Өмірі өнегенің өрмегіндей

418

0

Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген қанатты сөз бар. Соңғы кездері бұл сөздің астарының таңғы шықтай мөлдіреп, тұнып тұрғанына көз жетіп келеді. Бұған бір дәлел, биыл бақилық болғанына тура он жыл толып отырған ұлағатты ұстазымыз Досмахан Сұлтановтың асыл бейнесін әркез еске алған кезде мен оның бұрынғыдан да тұлғаланып бара жатқанын жиі байқап жүрмін.

Бұл дүниеде ештеңе де өзінен өзі жасала салмайды. Бәрінің де өз себебі, өз салдары болады. Жер бетінде тіршілік ететін кез келген адамның өмірге келгендегі өз мақсаты, өз жолы, өз тағдыры бар. Әрбір жан жазмыштың бұйрығымен маңдайына жазылып қойылған міндетін өзіне берілген уақыттың ішінде орындап шығады. Бірақ сол миссияны әркім білім-білігіне, қарым-қабілетіне, парасат-пайымына қарай әртүрлі санада, сапада, деңгейде орындайды. Өзіне белгіленіп берілген борышты белгілі бір уақыт ішінде адақтап бітіре салатын да, оны бүкіл өмірі бойына жүзеге асыру­мен жүретін де кісілер кездеседі. Әлбетте, бұлардың соңғыларын сол үшін жұрт «өз ісіне шексіз берілген шебер» ретінде бағалап, ол өмірден өтіп кеткеннен кейін де атын аспандатып, даңқын дабылдатып жүреді. Ал біздің Дос­махан ағай сондай салауаттылар сапындағы жанның бірі еді. Осы ретте орыс­тың ұлы жазушысы Лев Толстойдың: «Егер мұғалім тек қана өз ісін жақсы көретін болса, онда ол жақсы мұғалім. Егер мұғалім оқушысын тек әкесі мен анасы секілді жақсы көретін болса, онда ол барлық кітапты оқып шыққанымен, оқушыларын сүймейтін сол мұғалімнен артық. Егер мұғалім іске және шәкіртке деген махаббатты бір-бірімен біріктіре білсе, ол – кемеліне келген мұғалім» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Біздің ағай мұның соңғысы кемеліне келген мұғалім санатына жатады. Ол өзінің орасан зор педагогикалық тәжірибесін, көл-көсір білімін оқушыларды оқыту үдерісін ізденісі мол шығармашылықпен, жүрек жылуымен ұштастыра білетін педагогтар қатарынан табылады. Әдетте өз ісіне шексіз берілген мұндай адамды «жүрегінің оты бар, жігерінің шоғы бар жан» деп атайды.

Мен өзім бала жасымнан ұстаз біткенді зор құрмет тұтып, қастерлейтін адаммын. Бірақ мен үшін Дос­махан Сұлтановтың әуелден орны да, оябы да бәрінен бөлек еді. Мұны жылдар өткен сайын барынша терең ұғына бастадым. Ол әуел бастан Абай айтатын «ақырын жүріп, анық басатын» мұғалімдер сұрпынан болатын. Тағдыр мені өзім әлі күнге дейін өмірімде үлкен із қалдырған ақылшы аға санайтын бұл кісімен 1964 жылдың күзінде Шиелі кентіндегі №47 М.В.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінде 5-сыныпқа көшкен кезімде табыстырды. Осы оқу ордасының табалдырығынан 1959 жылы аттаған мен бұған дейін Рахима Тоқмырзаева деген апайдан білім нәрімен сусындап шыққан едім. Ал жоғары сыныпта бізге Дос­махан ағай сынып жетекшісі әрі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жолықты. Келген күнінен барлық балаларға жайдары жүзбен жылыұшырай қараған ұстазымыз мені сыныптың старостасы етіп белгіледі. Ағайдың жібектей жұмсақ мінезі, барынша биязы жағымды даусы, келімі келіскен келбеті бізді бірден өзіне баурап алды. Ол кісіде қандай бір жағдай болғанда да оқушыға дауыс көтеріп сөйлеу деген болмайтын, нені айтып, нені түсіндірсе де, өзінің бастапқы сабырлы қалпынан бір айнымай, бір сыдырғы үнімен жетеге жеткізе айтып шығатын. Ол кісі сыныпқа кіріп келгенде, күні бойы шулап отырған балалар бірден сап тыйылып, жым-жырт болып тынши қалатын. Бәлкім, мінезінің ерекшелігінен шығар, әлде сабақты өте жақсы түсіндіріп беретіндігінен болар, әйтеуір ол оқушыларды өзіне бірден тартып ала қоятын.  Сол бойда бәріміз аузымызды ашып, «Бүгін не айтар екен?» деп  оның бетіне қарап отыратынбыз. Ағайдың әр сабақ сайын өткізілген тақырыпты құйып беретіні сонша, ертеңіне кітапты ашпай-ақ оның айтқандарын сол күйінде айтып беріп, жақсы баға алып жататынбыз.

Мен Досмахан ағайды осындай елден ерек қасиеттері үшін «ұстаздардың ұстазы» санаймын. Оның бүкіл саналы ғұмырын біржақты ұстаздық қызметке арнауының өзі бұған толық негіз болады. Бұлай дейтініміз, 1941 жылы 15 жасынан мұғалімдік жолға түскен ағай 1991 жылы зейнетке шыққанға дейін педагогика саласына өзінің тура 50 жылын арнаған екен. Осы жарты ғасырлық уақыт ішінде оның алдынан сан мыңдаған шәкірт тәрбиеленіп өсіп, өмірге жолдама алды десеңізші! Оның мақтаулы оқушыларының қатарында қазақтың көрнекті жазушысы Оразбек Сәрсенбаев та болды. Ағай болашақ қарымды қаламгерді «Қызылдиқан» ауылындағы жетіжылдық мектептегі кезінде оқытқан екен. Кейін Оразбек ағаның өзі Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, бірер жыл «Лениншіл жас» газетінде қызмет істегесін, біздің мектепке мұғалім болып келді. Сол кезде біз де одан дәріс алдық. Орекең сонда өзінің әдебиет жолын таңдап, жазушылыққа бет бұруына Досмахан ағайдың өте үлкен ықпалы болғанын айтатын еді. «Егер бала жасымда Досмахан Сұлтанұлы сияқты ұлы ұстаздың қолына түспегенімде жазушы болып шығуым екіталай еді, – дейтін сонда Оразбек аға. – Ол  – менің әдебиетті сүюіме, жазушы болуыма бірден-бір әсер еткен алғашқы ұстазым. Соның арқасында осы мамандықты таңдадым. Сондықтан ол кісіні біздің қазіргідей елдің азаматы болуымызға септігі тиген, бағыт берген кісі деп, қатты қадірлеймін».  Мұның ақиқат екенін даңғайыр жазушы бертінде елге келген кездерінде де әрдайым айтып жүрді. Міне, ұстаз шапағаты деген осы болса керек.

Қазір өткен жылдардың биігінен қарап тұрғанда, Досмахан ағайдың шынында пейілі педагог болу үшін жаралған жан екеніне иманымыз кәміл бола түседі. Ол кісі 1927 жылы Шиелі ауданындағы Жуантөбе ауылдық округіне қарасты «Қызылдиқан» ауылында дүниеге келген екен. Ал 1934 жылы ауылдағы мектеп табалдырығынан аттапты. Бұдан әрі 1940-1941 жылдары Шие­лі кентіндегі 1 Мамыр мектебінде оқып, жетіжылдық білім алып шығады. Осы жылы мектепті үздік бітірген жасөспірім бала өзі туып-өскен «Қызылдиқан» ауылындағы Ворошилов атындағы №214 мектепке бастауыш сыныптардың мұғалімі болып қызметке алынып, өзінің табан аудармай ұзақ жылдарға созылатын ұстаздық эпопеясының ілкі қадамын бастайды. 1945-1946 оқу жылын «Жиделіарық» ауылындағы мектепте өткізген ағай 1947 жылы туған ауылына оралып, орыс тілінен сабақ береді. Бұдан кейін 1951-1955 жылдары «Ақтоған» ауылындағы жетіжылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі болады. Осы жылдардың бәрінде мектептен қол үзбей білімін көтерген ұстаз 1951 жылы Түркістан педагогикалық училищесін, 1955 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай бітіріп шығады.

