – көше атауы, маңдайшалар мен мемлекеттік тілдегі жарнама. Ұлттық нақышы бар архитектура, қазақ этнодизайн мектебін қалыптастыру қажет! Осыны түсінген қазақ жұртшылығы, ұлт жанашырлары 1990 жылдардың басында аса белсенді тіршілік жасады. Егемендік алғаннан бері елімізде бірнеше облыс, қала, 1300 ауылдың, 8000 көшенің аты мен атауы ұлттық бағытта өзгерген. Қазақты қазақ қылған, атын шығарған, қазақтың мақтаны мен айбары болып табылатын тұлғалардың есімдері көшелерге беріле бастады. Әсіресе қазақ қалың отырған аймақтарда бұл үрдіс асқан белсенділікпен жүзеге асты.  

– «Жер аты – тарих хаты» дегендей, қазақ елінде өзге тілдерден енген жер-су атаулары да бар. Орнығып қалған ол атауларға байланысты не айтасыз?

– Мемлекет атауында ұлттық-этникалық мазмұн басым түсіп, ол ұзақ мерзімді әрі тұрақты сақталуымен ерекшеленсе, жер атауларының құбылмалығы, нақты ахуалға байланысты тез ұмытылып, тез өзгеретіні байқалады. Әрине, қандай жағдайда да топонимикалық мұра толығымен, біржолата із-түзсіз жойылып кетуі мүмкін емес. Сондықтан да еліміздегі жер-су атауларында қазақ қазақ болғанға дейінгі, қазақ хандығы дәуіріндегі, отарлау мен тоталитаризм қыспағы кезіндегі қыртыс-қатпарлар бар. Осылардың арабтан, моңғолдан, жоңғардан, түркі тектес көрші халықтардан ауысқандары ұлттық санамызға, тарихымыз бен тілімізге сіңісті болып кеткені соншалықты, қазір еш жатсынбаймыз. Мән-мағынасын түсіне бермесек те, әбден қазақыланып кетті. Біріншіден,  ұзақ  тарихи мерзім боларын болдырып, бояуын сіңірді, екіншіден, ол атаулардың берісі түркілік, әрісі шығыстық тамыры қазақ қоғамына етене жақын еді. Бізді алаңдататыны – отарлық және кеңестік топонимика. Осыны тезге салатын уақыт келді. Ономастика оңалмай, елдігіміздің бетіне шіркеу түсіру тыйылмайды.

– Ертеден келе жатқан қазақы атауларды қазір неге қолдана бермейміз? Мысалы Москваны Мәскеу, Пекинді Бейжің деген сияқты сөздеріміз ғана қолданыста жүр. Қазақ дүниедегі барша атауларды өз тілінің тезіне салған емес пе?

– Ежелден ата-бабаларымыз мәдени жаһандану жағдайында өмір сүрген, тіршілік еткен. Бұған ұлы қолбасшылар Мөде қаған, Аттила, Күлтегін, Шыңғыс хан, Бату хан, Берке хан, Жошы хан, Бейбарыс сұлтан заманы айғақ. Және де қазақ жұрты Византияны – Үрім, Иранды – Ажам, Палестинаны – Кінған, Қытайды – Шың немесе Шина, Дамаскіні – Шам, Шри Ланканы – Сәрәнділ, Венгрияны – Мажарыстан, Египетті – Мысыр, Данияны – Даң, Швецияны – Сібеден, Германияны – Алмания, Чехословакияны – Шақалауакия, Жапонияны – Жапүния (қытай қазақтары – Жібін), Францияны – Пранс, Американы – Әмрике, Польшаны – Лехистан елдері деп, Европаны – Аурупа, Мюнхенді – Мүншен, Грузияны – Гүржістан, Кельнді – Келін, Пекинді – Бейжің, Кавказды – Қап тауы, Қызыл теңізді – Күлзім деп атағандығы дәлел.

Бүгінгі заман ағымында осы атауларды қолданба деген кім бар? Тек ізденбей, оңайына жүгіре беретініміз бар.

