Жүргенов жәйлі жерлестерінің естеліктері

701

0

Биыл Қазақстанның білім мен  мәдениетінің, экономикасының өрлеп, өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Т.Жүргеновтың туғанына 120 жыл толу мерейтойы елімізде аталып өтуде. Бұл мерейтой өзінің кіндік қаны тамған Сыр бойының  Жалағаш ауданында ерекше үлкен дайындықпен «Алтын күз» мерекесінің аясында тойланып өтті. Аудан орталығында ұлы тұлғаларды ұлықтайтын «Тағзым алаңы» ашылып, онда «Темір наркомның» мрамордан мүсіні қойылып, халқымен қайта қауышты. Мерей тойға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар өнер, білім, мемлекет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты. Түрлі мәдени, спорттық шаралар өткізілді. Біз соның куәсі болдық. 
Аузы дуалы ауыз азаматтардың айтуынша, бұл той осыдан бірнеше жыл бұрын өткен Бұқарбай батырдың 200 жылдық тойынан кейінгі мағыналы да мазмұнды той болды деген бағаларында естідік. Атамыз қазақ айтқандай «Елдің атын ер шығарады, ердің атын елі шығарады» деген осы екен ау деген ойда қалдық. Еліміз егемендік алғаннан кейін, тарихымыздағы ақтаңдақтардың беті ашылып, қуғын-сүргін жылдарындағы алаштың арыстары халқына қайта қауыштырылуда. Оларға жабылған жазықсыз жалалардың негізсіз қаса-қана жасалғандығы жайлы ақиқат-шындықтарын ақтау жайлы еңбектер жазылып, естелік кітаптар жарық көруде. Осы тұрғыда әріні айтпағанда Темірбектің қалам тартып жүрген жерлестері марқұм тарихшы, журналшы, жазушы Ахмет Тілеулиев Темірбектің әкесі Қара және оның туыстары жайлы өзінің «Қарақұм» кітабында көптеген мәлеметтерді берген болатын. Жазушы, этнограф, ғалым Тынышбек Дайрабай, Мәдениеттік журналист Болатбек Нұржанов, Т.Жүргенов қорының  төрағасы Аңсат Сәйпен, еліміздің белгілі ақыны, журналист, жазушы Махмутбай Әміреұлы және осы жолдардың авторы тағы басқалар түрлі ақпарат беттерінде Темекең жайлы көлемді мақалалар жарияласа, жас ғалым жерлесіміз Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиевтың Темірбек Жүргенов атты монографиялық еңбегі жарық көрді. Бұл заңды құбылыс. Себебі Темірбектің өмірі, балалық және жастық шағы т.б деректерді туған жерінің жұрты жақсы білетіндігіне күмән келтіруге болмайды. 
Өткен ғасырдың 50-60 жылдары аудан мектептерінде Темірбек Жүргеновтың інісі Қараның баласы Қосжаннан туған Қиназар деген ағай біздерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. КАЗГУ-ды  бітірген  білімді ұстаз еді. Ол кездері біз әңгіме қозғап отырған тақырып жабық болатын. Темірбектің бауыры болғандықтан сол заманның салқыны Қиназар ағайға да соғып, өткен болу керек. Ол кісі көп сөйлемейтін. Мінезі тұйық, тек қана өзінің жұмысын білетін кісі еді. Сол кісіден «жылымықтың лебі» ескеннен кейін Т.Жүргенов жайлы алғашқы мағлұматты естіген едік. Ол кездері мектеп оқушылары оқу жылының алғашқы екі айын колхоздың егін жинау науқанына, күріш орағына қатысатын. Жыл сайын біздерді осы жұмысқа Қайназар ағай басақарып алып баратын. Біз сияқты тәуір оқитын, жазу, сызуға үйір оқушыларды Қайназар ағай өзіне жақын тартатын. Кейде ағай бізді өзімсініп, өмір жолынан да әңгіме айтатын. Ауылда бұйығы өскен біздер сол кісіден «халық жауы» деген жала жалған қорқынышты сөздердің мағынасын естіген едік. 1958 жылы №31 мектептің жоғарғы сынып оқушылары қазіргі «Мақпалкөл» ауылының бұрынғы Ленин атындағы колхоздың күріш орағына бардық.  Жетекшіміз Қайназар ағай. Қыркүйектің орта кезі болатын. Күнделікті нормамызды орындап, ағайдың жанына бардық. Ағайдың кеулі бұзылып, жабырқаулы отыр екен. Ол кездері оқушылар  ұстаздарын «пір» тұтатын еді.  Біздер ыңғайсыз жағдайда қалдық. Ағай біздерді оытрыңдар деп ишарат білдірді. Біздер ағайдың қасына жайғастық. Қайназар ағайдың сондағы айтқаны: Менің туып өскен, балалық шағым өткен осы жер. Анау төбе біздің атамыз Қараның қыстауы. 
1937 жылы Алматыда үлкен қызметте болған Темірбек ағам ұсталып, «халық жауы» деген жаламен атылып кетті. Біздің әулет қуғын-сүргінге түсті дегенде біздер бұл сөздің себеп-салдарын білмей бойымызды қорқыныш билей бастады. Ағай, бұл ұғымды түсінбей отырған біздерге, түсінікті тілмен біздерді бай деп қудалады деп қышқаша түсінік жасады. Темірбек аға атылып, жеңгеміз ұсталып кеткеннен кейін, Темкеңнің жанашыр азаматтары ағаның есі кіріп қалған баласын ауылға біздердің қолымызға жеткізіп берді. Анау төбе біздің қыстаудың орны. Басқа ортада орысша оқып тәрбиеленген баланың қазақы ортада өмір сүруі қиын да қайғылы болды. Бала таңертең ерте тұрып, келген жағы шығысқа қарап, папа, мама деп еңіреп жылайды. Біздердің аза бойымыз тітіркенеді. Ол ауылда қазақ мектебінеде барып жүрді. Кейіннен жоғары жақтан бір кісілер келіп, баланы алып кеткені есімде деп ағайда көзінен жас алған еді. Кейіннен КАЗГУ-ге оқуға түстім. Дәмеш жеңгемнің үйінде де жатып оқыдым деп ішіндегі шерін тарқатқандай болды. Біздер ол кездерде жас едік. Ағаның Темірбек жайлы және өз өмірінен деректерді не мақсатта айтып отырғанын түсінбеген едік. Кейін ойлап қарасақ Темірбек сияқты тұлғалар мен ұстазымыз өзінің өмір деректерінен сендерде хабардар болыңдар деген екен ғой ағайымыз. Тақырып Т.Жүргенов жайлы болғандықтан ол кісімен 20-шы ғасырдың басында аймақтағы бірде-бір оқу орны болған Аламесектегі екі жылдық орыс-тузем мектебінен білім алып, бірге оқыған Темірбектің замандасы сол бір зұламат заманда Қара әулетіне және олардың туыстарын басын бәйгеге тігіп, қол ұшын беріп, сол үшін де Т.Жүргеновтың «құйыршығы» атанып, Т.Жүргеновтен соң «халық жауы» атанып жиырма жыл сібірге айдалған. Жазасын өтеп он сегіз жыл сібірдің қақаған аязында ағаш кесіп, азапты жылдарды басынан өткізген. 1956 жылы елге оралып, бұрынғы қызметі қалпына келтіріліп, Тереңөзек, Жалағаш аудандарының құрметті ақсақалы болып өмірден өткен Сейіткерей Усабаев әкеміздің Темірбек Жүргенов жайлы айтқан естелігі еріксіз есіме түсті. 
1984 жылдың маусым айы болатын. Ол кезде мен «Аққұм» кеншары партия комитетінің хатшысы болатынмын. Жаздың жадыраған бір күні сәскеге таман кеншар директоры Сейітнәби Мұқашев, Реке! (кейде көңіл-күйі жақсы болғанда мені осылай атайтын). Бүгін ауылға Сейіткерей Усабаев әкең қасында екі-үш ақсақалы бар осында шақырылған тойға кележатыр. Жұмысың «қауырт» болмаса сол кісілерді күтіп алып, бірге болайық деді. Сен ол кісіні білесің бе? Өмірінен хабардарсың ба?-деп мені сынағандай сұрай бастады. Менде білемін деп жауап қайтардым. Сейіткерей әкемді алғашқы көргенімді еске түсірдім. 1956 жылдың жазы болатын. Ол кезде біздің қазіргі Бұқарбай батыр ауылы тайлы-таяғы қалмай көктемде дария бойындағы «Ақшығанақ» деген жерге жайлауға шығатын. Күріш отағынан оралған бір топ балалар суға түсіп жатыр едік. Ішіміздегі ересек бір бала, бүгін ауылға ұзақ жылдарға сотталып кеткен бір әкеміз түрмеден босанып, елге сәлем беремін деп кележатыр деді. Оның сөзіне онша мән бермей, үйге келсем күн шықпай колхоздың жұмысына кететін әкем, құтты тойға баратындай барын киіп, бір жаққа жүретіндей дайындалып жатыр екен. Менің өзіне оқыс таңқалғанымды сезіп, әкем: түрмеден босанып, ағайынға сәлем беруге келе жаткан «халық жауы» атанып сотталған, Сейіткерей әкең кележатыр. Сол кісіні паромнан күтіп аламыз. Дүйсенбай әкеңнің үйінде қонақ болады деді. Бұл әкеміз кезінде колхоздың төрағасы, ферма меңгерушісі т.б да ат үстінде жүріп, қызмет атқарған әкемнің туған ағасы болатын. 
Сонымен үлкен кісілердің соңына еріп, паромға бардық. Паромның арғы бетінен бір топ аттылы жаяулы кісілер паромға мініп, бергі жағаға өтті. Ішінде ұзын бойлы, ат жақты ақ-сары алпысқа таянып қалған ақ кителді, ақ шалбарлы, ақ қалпақты сұлу кісі басқалардан өзгеше болып, ағайындармен құшақтасып, амандасып жатты. Қасында елдің құрметті ағалары Бекжан, Сәдуан, Сейтен, Шоңбай, Абыт т.б лар бар еді. Сонда Сәкеңді алғаш көрген болатынмын. Кейіннен Сейіткерей әкеміз ауылдағы той-томалақ, өлім-жітімге келіп жүргенде бірге болғаным бар. Біздер қонақтарды күтіп алып, шақырған үйге бірге бардық. Дайындалған үйде Сейіткерей мен бірге Тайман кари, Мұстаяпов Исахан т.б да төрт-бес кісілер болды. Отырыс көңілді басталып, билікті Сәкең Мұқашев ағамыз өз қолына алып, түрлі тақырыптардан әңгіме қозғады. Сейітнәби аға өзі тарихшы және әңгімешіл болғандықтан әңгіменің төркіні Сейіткерейдің өмір жолы, сол жақтағы өмірінен деректерді білуіне  бағытталған сұрақтар қойылып отырды. Ол кісі маған қолпаштаумен мақтануды сүйе бермейтін, сөзге сараң, аз сөйлеп, сұраққа нақты жауап беретін тұйық мінезді, сабырлы адам болып көрінді. Ол жақтағы өмірі жабық күйде қалатынын ескертті. Мен оған бұл ұстамдылық пен қасиетті өмірдің өзі үйреткен ау деген ойда болдым. Кенет Сейітнәби аға: – Сейіткерей аға жас кездеріңізде өңірде екі адамның қолы жете бермейтін ескіше де, жаңаша да мектептерде оқып, білім алып, жауапты қызмет атқардыңыздар. Білуімше сіз 1934-1935 жылдары Алматыдағы Марксизм-Ленинизм курсында оқып жүргеніңізде Т.Жүргенов пен силастықта болыпсыз. Ол кісі ұсталып кеткенде де Ырғыз ауданындағы Қараның әулеттері мен туыстарын елге «Сырға» қашыруға жолбасшы дайындап, көмек беріпсіз. Ол туралы сол кісілердің туыс ағайындары жақсы біледі. Сол жайлы өзіңізден естісек деп сұрақты төтесінен қойды. Мұндай сұрақты күтпеген Сейіткерей ақсақал әлі де бұл тақырыптың жабық екенін ескерткендей бойын тіктеп алып, біліп отырсаң несіне сұрайсың дегендей сынай танытты. Сұрағыңа жауап дегендей ол кездері өзінің айтып отырған оқуды ауқатты отбасының балалары оқыды. Біздің әкелеріміз елге танымал пахуатты адамдар болды.  Ал, біздің силастығымыз ол ұсталып, мен айдалып кеткенше жалғасып тұрды. Біз зобалаң заманның құрбаны болдық. Халқының жарық жұлдызындай болған Темірбекті нақақтан-нақақ «халық жауы» деп атса, елдегі мына Тайман кариды молдасың деп қудалады. Мені сонау Ырғыз аудандық Кеңес Атқару Комитетінің төрағасы қызметінде жүргенімде «халық жауы» Т.Жүргеновтың әулетін, туған-туыстарына көмек беріп, «Ырғыздан-Сырға» қашырды, Жүргеновтың «құйыршығы» деп айыптап жиырма жылға соттады. Сіберге айдады. Біздің ұрпақтың басынан не өтпеді десеңші. Тұз-дәм таусылмай елге оралдым. Сол кезде атылып кетпей бүгін сіздердің орталарыңызда отырмын. Бұған тәуба деймін, жігіттер деді Сейіткерей ақсақал. 
Т.Жүргенов пен Аламесекте бірге оқыған, саналы ғұмырларын сыйластық пен өткізген Сейіткерей Усабаев кім еді? Ол қазіргі Жалағаш бұрынғы Тереңөзек аудандарының шығыс бөлігіндегі елді мекендерді қамтыған Байзақ болысының Камсомол кейіннен Болыстық атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ақмешіт Уездік Комитетінің секретары, Қызылорда, Қармақшы, Шәуілдір, Ырғыз Аудандарының Атқару Комитетінің төрағасы аудандық, облыстық сайланбалы орындарға депутат, мемлекеттік қоғамдық жұмыстарды белсенді атқарған осы ауданның тумасы болған азамат. Тағы бір Жүргенов пен кездескен жерлесіміз Темекеңнің шапағатын көрген кісілердің бірі ауданымыздың белгілі азаматы марқұм еңбек, соғыс ардагері Байтөреев Мәдібай Баймаханұлы болатын. Өзінің естелігінде Мәкең былай деп еске алады. Отызыншы жылдардың екінші жартысында мектепті ойдағыдай бітіріп, Алматыдағы КАЗГУ-дың физика-математика факультетіне оқуға түстім. Бұл кезде елде қуғын-сүргіннің ала-сапыраны басталып, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдерінің басына қара бұлт үйіріліп жатқан кез болатын. Менің де артымнан атасы болыс болған деген арыз түсіп, оқудан шығарылдым. Сол кездері Темірбек Жүргенов мәдениет және ағарту саласының халық комиссары еді. Комиссариаттың ғимараты университеттің жанында болатын. Біздер ол кісіні жиі көріп тұратын едік. Енді неде болса сол кісінің алдына баруға бел будым. Комиссариаттың хатшылығына тізіліп, қабылдауында болдым. Темекең мені жақсы қабылдады. Өзімнің қай жақтан не үшін оқудан шығарылғанымды баяндап бердім. Ол кісі сабырмен зер салып, мұқият тындап отырды. Оқуың еліміз үшін бүгінгі заманның ғылымымен ағарту саласына қажетті мамандық екен. Сен қазіргі қоғамда болып жатқан ағымдардан аулақ болып, оқуыңды университет жанындағы жаңадан ашылған педагогикалық жұмысшы жастар бөліміне ауысып, сонда жалғастыр. Мүмкін тегіңді өзгертерсің деп ағалық кеңес берді. Мен солай жасадым деп еске алған естелігінде Мәкең. 
Жоғарыда баяндалған жәйіттер Темірбек туралы екі-үш жерлестерінің естеліктері. Ал халқының жарық жұлдызындай болып дүниеден өткен Тимекең туралы әлі де бізге жетпеген өмір деректерін зерттеп оны оқырмандарға хабардар ету жерлестері біздердің ісіміз болу керек.

Рысбай Кәрімов
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<