Жоғары білім алғаннан кейін Досмахан ағайдың қызмет сатысымен өрлеп-өсуіне жол ашылады. Ол 1955-1959 жылдары осылайша «Қызылдиқан» ауылындағы Ворошилов атындағы №214 жетіжылдық мектеп директорының міндетін атқарушы, мектеп директоры болып қызмет атқарады. Кезінде аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін ұзақ жылдар басқарып, осы өңірдің «Бибіпатимасы» атанған, бүгінде көзі тірі Ұлман Мәміреева апамыз өзінің бір сөзінде ағайымыз туралы: «Досмахан соғыстың қызып жатқан уағы – 1942 жылы туған ауылында жетіжылдық мектептің мұғалімі болса, мен колхоздың бас есепшісі қызметін атқардым. Ауыл мектебінің төбесі жаппа ұзынша үй болатын. Жауын жауғанда оның шатырынан су сорғалап тұратын. Сол кезде әлі жасы он сегізге де толмаған Досмахан шелекпен төменнен лай тасып, су ағатын жерлерді бітеп, әуреге түсіп жататын. Осылайша қысқа дайындықты бір өзі атқарып шығатын. Ол жас кезінен еңбеккеш еді. Соғыс­тың ауыр кезеңінде аудандағы кейбір елді мекендерде мектептер мұғалімдердің жетіспеушілігінен жабылып қалып немесе біріне-бірі қосылып жатты. Бір ауылдың балаларының келесі ауылдағы мектепке қатынап оқитын жағдай да жиі кездесті. Ал «Қызылдиқандағы» мектеп Дос­маханның бір өзі бірнеше пәннен сабақ беруінің арқасында жабылмай, сақталып қалды. Мен ауылдың есепшісі болғандықтан, ауданнан келген комиссия мүшелерімен бірге мектепті тексеруге бірге жауап беретін едім. Сондықтан бұл жайлардың бәріне жақсы қанық болдым», – дегенді айтады. Осының өзінен біздің ағайдың жанкештілігі, өз кәсібін өте жақсы көретіні анық байқалады.

Досмахан Сұлтанов 1959 жылы Шиелі кентіндегі М.В.Ломоносов атындағы №47 қазақ орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналас­ты. Содан зейнетке шыққанынша ешқайда табан аудармай, ұстаздық етті. Осы жылдарда біздің сүйікті мұғалімімізден үйренген үрдісіміз, терген тәліміміз аз болған жоқ. Ол бізді ең алдымен ізгілікке, адамгершілікке, сұлулықты сүюге, жақсылықты көре білуге тәрбиеледі. Өзі мектептің қоғамдық өміріне белсене араласты, партия және кәсіподақ ұйым­дарының мүшесі болды. Ал пән мұғалімі ретінде республикалық, облыстық және аудандық баспасөз беттерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдіс-тәсілдері жөнінде ұдайы пайымды мақалалар жариялап тұрды. Ол сонымен бірге мектептің драма үйірмесіне жетекшілік жасау арқылы да жас ұрпақтың өнер мен білімге деген көзін ашты. Сол кезде мектеп сахнасында қойылатын спектакльдердің бәрінің мәтінін белгілі жазушылардың түрлі шығармаларының негізінде дайын­дайтын режиссердің де қызметін атқарды.

Менің ағайға тағы бір таңғалатыным, өзі жетекшілік ететін сынып оқушыларының барлығының отбасы мүшелерін жақсы танып-білуші еді. Себебі, өз шәкірттерінің үйлеріне жиі барып тұратын. Соның ішінде біздің шаңырағымызға да аз келген жоқ. Өйткені, мектепте менің алдымдағы апам да, қарындасым да оқыды. Ағай сол кездері үйге келіп, әке-шешемізбен емен-жарқын әңгімелесіп кететін-ді. Кейін ойланып қарап отырсам, бұл кез келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін қабілеті екен. Мұны тек бала жанының шын мәнінде бағбаны бола алатын, өз оқушыларына шындап жаны ашитын ұстаздың ұстазы ғана жасай алады.

Бір кездері қазақтың арқалы ақыны Ғафу Қайырбековтің қаламынан туған:

Ұстаз болу –  жүректің

батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің

ақылдығы,

Ұстаз болу – мінездің

күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы, – деген жолдар тура біздің ұстазымызға арналып айтылғандай болып көрінеді де тұрады.

Досмахан ағайдың ұйым­дастыру­шылық қабілеті де керемет еді. Біз сонау бесінші сыныптан бастап оның мектепішілік және мектептен тыс жұмыстарының бәрінің қасында жүрдік. Сонда бізді тарихи орындарға жиі апарып тұратын. Ағайдың бастауымен Кентау, Түркістан қалаларын, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарына талай бардық. Сондайда алдымен мені шақырып алып, «Осындай ой бар, барғаннан кейін балалар шашырап кетіп қалып жүрмесін, сен маған көмекші бол» деп тұратын. Бұдан бөлек, ара-тұра елге есімдері белгілі еңбек адамдарын мектепке кездесуге шақырып, соның барлығының жоспарын өзі жасап отыратын. Осы кездесулердің нәтижесінде біз атақтары Одаққа дейін танылған даңқты диқандар, Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаевтың, Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала Алтайбаеваның өнегелі өсиетке бергісіз әңгімелерін тыңдау құрметіне ие болдық. Бұлардың бәрі біздің санамызда өшпестей із қалдырды. Осы қауышулар біздің мерейімізді өсіріп, келешекке деген сенімімізді арттырды. Осының арқасында білімге деген құштарлығымыз еселене түсті. 