Біздің халқымыз жер-су аттарын қоюға өте шебер, оған ерекше мән берген. Халықтың суреткерлік көзқарасын, тапқырлығын, даналығын көрсететін мынадай гидронимдердің сымбат-көркі қандай десеңізші! Сырдария  – өн бойында көне қалалар (Сығанақ, Бестам, Қызқала, Жөлек, Қамысқала, Асарлар, Жент, т.т.) моншақ тәрізді орналасқан. Сарысу  – Арқадан көктемде арқырай аққан мол судың түсін сипаттайды. Жөлек – дарияның деформацияға ұшыраған ескі арнасы. Нәнсай – бұл да дарияның ескі арнасы, Бестам, Сығанақ сынды қалалар осының бойында орналасқан. Телікөл – Сарысудан тасыған сумен толығып отыратын көл, малшылардың жаз жайлауы. Күмісқалған – аңызға қатысты атау алған, дарияның тасуынан толығып отырған. Қызылсу өзені – топырақтың түсіне байланысты аталған. Балықтыкөл көлі – балыққа бай көл. Байдала көлі – сол маңдағы даланың кеңдігіне байланысты қойылуы мүмкін. Тышқанкөл көлі – көлде ондатрлар есепсіз. Жылтыркөл – көл бетіне түскен күн сәулесінің ерекше жылтырауынан. Алакөл – көл бетінің толқын ұрғанда ала-құла болуынан аталған. Батпақкөл – батпақты көл. Шалқар көл – көл көлемінің үлкендігіне байланысты аталған. Шөптікөл – көл жағалауының қарғатамырлы шөптің (шымды) болуынан аталған. Нұра өзені. Моңғол тілінде «нұра» – қирату, тангус – маньчжурша – «нұра» жыралы деген мағынаны білдіреді. Құланөтпес өзені. Аңыз бойынша, осы өзенде шортандар көп болғандықтан, малды судан өткізуге тосқауыл келтіріпті.  Теңіз көлі. Көл өзінің көлемімен таңғалдырады, сондықтан Теңіз көлі аталған. Асаубалық көлі. Мұнда жыртқыш ірі балықтар мол. Сұлтанкелді көлі. Ел аузында атақты Хан Кене нөкерлерімен осы көлдің жағасына келіп шатыр тігіп, аттарын суарып, дамылдаған. Жұмай көлі. Жұмай батырдың есімімен аталған. Шолақ көлі. Жақын маңдағы көлдермен салыстырғанда көлемі жағынан кішкентай болғандықтан Шолақ деп аталған. Ащыкөл. Көл суының ащы болуына байланысты аталған. Тұщыкөл. Көл суы тұщы болуына байланысты аталған. Құмкөл. Көлдің жағалауы құмға толы. Қыстау көл. Осы көлдің жағалауында ел адамдары ызғарлы қыстан аман-есен қыстап шыққан. 

Қазақстанда таным-пайымыңды көріктендіретін һәм тереңдететін, қиял-сезіміңді қанаттандыратын мән-мағынасы сұлу жер-су атаулары жеткілікті. Айталық: Домбыралы, Көркем, Қарлығаш, Оғызбалық, Айғыр ұшқан, Күлегеш (Қарқаралыдағы жартастың аты, бір сөзіңді жеті рет қайталайды) және т.с.с.

– Ономастикада аса күрделі мәселенің бірі – елді мекенге, мектепке, даңғылға, көшеге, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, басқа да нысандарға кісі есімдерін беру. Осыған қатысты қандай ойыңыз бар?

– Ел ұғымында белгілі бір адамның байлығы, атақ-дәрежесі емес, ардақты істері, үлгілі, өнегелі дәстүрі мен мектебі, тарихи қызметі қайраткердің нақты тұлғасын анықтайды. Жапонияда қайраткер бір ғасырдан кейін ғана айрықша назарға  ілінеді  екен.  Қазақ  жағдайында кейбіреулердің жасандылықпен дабыра-даңғазамен атағы шыққандарға топырағы суымай-ақ екі өкпесін қолына алып жүгіру – әбестік, әдепсіздік. Тарихтың таразысын, таңдауын, талқысын қайда қоямыз?! Бүгінгі күнге дейін «Қазақта Марабайдан асқан ақын жоқ» деп Абай құрметтеген Қобыланды мен Ер Тарғынды ересен көркемдікпен, тереңдікпен толғаған жырауға ештеңе бұйырмаған. Бұған қарап Марабай жырауды ұмыттық деуге әсте болмайды. Негізінде, кісі аттарын беруде аса сақтық керек. Алдымен, тарихи төл атауларды толық қалпына келтіру қажет.

Қала көшелерінің атауы қала тарихынан сыр шертуі тиіс.

Н.И.Надеждин «Орыс әлемінің тарихи-географиясының тәжірибесі» атты еңбегінде географиялық карталардың топонимиялық зерттеулерде маңызды рөл атқаратынын ондағы нысандарда көптеген ақпарат жүйесі бар екендігін атап көрсетеді. Ол жөнінде оның қанатты сөздерінен байқауға болады. «Әрбір жер-су атаулары сол жердің табиғи құжаты болып табылады». «Жер дегеніміз – адамзат баласының тарихи-географиялық атауларда жазылған кітабы» дейді ол.

– Мен әлі күнге «Қазалы» сөзіне байланысты әртүрлі нұсқаларды оқимын. Бұл атау жөнінде айтарыңыз бар ма?

– «Қазалы» атауы ұлан-байтақ қазақ сахарасындағы екі ұлы өзеннің бойында да кездеседі. Сыр бойындағы Қазалы қаласы Сырдарияның Қазалы аталатын саласы бойында орналасқан. Тарихи жағынан қарасақ, Қазалы қаласы орналасқан жер – орта ғасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы. Себебі, оғыздардың орда қаласы Жанкент Қазалы қаласынан бар-жоғы 20 шақырым қашықта орналасқан. Қазақ ғалымдарының Қазалы атауын «газел» не, «қаз елі» сөздерінен шығаратын, сол сияқты «Қазалы» атауы арабтың «қаза», «қаза болу» деген топшылауларымен келісуге болмайды. «Қазалы» сөзінің мағынасы көл маңында ерте заманда қалыптасқан шаруашылық дәстүрлеріне тікелей қатысты. Солардың бірі балық аулайтын құралдың ерекше бір түрі – қаза. «Қаза» туралы тілші ғалымдардың ішінен бірінші рет жазған С.Аманжолов оны балық аулайтын құралдың бірі деп сипаттаған. Қазаны қамыстан тоқиды. Біз қазаны Ақкөл-Жайылма жерінен кездестірдік. Әулиелі Ақкөл жағасына орналасқан Екібастұз ауданының Қаражар ауылының қазақтары әлі күнге дейін балықты қазаны пайдаланып аулайды. Қазаны биік қамыстан не талдан жасайды да, көлдің адам бойынан аспайтын тұстарына апарып құрады. Үлкен қазалар үй аумағындай жерді алады. Бір құрған қаза бірер апта тұрады да, балықшыларды балыққа кәні қылады. Балықшылықтың бұл түрін қазақ «қаза салу» деп атайды. Қаражар қазақтары қазаның қабырғасын «желі» деп атайды, осы желінің бір тұсын саңылау қылып ашып қояды. Оны «көмей» дейді. Балық осы көмейден қазаның ішіне кіріп, ақыры балықшының дастарханына түскенін білмей де қалады. Ерте уақытта қазаны аздаған ағыны бар жерлерге құрып, оның көмейін ағысқа қарсы қойса керек. Дегенмен, бүгінгі күні қазаны Әулиекөл балықшылары суы тұйық көлдің ішіне де құра береді. Міне, осы қаза қазақ жеріндегі «Қазалы» атты жер-су атауының пайда болуына бірден-бір себеп.

– Жер-суға байланысты немесе көшеге, нысандарға атау беру принциптері қандай болу керек?

– Атауларды өзгерту олардың тарихи негізіне байланысты орындалады. Байырғы тарихи атаулар туралы жүргізілген зерттеулер бойынша түскен ұсыныстар сараланып, облыстық ономастика комиссиясында қаралады.

Барлық құжаттар ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жасалады. Жергілікті қоғамдастық жиыны бір ай бұрын шақырылып, БАҚ, сайтқа хабарландырулар салынады. Жиын өткеннен кейін оның хаттамалары БАҚ-да жарияланады. Тұрғындар арасында атаулар беру, өзгерту, қайта атау бойынша нақты түсінік жұмыстарын ұйымдастырудың нәтиже алып келері сөзсіз.

Жердің аты – бұл тарих қойнауынан сыр шертетін шежіре. Ал бұл – болашақ ұрпақ үшін аса қажет құндылық. Жердің аты өшсе, тарихы да бірге өшті деген сөз. Сондықтан, ономастикалық атаулар – рухани байлығымыз, этникалық мәдениетіміз, салт-дәстүріміздің бір бөлшегі, олар қоғаммен бірге жасасатын ескерткіш, ғасырдың бізге тарту еткен сыйы. Қазақтың ұлттық болмысын, белгілі бір дәуірдің тарихын топонимдердің шығу тарихына қарап біле аламыз, сондықтан оларды қалпына келтіріп, келесі ұрпаққа аманат ретінде қалдыру – сала мамандарының міндеті.

– Аймағымызда әлі де орысша қалпында тұрған атаулар бар. Олар да сіңісіп кеткен атау болып қала ма әлде өзгеруге тиіс пе?

– Қызылорда облысының аумағында орысша атауы бар 3 (2,2%) ауылдық округті атап айтуға болады: Арал ауданындағы Октябрь ауылдық округі, Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылдық округі, Шиелі ауданындағы Гигант ауылдық округі. Орысша атауы бар 7 (3,3%) ауылды да айтып кету керек, олар – Арал ауданы, Октябрь ауылдық округіндегі Водокачка ауылы, Қазалы ауданындағы Қарашеңгел ауылдық округіндегі Водокачка елді мекені, Тасарық ауылдық округіндегі Отгон ауылы, Шиелі ауданындағы Ақмая ауылдық округіндегі Полуказарма елді мекені, Алмалы ауылдық округіндегі Лесхоз ауылы, Қызылорда қаласындағы Геолог ауылы. Орысша атауы бар 67 көше бар (2,1%). Облыс бойынша тіркелген 22  шағын  ауданның 15-і облыстық маңызы бар қалада болса, 7 шағын аудан аудандарда орналасқан. Оның ішінде Қазалы ауданында орналасқан «Мелиоратор» шағын ауданы орысша аталған.

Әрине, бұл атауларды өзгерту керек. Шиелі ауданындағы Төңкеріс ауылдық округі Тұран, Полуказарма Қосарық, Лесхоз Тоғайлы болып өзгерді. Онда біріншісіне тарихи танымға байланысты Тұран атауы берілсе, екіншісі қос арнаның каналдың (арықтың) ортасында орналасуына байланысты, үшіншісі  шаруашылығына және табиғатына байланысты өзгертілді.

Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалымы Мұхтар Әуезовтің «Біздің қазақ – жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да жер, су, жаһан түзде кездескен кішкентай бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады»  деп жазған еді. Жер-су атаулары – халықтың жады, оларда үлкен таным бар, рух бар, мағына бар. Халық тарапынан қойылған атауларды сол өңірдің табиғи да, тарихи құжаты деу ләзім.

– Кейінгі уақытта адам аттарын оңды-солды тықпалай беруден аулақ жүрейік деген пікірлер әртүрлі мінбелерден айтылып келеді. Сіздің ойыңыз?

– Шет ел тәжірибесіне сәйкес ұлы тұлғалардың атында мектептер, көше атаулары аталмайды. Бұл – дұрыс мәселе. Бірақ бұл жағдай – біздің менталитетке жақын болмағанымен, тәлім алатындай өнеге.

Атам қазақ жер-су атауларын қазақтың кең-байтақ даласына мөр ғып басқан. Тілімізге оралымды, көкейге қона кететіндей етіп көркем кестелеген. Қазақтың ұлы даласындағы жер-су атауларының бәрі бедерлі поэтикамен өрілген. Желмая мініп, жер шолған Асан Қайғы бабамыз өзі тоқтаған жерінің аты мен затын салмақтап тұрып саралап бермеп пе еді?! Ата-бабаларымыз Хан Тәңірі мен Алатауды, Бетпақдала мен Қаратауды, Арал мен Ұлытауды, Сығанақ пен Сарайшықты, Қарасаз бен Қараойды, Шалкөде мен Көлсайды, Бақанас пен Кербұлақты, Ақши мен Қапалды, Желтораңғы мен Балатоптарды ешбір ономастикалық комиссиясынсыз-ақ сәтімен атап, санамызға сіңдіріп жіберген жоқ па еді?! Бұл атаулар тек географиялық белгі ғана емес, мәдениетіміз бен сан ғасырлық тұрмысымыздың, тіліміздің барша тарихы мен заңдылықтары да осы атаулардан табылады. Қазақстан мемлекеттігін нығайтудың қазіргі кезеңінде ономастика мәселесі тек қазақ тілінің аясымен ғана шектелмей, саяси-әлеуметтік, тарихи, мәдени мәні зор, ұлттық, құқықтық, идеологиялық, моральдық шешімді талап ететін өте күрделі құбылыс болып саналады.

Сондықтан да, ономастика проблемаларына мемлекеттік маңыз беріліп отыр. Жер-су атауларына зер сала қараған адам сол атаулардың астарындағы ғажайып сырларды танып, қайран қалар еді. Әрбір халықтың санасында бұл атаулар ғасырлар қойнауындағы қазына ретінде бағаланады. Қазақ халқы ежелден елді мекендердің, жер, су, өзен, көл атауларының мән-мағынасына, тарихына ерекше көңіл бөлген. Әр дәуірдің ескерткіші ретінде халық тарихының, ұғым-нанымның дерегі саналып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын тарихи жәдігерлерді құрметтеп, аялап сақтау – азаматтық борышымыз.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<