Жол үстінде жомарт отырар

1706

0

Бізден заманы бөлек Сәдір атамыздың әпсанасы халық аузында қалған өнегелі сөз. Сәдір кім еді? Ол кісінің елге жаққан қызметін айтып, еске түсіру үшін әңгімені әкесінен бастайық.

Сәдірдің әкесі Көбек шамамен 1835 жылдары Сырдың бойында Хиуа бегі Бабажан билік еткен тұста өмірге келген.

1842 жылы Кіші жүз батырлары Жанқожа мен Ақтан батыр бірігіп, Бабажанның бетін қайтарғаны тарихтан мәлім. Мұнан кейін Сыр бойына Орынбор генерал-губернаторы В.А.Обручевтің, Самара генерал-губернаторы В.А.Перовскийдің көз тіге бастауынан Кіші жүз рулары қоныстанған Арал-Қазалы аймағында әлсін-әлсін дүрбелең туып отырған. 

1860 жылы Жанқожа батыр қайтыс болады. Міне, осы тұста Арқа мен Сырдың оңтүстігінен  ержүрек жігіттер атқа қонып, өктемдік еткен өзбектің, қонысын кеңейтпек болған қарақалпаққа қоса түркімен барымташыларының да басымсынуына қарсы тұрған Кіші жүз ағайындармен тізе қосқан.

Сол кезде Қыпшақтың Көкмұрын аталығынан шыққан жас Көбек те ежелгі Жанкент жерінен жауларды түре қуған батырлар қатарында болған. Сөйтіп, ол Кіші жүз руынан қыз алып, Қазалы жерінде тұрақтап қалған. Сол некеден Сәдір, Қадір атты екі ұлы дүниеге келген. Алайда, Көбек кезекті  бір жорық үстінде қаза табады.

Жергілікті ел Қыпшақ Көбектің батырлығына риза болып, ол қайтыс болған жерді «Көбек» деп атап кетіпті. Қазіргі Қазалы ауданындағы «Көбек» аталатын теміржол бекеті сол Көбектің аты еді дейді көнекөздер. Дегенмен, ол «Көбек» Төртқараның Жалаң аталығынан шыққан Көбек батырдың аты деушілер де бар. Ақиқатын дендеп зерттеушілер айта жатар. Біздің білетініміз халықтың өзі сыйлап, құрметтеген адамын мәңгі есте қалдыруды ойлайтыны анық.

Ері қайтыс болған соң ақылды анамыз «ендігі күнімді сендерге арнадым» деп екі баласының өз ататегінің ортасында өсуін ойлап, Көбектің туған жері, қазіргі Қызылордадан шығысқа қарай 25 шақырым жердегі Бірқазан маңындағы Қыпшақтар ішіне кету ойымен бір керуенге ілескен. Алайда, тағдыр тәлкегі бұл екі баланың тұз-дәмін өзбек жерінен бұйыртыпты. Керуен тағдыр екі баласымен ерген келіншекті өзбек жеріне бірге алып кетсе керек.

Сәдір жеті жасында-ақ ұсталық үйренген. Үйренейін деп үйренбеген, түсінде ақ сақалды шал оның қолына төс пен балға ұстатыпты деген әңгіме бүгінгі ұрпақтарына жеткен. Сөйтіп, Сәдір бала күнінен ауылдың көрік басып, құрал-сайман соғатын ұсталарының қасында жүрген. Ал, Ташкентке барған соң егіншілікті, диқаншылықты меңгеріпті.

Сәдір жасы жиырмадан асқанда анасымен бірге елге қайта келеді, Қадір сол жақта қайтыс болған. Ол келген соң малы көптермен бірге ілесіп жайлау мен қыстауға көшіп-қонып жүретін жалпы жұртты отырықшылыққа үндеді. Егін егіп, диқанға керекті – кетпен, күрек, орақ, соқа секілді саймандарды өзі соқты. Мыңғырған малдылар енді отырықшы диқандарға тәуелді болды. Олардан астық пен көкөніс сатып алды. Сөйтіп, малшы, жалшы болып жүргендер де қоңданды.

Бұл – Сәдірдің туған еліне жасаған бірінші қызметі. Әкесі ел қорғаған батыр еді, баласы да елшіл азамат болды.

Сәдір 1910 жылдары Сырды көктеп өтетін әйгілі Жібек жолы бойынан сарай салып, сол тұстан жолаушылаған керуеншілерге қызмет жасаған. Қазіргі «Сәдір сарайы» аталатын орын – осы. Ол Қызылордадан солтүстік шығыс бағытымен Жезқазғанға қарай шығатын тас жол бойындағы 35-ші шақырымда тұр.

Сәдір бала күнінде жүрген ескі Жанкенттен Ақмешітке дейінгі керуеншілер жолын жақсы білгендіктен өзінің қызмет көрсету үшін тұрғызған сарайын Ақмешіттің ішінен емес, одан 35 шақырым сырттан салған. Демек, біраз деректерде айтылып жүргендей емес, Жібек жолы қазіргі Қызылорданы сырт айналып өткенді-ді. Мұны осы Сәдір соққан сарайдан анық аңғаруға болады.

Ал, Сәдір сарайы қандай еді?

Сәдір сарайы қам кесектен тұрғызылып, төбесі қыр арқа етіп көтерілген. Он екі терезесі, екі кірер есігі болған. Ішіне 60-70 адам еркін сыйған. Оның айналасынан бірнеше құдық қазылып, тал-терек егіліп, көлеңкелі алқап жасалған. Сарай маңындағы үлкен жем-шөп қорасында арнайы сарай қызметшілері жолаушылар тамақтанып, дем алғанда олардың ат-көліктерін жемдеп, суарып, суытқан.

Ол негізінен Жібек жолымен жүруші керуеншілер болсын, мейлі, басқа жолаушылар болсын, олардың өз сарайында қона жатып, ат-көлігін тынықтыруға жағдай жасаған. Қазіргі тілмен айтсақ, жолаушыларға сервистік қызмет көрсеткен. Бұл үшін ол кесіп ақы алмаған. Жолаушылар тынығып, ас жеген ақыларын өздері кейде ақшалай, кейде малдай беріп кетіп отырған. Тіпті сол жерге қона жатып кететін ұры-қарылардың өзі Сәдірдің пейіліне риза болып, ақы төлейтін болған. Осы дүниелерді Сәдір жетім-жесірлерге жұмсаған.

«Сәдір сарайының» даңқы осылай артқан.

Кеңес үкіметі орнаған кезде «Сәдір сарайы» колхоз болған. Өйткені Сәдірдің маңына қоныстанушылар көп еді. Сол колхозда мектеп, дәрігерлік пункт, пошта үйі жұмыс істеген.

1938 жылы «Сәдір сарайы» таратылып, бөлініп-бөлініп, Сұлутөбенің маңындағы «Құмсуат», «Ким», «Бірлестік» колхоздарына қосылған. Бұл колхоздар 1950 жылы тағы біріктіріліп, Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхоз, сосын совхоз болған.

Осылайша, елінің болашағына баспалдақ саламын деп терін төгіп, өмірін сарп еткен Сәдір Көбекұлы деген азамат дүниеден өткен.

2009 жылы Сәдір сарайының тарихи орнына белгілі кәсіпкер Бағылан Манарбаев күмбезді белгі орнатып, жерін суландырып, қасиетті өлкеде отырып мал бағамын деген адамға үй салып берді.

Бұл есімдерді келер ұрпақтың қастерлеп өтері анық. Себебі, сөзімізге арқау болған екі тұлға да туған жер топырағына киесін қалдырған аталарымыз еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<