Осындай ұстаздың қолдауы мен дем беруінің арқасы шығар, жалпы, мектепте жаман оқыған жоқпыз. Білім ордасын 1969 жылы бітірер кезде тек екі пәннен ғана төртке шығып қалып, Алтын медальға іліне алмадым. Есесіне жоғары оқу орнына көп қиналмай түсіп кеттік. Өмір осылай жалғасып жатты. Ақырында жоғары білім алып, елге келдік.

Еңбек жолымды Қызылордада бастадым. Жұмысқа белсене араластық. Күндердің күнінде қызмет сатысымен өрлеп, ел-жұртқа танымал болатындай дәрежеге де жеттік. Бірақ мен осы кездердің бірде-бір белесінде ұстазыммен байланысымды үзгем жоқ. Бұл қарым-қатынас ол кісіден өмірден өтіп кеткенше жалғасты. Шиеліге жол түсіп барған кезімде ағаймен арнайы кездесіп қалып жүрдік. Кейде біздің қолымыз босамай жатқанын білсе, түскен жерімізге өзі іздеп келіп тұратын. Салған жерден ұстаз бен шәкірт қалпындағы әңгімелеріміз жарасып жүре беретін.

Мен осы жылдардың барлығында «бұрынғы ұстаз» деген ұғымның болмайтынына иландым. Егер ұстаз сол атына лайықты адам болса, расында да ол саған мәңгілік ұстаз болып қала береді екен. Өз басым мұны әлдеқашан мойындаған адаммын. Мұны әрдайым Досмахан ағаймен кездес­кен сәттерде айрықша сезініп жүретінмін. Онымен әркез шәкірт есебінде әңгімелесіп, сырласушы едім. Ұстазым да сол бая­ғы менің балаң күнімдегідей өзінің әр нәрсеге байланысты ақыл-кеңес­терін айтып, тілекшілік ниетін білдіріп тұратын. Кейде жолығыса алмай қалған кездерінде жұбайыммен сөйлесіп, әлденелер жөнінде өз ойларын жеткізіп жататын. Соның ішінде, жасыратыны жоқ, ол менің өзім туып-өскен Шиелі ауданына қызметке келуімді қатты қалап жүрді. Әрине, өз шәкіртін биіктен көру әр ұстаздың арманы ғой. Бірақ барлық уақытта бірдей адамның дегені бола бере ме, мұның ешбір реті келмей қойды.

Досмахан ағай бізге өзінің ешқашан өтірік айтпайтын шыншылдығымен, ештеңені бүркемелемейтін турашылдығымен, қайда да тәртіпті ту ететін талапшылдығымен үлгі-өнеге болды. Бәрін әріден ойлап тұратын тереңдігі мен адамның көңілін қалдыруды жөн көрмейтін адалдығы қай кезде де жаныңды бау­рап алатын. Әрбірден соң тал бойына қылау түсірмейтін тазалығы мен сымдай тартылған тұлғасы да бізді әрдайым сондай болуға шақырып тұрғандай болып көрінетін. Қашан көрсең де мұнтаздай болып жүретін ағайдың жанында салдыр-салақ қалыпта жүруге кім болса да ұялар еді. Сірә, жан-жақты жарасымдылық деген осындай-ақ болар.

Досмахан Сұлтанов ұзақ жылдарға созылған ұстаздық қызметінің арқасында 1976 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қыз­меткері» атағын алса, 1982 жылы «КСРО халық ағарту ісінің озық қыз­меткері» дәрежесіне қол жеткізді. Ал 1978 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұдан бөлек, бірнеше медальдар және Құрмет грамоталарын алды. Біз бұдан ерен еңбектің лайықты бағаланғанын байқаймыз. Ендігі кезекте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде соңында өшпес із қалдырып кеткен мұндай кісілердің есімдерін жұрт жадында мәңгі қалдыру кейінгілердің парызы болуы керек деп ойлаймын. Мен осы ретте бұл кісі қандай нысанның атын берсе де, соған ла­йықты деп есептеймін. Бұл орайда соңғы бірнеше жылдың көлемінде бұрынғы «Қызылдиқан», қазіргі Тәжібаев ауылының тұрғындары осы елді мекенде жаңадан салынған мектеп үйін Досмахан Сұлтановтың атымен атау турасында бастама көтеріп жүр екен. Меніңше, бір кездері өзі еңбек жолын бастаған, кейін бірнеше жыл директоры болған сол білім ордасына ағайдың атымен атағаннан тек ұтарымыз мол. Бұл ұлағатты ұстаздың атын ұлықтаған болып қана шықпайды, сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлімі көп тірлік болмақ. Ұлағатты жанның мұндай құрметтің шеңберіндегі адам екеніне бұл ауылда күмән келтіріп отырған ешкім жоқ. Ендеше, көптің тілегіне кең өріс берген жөн.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<