Жақсының аты өшпейді

1646

0

Үлкендер айтушы еді «Өмір дегеніміз – қас-қағым сәт» деп. Диірменнің тасындай дөңгелеген дүниенің мұнша қысқа айналатынын кім білді дейсің?


Ғұмырының басым бөлі­гін өңіріміздің қаржы-салық саласына арнаған Ақжігіт Базархан Төреқұлұлы алпыс­тың асуынан асқан шағында мезгілсіз арамыздан кетті. Аймаққа белгілі ардақты аза­маттың бұл пәниден озғанына да 40 күннің жүзі болыпты. Туған жерінің ғана емес, ха­лықтың қамын ойлаған, көз­ден кетсе де көңілден кет­пейтін, білімді, білікті, адам­гершілігі зор, қимас жан Базархан Төреқұлұлының ор­ны бөлек еді.

Өмірге құштар жанның жолы күтпеген тұстан үзіледі деп ешкім ойламаған. Жақсылардан бата алған, ақы­лымен жол тапқан, ардақты тұлға құйрықты жүлдыздай мезгілсіз ағып өтті. Суық хабар сол сәтте санамызды сан­сыратып күйзелтті. Бірге өткізген, қызмет-парыздың ыс­тық-суығын бірдей көрген күндерді еске алып, көңіл-күйіміз толқыды.


«Тумақ бар жерде өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе, өкініштің өзе­ні тасып, қай­ғының қара жаң­быры жаумас еді ғой. Кеше ғана арамызда күліп-ойнап, жар­қылдап жүрген Базархан әріптесімізден қапыда айы­рыл­дық. Өлім түгілі өк­пеге қи­майтын әріптес, бауыр, аға, есіл дос жайлы ендігі жерде естелік айтамыз деп кім ойлаған?


Сыр өңіріне келіп, Базе­кеңмен бірге елге қызмет жа­сағаныма үш жылға жуық уақыт болыпты. Оны етене таныған уақы­тым да осы аралық. Жасым көп кіші болса да, ол кісінің кішіпейілділігін көрдім, аға тұттым. Жұмыс барысын талқылап, көп ақыл­дасатынмын. Қалтқысыз қыз­ме­тімен, өз ісіне берілген адалдығымен жұрт­шылықтың ыстық ықыласына бөленген біртуар азамат екенін көзбен көріп, қоғам алдындағы қыз­метіне куә болдым.


Базекеңнің өмірдерегіне тоқталсақ, ол 1960 жылы Қа­залы ауданында дүниеге кел­ген. Ауылдағы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Ал­маты қаласындағы Халық ша­руашылығы институтына оқуға түсіп, қаржы мамандығы бойынша бітірген. 1982 жы­лы облыстық қаржы басқар­масында экономист болып ең­бек жолын бастайды. 1987-1990 жылдар аралығында Қазалы аудандық қаржы бө­лімінде әртүрлі қызмет­ ат­қарып, 1990 жылы осы ау­дан­да мемлекеттік салық инс­пекциясының бас­шысы бо­лып тағайындалды.


Оның салық саласына кел­ген кезеңі жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындар мен ме­ке­мелердің жекешелен­дірі­ліп, бір­қатары таратылып, жа­былып, айлық, зей­нетақы уақытылы берілмей, жалпы эко­номикалық дағдарыстың әсерінен әлеу­меттік қорғаудың төмендеген шақ еді. Осындай ауыр кезеңде халықтан салық жинау, төленген салық жәр­демақы, өтемақы, зейнетақы болып қайта төлене­тіндігін түсіндіру, есептелген салықты мүмкіндігінше төлеуге қол жеткізу Базекең жүргізген сая­саттың, қажырлы еңбектің нәтижесі деп түсінуге болады. 1997-2004 жылдары облыс бойынша салық комитеті бас­шысының орынбасары, 2004 жылы Жаңақорған ауданы бо­йынша салық комите­ті­нің төрағасы болып істеді.

2005-2014 жылдар аралы­ғын­да облыстық салық коми­тетінде басқарма басшы­сы, құ­рылымдық өзгеріс­терден кейін облыс бойынша мемле­кеттік кірістер департа­мен­тінде өмірінің соңына дейін басқарма басшысы қызметін атқарды.


Басшылық қызметінде бі­лімділігімен қатар парасат­ты­лығы, досқа деген адал­ды­ғы, әріптестерге деген сый­­лас­тығымен ерекшеленді. Сон­­дықтан болар, қызмет жа­саған уақытында ел алғы­сына бөленіп, өз орта­сында абырой биігінен көрінді. Елін сүйді, асыл жарын ая­лады, балапандарын шексіз әкелік махаббатқа бөледі, дос қадірін білді. Адал қыз­мет етіп, кісілік келбетін та­нытты.

Биік парасатымен, шексіз адалдығымен, көшелі көпшілдігімен, әдемі әзілімен мыңдаған жүректерді баурады. Ешкімді алаламай, бәрімен теңдей араласатын Базекеңнің айтқан әзілдері ұмытылмайды.
Келген кісіні құшақ жайып қарсы алып, қоштасарда есік аузына дейін шығарып салуы бөлек бір тәрбие мектебі еді.


Дана Абай атаған жігіттің үш қасиеті: «нұрлы ақыл, жы­лы жүрек, ыстық қайрат» Базархан ағамыздың бойына туабітті сіңген деп білемін. Оның ғұмыр дариясы мәңгілік ағысқа ауысты. Аз ғана ғұмы­рында артына өшпес із қалдырды. Ұрпақ өсірді, дос тапты, құда-жекжаттарымен тату-тәтті араласты.
Еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, өз ісінің адал маманы Базархан ағамыздың еселі еңбегі жоғары бағала­нып, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Құрмет Гра­мо­тасымен, «Салық қызметінің үздігі», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбел­гілерімен, ме­рекелік медальдармен, 2019 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Прези­дентінің Жарлы­ғымен мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­талды.
Оның қарамағындағы қыз­меткерлерді басқару әді­сі де ерекше еді. Жұмсақ, жа­ғым­ды даусымен, әзіл ара­ластырып, күлдіріп оты­рып тапсырма бергенде жұмыс­қа деген құлшыныс арта тү­сетін. Әр тапсырманы ұқып­ты, жа­уапкершілікпен орын­дауды, талап қоя білуді үй­ретті. Ше­шімі табылмаған мәсе­лелерде үнемі жол тауып шығатын.
«Базекеңнің даусы жағым­ды, аяғының дыбысын шы­ғармай, жылдам жүретін.

Ақы­рын қасыңа келіп, жұмыс үстеліңе үңіліп тұрғанын бай­қағанда селк ете қалсаң, әзілімен күлдіріп, көңіліңді көтеріп кететін. Әлдебір тап­сырманы дұрыс орындамай қойып, бізге ренжігенде «тұ­қымың жайылғыр» деген сөзді көп айтатын», – деп еске алады әріптестері.


Әрбір жетістікке жеткен ер адамның артында мықты әйел тұратыны сөзсіз. Базекеңнің жары Шолпан жеңгеміз де ерінің тілеуін тілеген жан. Екеуі бір ұл, екі қыз өсіріп, өз ұясына қондырды. Алайда, Базекең балалары мен не­ме­релерінің қызығын көрер тұста жалған дүниемен қош­тасып кете берді. Бүгінде өмірден ерте озса да, артына өшпестей із қалдырған озық ойлы азаматтың еңбегін ай­рықшалап айтуымыздың өзін­дік мәні бар. Өйткені, Базе­кеңнің ерен еңбегі туған өлкесі – Сыр өңіріне сіңді.


Шағын ғана ауылдан шық­қан біртуар азаматтың ат­қарған қызметі ел жадынан өшпек емес. Алыстаған са­йын биік­тей түсетін тау се­кілді ел игі­лігі үшін адал еңбек етіп, қаржы-салық сала­сының дамуына бар ғұмы­рын сарп еткен Базархан Төре­құлұлының тұлғасы да уақыт өткен сайын асқақтай түсетініне шүбәміз жоқ.


Кең жүректі азамат, елі­не, халқына адал қызмет еткен, үлкенге ізетті, кішіге ақылшы бола алған Базархан ағамыздың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгілікке қала бермек.

Ғалымжан ОРЫНОВ,


облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<