Наурызға тілек, ақ бата

1438

0

Биссмилләһир рахманирр-рахим

Ете гөр, Тәңірім рахым!

Уа, Аралдық бауырлар,

Үлкен-кішің, бәрің бар,

Арманы асқақ ағайын,

Сөзіме құлақ салыңдар!

Наурыз күні шаттанып,

Сендерді көріп рухтанып.

Қайраткері өнердің,

Мұрат сынды шебердің

Ақ батасын берейін,

Шын көңілден ақтарып!

Жүздеріңнен нұр кетпесін,

Жүректеріңнен жыр кетпесін!

Теңіз-анам толысып,

Төрт түлігім жарысып,

Жерімізге дән көктесін!

Жақын болып алысың,

Баянды болып табысың,

Шаттық күйі тербесін!

Тәуелсіз Елім еңселі,

Жастарым берік, белсенді,

Қазағым биік өрлесін!

Жаңа жылым құт болып,

Қазаныма ақ толып,

Төрт-түлігім семізден

Тусын түгел егізден!

Ұлыс күні оң болсын,

Ақ тілегім жол болсын!

Ырыс толып әр үйге,

Дастарханың мол болсын!

Қолға тиіп өрдегің,

Түгел болсын төрдегің!

Бірлік туын нық ұстап

Аман болсын ерлерім!

Індеттен мынау антұрған,

Күн туар мүлде құтылған!

Осы айтқан батам бар болып,

Жаратқан Аллам жар болып,

Жақсылық төксін өрнегін!

             Әумин!

Мұрат СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені, «Халық алғысы» медалінің иегері, күйші-композитор, ақын-жырау

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<