Үлкеннің өнегесі – жастарға үлгі

1244

0

Облыс әкімдігінде облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, тұрақты комиссия мүшелері, ардагерлер  қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.  Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік ­Дүйсенбаев жүргізіп, ұйымның өткен жылғы атқарған жұмыстарын саралап, алдағы міндеттерді айтып берді.

Бүгінгі күні облыс бойынша 74080 ардагер есепке алынған. Кеңес төрағасы жыл сайын  зейнетке шығып жатқан азаматтардың санын әлі де нақтылау керектігін айтты.  Қала, аудандық ардагерлер ұйымы осы жұмысты қолға алып, зейнетке шыққан азамат міндетті түрде жергілікті ардагерлер кеңесінің есебінде болуы тиіс екенін жеткізді.

Былтыр еліміз үшін маңызды жыл болды. Абай Құнанбайұлының – 175, Әбу Насыр әл Фарабидің – 1150 және Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті. Ардагерлер кеңесінің бастамасымен түрлі форматта іс-шаралар  ұйымдас­тырылды. Жергілікті сала мамандары ардагерлермен бірлесіп, кездесулер, дөңгелек үстел мен мәдени іс-шаралар іске асырылды.  Жиындарда  жастарға келелі ой айтылып, маңызды мәселелер талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының  аясында көптеген шараларды жүзеге асырды. Елге қызмет еткен, туған жерінің түлеуіне үлес қосқан азаматтар еңбегі жастар арасында насихатталды. 

Аудандық ардагерлер кеңесінің жұмыстары да пысықталып, жылдық жоспары тыңдалды. Кеңес жыл са­йын тарихи-мәдени орындарға саяхат ұйымдас­тыруды дәстүрге айналдырған.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы денсаулық  сақтау басқармасы мен аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігі облыстық кәсіп­одақтар орталығына ұсыныс айтты.  Аға буын өкілдері ауруханаларда ардагерлерді емдейтін арнайы бөлімше ашылуын, тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілердің тізімін БАҚ-та жариялауды, емхана, аурухана ғимаратына іліп қоюды, арнайы жолдамалар беруді мәселе етіп көтерді. Бұдан бөлек, білім, спорт, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсыныс­тар айтылды.  Кеңес төрағасы өз кезегінде,  маңызды бастамаларды іске асыруда аға буынның әрдайым көш басынан табылатынына сенім білдірді.

Бұдан соң кеңестің ұйымдастыру мәселелері қаралып, онда ардагерлер алқасының құрамына өзгерістер енгізіліп, пленум мүшелері сайланды. Сонымен алқа құрамы 11, пленум мүшелері саны 69 адамды құрады. 

Пленумда облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ержан Уәйс, Сыр­дария аудандық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Хайролла Әбенов және Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Молдахмет Ибрагимов ойларын ортаға салып, қарттардың әлеуметтік, тұрмыстық қажеттіліктері мен денсаулық жағдайына қатысты пікір білдірді.

Мұнан әрі облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет сөз алып, аға ұрпақ алдындағы парыз, жастарға үлкендер өнегесін ұлықтау туралы тағылымды ой қозғады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы тәуелсіз еліміздің терең тарихын танып-білуге, ұлттық құндылықтарымызды  құрметтеуге байыпты бағдар болғанын атады.  

Сонымен қатар індетке қарсы  екпе егу, жастарды көктемгі әскерге шақыру жұмыстарына ардагерлер қолдау білдіріп, маңызды шараға аймақ тұрғындарын белсенді қатысуға шақыру керектігін айтты.

Сөз соңында облыс әкімінің орынбасары бірқатар басқарма басшыларына тапсырма жүктеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз